Қазақтың жерін жоңғарлармен болған ұрыстарда қорғаған баһадүр, Абылай хан ерлігін бағалаған ержүрек батыр Малайсарының есімін ұлықтау – елдің өткеніне бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз. Егемендік алған еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалатын қазіргідей уақытта жастардың бойында патриоттық сезім оятатын жерімізді қорғап қалған батыр бабалар жолының ғибраты керек-ақ.
1741 жылы Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сұлтанды жаудан қорғау жолында жоңғарға қарсы аттанған қазақ қосынын Малайсары батыр бастап барады. Жоңғар қоңтайшысы Қалдан-Серенге қасқайып қарсы тұрып батыр Абылайды тұтқыннан құтқарып алады. Батырдың Тархан шенді биік дәрежелі атағы бар. Малайсарының қарындасы Гауһар батырдың Қабанбай баһадүрдің жары болғаны белгілі. Міне, өткеннің бізге жеткен парақтары осылай сыр шертеді. Батыр Жетісу жерінде, Жоңғар Алатауының батыс жотасына жерленеді. Қазір бұл жота Малайсары жотасы деп аталатын көрінеді. Ал, біздің облыстың Май ауданының жерін батырдың тұқым-жұрағаттары қоныс еткен екен. Ауданда Малайсары батыр атындағы ауыл бар. Ғалым Жамбыл Артықбай жазған шежірелі тарих бойынша Сырым балалары қазақ-жоңғар соғыстарының кезінен Қарқаралы-Едірейден бастап осы қазіргі Май ауданы орналасқан Ертіс жағалауын мекендепті. Жуырда Ерлан Арын басқаратын Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің ғылыми кеңес мүшелеріне Ресейдің Түмен облысынан жақсы хабар келді. Сондағы кеме жасау зауытынан жасалып шыққан жаңа теплоход Ертіс өзеніне түсіріліп, сапарларын бастамақшы екен. Осы елдің су-көлік саласын басқаратын министрлігінің су кемесіне қазақша атау беру жөніндегі ұсынысына ғалымдардың бірауыздан келісіп жазған Малайсары тархан есімін беру жөніндегі өтініштері қабыл алынды. Батыр атындағы алып кеменің Ертіс бойымен жүзіп бара жатқанын көргеннің өзі елі үшін қорған болған бабамыздың аруағы алдында ақталған мың парыздың біреуі ғана болар.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.