02 Қыркүйек, 2010

Қазақстанның даму жолын дәйектеген

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордадағы Ұлттық ака­демиялық кітапханада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы сарапталған “Стратегический план-2020: Казах­станский путь к лидерству” еңбе­гінің тұсаукесер рәсімі өтті. Тұ­сау­кесер салтанатына арналған бас­па­сөз мәслихатын белгілі ресейлік саясаттанушы, Ресей Федерациясы Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі ди­ректоры Юрий Солозобов жүргізді. Ю. Солозобов өз сөзінде атал­ған еңбекте Қазақстан Президен­ті­нің қазақ мемлекеттілігінің қа­лып­тасуында алатын орны жөнінде жан-жақты ой тарқата келіп, кі­таптың ерекшелігіне тоқталып өтті. “Қазақстан Прзидентінің халыққа Жолдауы Қазақстанның өз ішінде ғана емес, шетелде де кең көлемде талқыланып, көптің ықыласына ие болды. Бүгінгі кітап – соның бір дәлелі. Қазақстан көпэтносты және көпконфессиялы қоғам құру ар­қылы өзінің тұрақты даму жолына түсті. Ал биылғы жылдың қаңтар айындағы Жолдау Қазақстанның әлеуметтік, нарықтық және демо­кратиялық тұрғыдағы дамуының жаңа кезеңін айқындап көрсетеді”, деді Ю. Солозобов. Көпшіліктің назарына ұсыныл­ған еңбек 6 бөліктен тұрады екен. Оларда Қазақстан экономика­сы­ның өрлеуі, елдің модернизация мен жаңа индустрияландыру бағы­тына қадам басуы, “Қазақстан стра­тегиясы – 2020”, Қазақ елінің ТМД кеңістігіндегі орны, мемле­кет­тегі адам капиталының дамуы және ең алдымен Нұрсұлтан На­зар­баевтың басқарушылық қарымы мен тұлғалық болмысы сан қы­рынан көрсетіліпті. Тағы бір атап өтерлігі, бұл ұж­ымдық еңбектің авторлық құрамы Дмитрий Андреев, Анатолий Бар­ковский, Александр Дугин, Михаил Виноградов, Сергей Евстратьев, Валерий Хомяков сынды Ресейдің белгілі экономистері мен тарих­шы­ларынан, саясаттанушы ғалым­да­рынан тұрады екен. Олар өз кезе­гінде еліміздің 2020 жылдарға дей­ін­гі даму бағытын айқындап берген “Жа­ңа онжылдық – жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Прези­дент Жолдауына тереңнен сара­п­тама жүргізуге тырысқан. Юрий Солозобов өз сөзінде еңбекке өз қол­таңбасын қалдырған кейбір ав­тор­лардың пікірін оқып берді. Мә­се­лен, Саяси ғылымдар академия­сы­ның академигі, саясаттанушы Сергей Бирюков Н. Назарбаевтың елді индустрияландыру жөніндегі жаңа тұжырымдамасын “шын мәнісіндегі стратегиялық бастама” деп көрсетіп, Елбасының мемлекет басқару кезіндегі көне мен жаңаны, ұлттық дәстүр мен әлемдік тәжі­рибені шебер үйлестіру мәнерін жоғары бағаласа, ал Жаһандану мәселелері жөніндегі институт директоры, экономика ғылымдары­ның докторы Михаил Делягин Жолдауды оқи отырып, қазақстан­дықтардың өмір сүру сапасына, елдегі адам әлеуетіне айрықша мән беріліп отырғанына көз жеткізуге болатынына, бұл – Елбасының мемлекет басқарудағы басты ұста­нымдарының бірі екендігіне тоқталып өткен екен. Тұсаукесер рәсімі кезіндегі тағы бір сөзінде Юрий Солозобов “бұл ең­бектің Ресейдің Қазақстан мем­ле­кетінің дамуына айрықша мән беріп, елдің әрбір қол жеткізген жетістігіне шынайы ниеттестік танытуының бір көрінісі” екендігін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.