“Алтын бала” дегеніміз, ол – Қуат Есенов, облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейдің түлегі. Математика пәнінен жұлдызы жанған жас. Қуат Американың Массачусетс университетін бітіріп, қазір сол жақта оқуын әрі қарай жалғастыруда.
Ал, осы “Алтын баланың” ұстазы дегеніміз ол – Давид Ганелин, физика-математикаға қабілеті жоғары балаларды оқытып, дайындап шығаратын атақты мұғалім. 2003 жылы Елбасының Жарлығымен ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі ескеріліп, “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Бұл мектепке оқуға келетін оқушылар үлкен таңдаудан, сынақтан өтеді. Көпшілігі Қуат сияқты Ганелиннің атақты шәкірттерінің бірі болғылары келеді. Лицейде оқып жүрген кезінде Қуат Жапонияда өткен халықаралық олимпиададан алтын медальмен, ал Нью-Йорк пен Шотландияда өткен жарыстардан күміс медальмен оралды. Дарынды балаларға арналған мектеп-лицейде оқушыларға математика-физика пәндерінен сабақ бере жүріп, Ганелин қолы сәл босай қалғанда оқулықтар жазумен де айналысып жүр. Бар арман-мақсаты – математикаға, физикаға аса қабілетті оқушылардың дарындарын шыңдап, халықаралық олимпиадалық жарыстарда еліміздің атын әлемге таныту. Бұл күндері шәкірттері Америкада оқитын, математика пәні бойынша еліміздегі үздік олимпиадалық мектеп болып табылатын №8 лицейдің мұғалімі Давид Ганелин үшін биылғы жаңа оқу жылы әрі қуанышты, әрі табысты басталды деуге болады. Ұстаз еңбегі ақталды. Жуырда болып өткен дәстүрлі тамыз мәслихатында Давид Ганелинге, облыс орталығындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Роза Қасымжановаға және Шарбақты ауданы Жылыбұлақ жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімі Сұлушаш Қалдыбаеваларға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев “Жигули” жеңіл автокөлігінің кілттерін тапсырды.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.