Кеше Астанада ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер Әділет министрлері кеңесінің 15-ші отырысы өтті.
Қазақстан Республикасының Әділет министрі Р.Түсіпбеков ЕурАзЭҚ-тың құрылғанына 10 жыл толғанын, сондықтан ол үшін 2010 жылдың мерейтойлық жыл екенін атап өтті.
Отырыста сот сарапшыларын халықаралық стандарттарға сай аккредиттеу, сот-сараптама мекемелерінің өңіраралық ассоциациясын құру, сол сияқты азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету және сот актілерін орындау мәселелері қаралды.
Қылмыстық атқару жүйесінің кәсіби кадрлық құрамын қалыптастырудың маңыздылығын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасы атынан ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің оқу орындарында қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен органдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімге қол қойылды. Ресейлік делегация аталған келісімге қосылуға дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.