03 Қыркүйек, 2010

Ақжайықтан ескен ән самалы ақтөбеде қалықтады

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы “Достық” үйінде Батыс Қазақстан облысының өнер шеберлерінің ұсынуымен өткен “Ақжайық — ән өлкем” атты әдемі кеш ақтөбелік көрермендердің кө­ңілінен шықты. Алаштан ән оздыр­ған Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, дәулескер күйшілер Дәулеткерей, Дина сияқты небір дүл­дүлдер дүниеге келген өңір өнер­паздарының өресі биік өнерін тама­шалауға ақтөбеліктер көп жиналды. “Достық” үйінің үлкен залы кө­рермендерге лық толды. Залда ине шеншар жер болмауының өзі ха­лық­тың ұлттық өнерімізге шөліркеп қалғанындай әсер етті. Екі облыстың мәдениет басқар­ма­ларының келісімімен Батыс Қа­зақстан облысының шығармашы­лық ұжымдары және өнер қай­рат­керлері, барлығы 170 адамнан құ­ралған үлкен топ ұсынған кеңей­тіл­ген концерттік бағдарламаны ақ­тө­беліктер мен бірге көршілес Батыс Қазақстан және Ақ­­­төбе облыс­та­рының әкімдері – Бақ­тықожа Із­мұ­хамбетов пен Елеу­сін Сағындықов та тамашалап отырды. Әдемі кештің шымылдығын Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Қырымгерей Қажымовтың ди­рижерлік етуімен Дәулеткерей атын­дағы халық аспаптар оркестрі Құр­манғазының “Балбырауын” күйімен күмбірлете ашты. Одан соң сахнаға көтерілген халықаралық байқау­лардың лауреаты Ақмарал Ахметова “Азаттық әні — Махамбет” әнін ас­қақтата шырқап, халықтың патриот­тық рухын бір көтеріп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бер­діғалиев жерлесіміз Ғазиза Жұ­банованың “Жыр жазамын жүре­гім­нен” әнін нақышына келтіре ор­ын­­дап, халықтың ду қол шапалақ­тауы­на ие болды. Ал Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Жұмағаным Рақымова Латиф Хамидидің “Бұл­бұл” әнін тамылжыта орындаған кез­де күміс көмейден төгілген әсем дау­ыс пен орындаушылық шебер­лік­ке сүйсінбегендер кемде-кем. Сон­дай-ақ кештің ең кішкентай өнер­па­зы – Бөкей ордасы ауданынан кел­ген төртінші сынып оқушысы Нұ­р­ғи­са Төлегенов “Ана” әнін орындап, көрермен көзайымына айналды. Кештің соңында толық құрамда сахна төріне көтерілген оралдық өнер шеберлері композитор Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнін асқақтата шырқады. Әдемі кештің әсері баураған ақтөбеліктер дуылдата қол соғып тұрып алды. Осы сәтте Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов сахна төріне көтеріліп, көрші облыстың өнер шеберлеріне алғысын айтып, Ғарифолла Құр­ман­ғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясына ақтө­бе­ліктер атынан шетелдік шағын автобусты сыйлады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.