Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Атамекен” Қазақстан картасы” этномемориалдық кешенінде болып, ондағы Конституцияның 15 жылдығына орай ашылған жаңа диорамалық павильонды аралап көрді.
“Мыңжылдықтар тоғысындағы Қазақстан” деп аталатын диорамалық павильон этномемориалды кешен экспонаттарының арасында өзінің қайталанбас орнымен ерекшеленеді. “Диорама” сөзі грек тілінен аударғанда “көрініс”, “оқиға” деген мағынаны білдіретіндіктен, бұл жерлерде Еуразия аумағын мекен еткен ежелгі адамдардың қоныстануынан бастап, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан дәуіріне дейінгі ел тарихының маңызды кезеңдері көрініс тауыпты. Сол себепті де, жарты шеңбер түрінде иілген бұл картиналар жұртшылыққа оқиғаның тап ортасында жүргендей әсер қалдырады. Яғни, ұсынылған әрбір диорамада әр дәуірдің ерекшелігі бейнеленіп, сол кезеңнің рухы айқын сезіледі.
Мәселен, Алтын Орда дәуірінен, қазақ халқының қалыптасу кезеңінен, Қазақ хандығының өркендеу және гүлдену дәуірінен, қазақ-жоңғар соғысы мен Қазақ КСР-інің құрылу кезеңінен, Ұлы Отан соғысы жылдары мен панфиловшылар ерлігінен, Тәуелсіз Қазақстанның құрылу уақытынан сыр шертетін көріністердің әрқайсысының “өз айтар ойы” бар. Ал тәуелсіз Қазақстан жылнамасының айшықты символына айналған жас елорда – Астананың қалыптасу және даму тарихы экспозицияны тамашалауға келген жандарға өзгеше әсер сыйлары сөзсіз.
Этномемориалды кешен мамандарының айтуынша, мұндай бастамалардың мақсаты – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, сол арқылы ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына ықпал ету, тарихи-мәдени мұра мен рухани құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен сусындату. Бұл павильонды құрастыру үшін Қазақстанның Ә.Қастеев, К.Әжібек, А.Дүзелханов, К.Ахметжанов, О.Жұбаниязов, К.Баранов, Д.Үстеміров сынды белгілі суретшілерінің туындылары пайдаланылған екен. Олар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының дизайнерлік тобымен толықтырылыпты. Бұған қоса, К.Ақышев, Б.Аяған, А.Төлеубаев, З.Самашев, Т.Жұмаханов, Т.Садықов, Г.Ган, А.Әбдіәкімов, Ш.Күмісбаев сынды еліміздің көрнекті тарихшы, археолог, этнографтарының еңбектері де диорамалық көріністерге арқау болған.
Президент Н.Назарбаев этнокешенді аралау барысында ел тарихының елеулі кезеңдеріне арналған осы экспозицияларды тамашалап, сондай-ақ, елорданың сол жақ жағалауының макетімен танысты.
“Атамекен” Қазақстан картасы” этномемориалдық кешенінің жаңа бөлігін көргеннен кейін Мемлекет басшысы Астана қаласының 11 сынып оқушыларымен және “Атамекен” патриоттар клубының мүшелерімен кездесті. Мектеп оқушылары Елбасына өнерге, спортқа, саламатты өмір салтына, білім саласына қатысты өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Олардың арасында “Сізге қазақтың қандай күйлері ұнайды”, “Мектепте оқып жүрген кезіңізден есіңізден кетпейтін бір оқиғаңызды айтып берсеңіз?”, “Біздің елімізде болашағын спортпен байланыстырғысы келетін жастар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?” – деген сан алуан сауалдар да болды. Мемлекет басшысы өз кезегінде жастарға өмірде алда болуға, өздерінің алдына қойған мақсаттарына жетуге, осы жолда айрықша табандылық танытып, өмірден өз орындарын табуға тілектестігін білдірді.
– Бүгінде “Болашақ” бағдарламасы көптеген жасқа үлкен мүмкіндік ашуда. Тек қана Астанада 80 мектеп бар. Олардың басым көпшілігі Астана құрылғаннан бері салынды. Жақында халықаралық университет бой көтерді. Интеллектуалдық мектептер салынуда. Оларға еліміздің талантты деген жастарын жинап, оқытатын боламыз. Яғни, еліміз қолға алған бұл бастамалардың барлығы тек сендердің болашақтарың үшін жасалып жатыр. Әркімнің өзіне тән қабілеті болады. Сондықтан әркім өзінің жолын табуы қажет. Қазіргідей бәсекелі заманда бәсекеге қабілетті азаматтар болып өсулерің қажет, – деді Н.Назарбаев.
Осылай дей келе, Мемлекет басшысы жастарға оқуда табыс, өмірде денсаулық пен сәттілік тіледі. Ал мектеп оқушылары ел жастарының әрбір қадамына қолдау көрсетіп жүргені үшін Елбасына өз алғыстарын жеткізді. Кездесу соңында олар Президентке Астана қаласының келбеті бейнеленген картинаны табыс етті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.