03 Қыркүйек, 2010

Әріптестік әлеуетін әдіптеген әңгіме

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Ны­ғматулин Қытай Коммунистік пар­тиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің хатшысы Лю Юнь­шань бастаған Қытай Комму­нис­тік партиясы делегациясымен кездесті. Кездесу барысында тараптар “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясы мен Қытай Ком­мунистік партиясы арасындағы ынтымақтастық, партияаралық байланысты одан әрі дамыту мә­се­лелерін әңгіме өзегіне айнал­дырды. Нұрлан Нығматулин өз сөзінде Қазақстан Президенті, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың партия ал­дына қойған негізгі міндеттері мен тапсырмалары, еліміздің әлеумет­тік-экономикалық өмірінде пар­тия­ның жүргізіп отырған саясаты, партияаралық байланыс пен “Нұр Отанның” жаңа бағдарламасы қабылданатын алдағы XІІІ  съезі төңірегінде жан-жақты әңгімеледі. “Қытай мен Қазақстан ара­сындағы қарым-қатынас соның ішінде партияаралық деңгейде де өте қарқынды дамып келеді. Бұл ең алдымен біздің Көшбасшымыз, Қазақстан Президенті, “Нұр Отан” ХДП-ның Төрағасы Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Қытай Ха­лық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы Ор­талық Комитетінің бас хатшысы Ху Цзиньтаоның достық қарым-қатынасының нәтижесі деуге болады. Ал екі партия арасындағы әріптестік байланыс туралы айтар болсақ, ол, әрине, 2009 жылы қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес жүйелі түрде дами береді”, – деді Н.Нығма­тулин. Ал Лю Юньшань өз кезегінде екі ел арасындағы байланыстың қарқынды түрде дамып келе жат­қан­дығын атап өтті. “Қазақстан дүние жүзінің беделді ұйым­дары­мен жоғары деңгейде әріптестік қатынас орнатып үлгерді. Со­лардың ішінде Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымы аясында көтеріліп жатқан батыл бастамаларды ай­рықша айтуға болады”, – деді Лю Юньшань. Кездесу соңында тараптар аймақтық партиялық құрылымдар арасындағы байланысты нығай­туға, жастардың ресми сапарларын ұйымдастыруға, партиялық талдау мен зерттеу ұйымдары арасында тікелей әріптестік орнатуға, сондай-ақ, кәсіби партиялық кадрларды дайындауда тәжірибе алмасуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.