02 Қыркүйек, 2010

Оюмен айтқан қыз сыры

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы Достық үйінің залында ерекше көрме ашыл­ды. Ондағы шығармалардың барлығы да тек оюдан тұрады. Жас талап суретші Қарлығаш Шоңова өзінің айтар ойын да, сырын да тек ою тілімен жеткізіпті. Халқы­мыз­дың ежелгі өнерін Қарлығаш шығармашылықпен жаңғырта отырып, оюмен образдар жасайды, ой айтады. Суретші-шебер әр шығармасына ат қойған, ол “Аққу-арман”, “Жылдың төрт мезгілі”, “Құс­мұрын”, “Шаянбас”, “Қуа­ныш”, “Жаңа сырмақ” болып жалғаса береді. Қарлығаш Шоңова Қостанай өңірінде өнерге келген ең жаңа есім болып саналады. Облыстық телера­дио компаниясында режиссер бо­лып істейтін Қарлығаштың мұндай өнерінен әріптестері де хабарсыз болып шықты. Үлкен істі үндемей жүріп бітірген бойжеткен әріптес­терін көрмесіне шақырғанда бір-ақ білді. Мектеп қабырғасында сурет салуды, тігін тігуді ұнатса да Қар­лығаш бухгалтер мамандығын алған болатын. Кейінірек тележурна­лис­тикаға ықыласы ауыпты. Бірақ бала кездегі әдетімен ол жұмыстан бос кезінде қолына қалам алып сурет салуды, тігін тігуді тастамаған екен. Осының барлығы да өнерге деген ынтызарлық екенін Қарлығаш ау­ылдас ағасы, қолөнер шебері, су­рет­ші Мұхаметқали Рахалиевтің шағын шеберханасына барғанда бір-ақ тү­сінді. Мұхаметқалидың домбыраға, қобызға, сандыққа ойып салған оюы оны ерекше қызықтырды. – Қарлығаш менің шеберха­на­ма осыдан үш жыл бұрын келген еді. Біраз уақыт өткеннен кейін ма­ған келіп, өзінің салған, ойған оюын көрсетті. Оның бойындағы та­лант ұшқынын бірден байқадым да, мұны тастамауға, дамытуға кеңес бердім. Қарлығаш шеберлігінің әр шығарма сайын өсіп отырғаны қуантады. Ол арнайы кәсіптік білім алмаса да, бояулардың сәйкестігін, гаммасын сақтап отыруды жақсы біледі, – дейді Мұхаметқали Рахалиев. Осы көрменің ашылуында сөз алған белгілі ақын Серікбай Ос­па­нов және тағы басқалар Қарлығаш­тың ұлттық өнер арқылы ой айта білгенін жоғары бағалап, оның шығармашылығына табыс тіледі. – Қарлығаш оюларын әкеп көр­сеткенде біз оған бірден Консти­туция күніне арнап көрме ұйымдас­т­ыруға ұсыныс жасадық, – дейді облыстық көркемсурет галереясы­ның меңгерушісі Сая Нұрлыбаева. – Өйткені, ою халқымызбен бірге жасап келе жатқан, қазақтың дарқан даласын, мінезін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін ежелгі өнер. Ал Қарлығаш осы ежелгі өнер арқылы тәуелсіз еліміздің бүгінін жырлайды. Оның ойған оюынан асқар таудың, даланың, көк туы­мыз­дай аспанның, көл мен өзеннің, алтын астықтың, жайнаған гүлдің бейнесін, бояуын көреміз. Алғашқы көрермендері алдында сөз алған жас суретші-шебер бұл өнерді алдағы уақытта жаңа қы­рынан дамыта беретіндігін айтты. Көр­меге Қарлығаштың қырықтан ас­там шығармасы қойылған. Нәзік­тік пен салмақты ойды оюда то­қай­ластырған көрмені қостанайлықтар бір ай бойы тамашалайтын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.