Елбасы жақында ғана өндірісті өңірге жұмыс сапары кезінде атбасын тіреп, ізденістері мен іргелі істеріне оң баға берген Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде есте қаларлық ерекше оқиға болды. Ақтауға Ресейдің әлемге әйгілі жоғары оқу орны – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик В.Садовничий келді. Ол өңірдегі бірден-бір халықаралық университет бола бастаған оқу орнында ұстаздармен, студенттермен әңгімелесіп, университет ректоры Ә.Әбжаппаровпен өзара байланыстар жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Онда жас оқу орнында профессорлық-оқытушылық құрамды қалыптастыру, ғылымды дамыту, білім берудің заманауи технологияларын енгізу, Мәскеу университетінде өтетін халықаралық форумдарға қатысу жұмыстарына мүмкіндік жасалатындығы көрсетілген. Сондай-ақ, осынау ынтымақтастық аясында мұнайлы өңірдегі дарынды балаларға да қолдау мен қамқорлық көрсетілетіндігі көңілге қонады.
Жоламан БОШАЛАҚ, Ақтау.