03 Қыркүйек, 2010

Күншығыс елі өкілімен кездесті

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ТМД елдерімен танысу аясында Қазақстанға келген Жапония Парламенті Өкілдер палатасы (төменгі палата) Халықаралық істер жөніндегі комитетінің Төрағасы Мунеэ Судзукимен кездесуі болды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен бола­ша­ғын, екі елдің халықаралық бір­лес­тіктер шеңберіндегі ықпал­дас­тығын, сонымен қатар, қа­зіргі заманғы халықаралық қа­ты­настарды, соның ішінде Орта­лық Азиядағы жағдайды, қор­ша­ған ортаны қорғау мәселелерін талқыға салды. Осы орайда Қ.Саудабаев жа­қында болған Жапония Сыртқы істер министрі Кацуя Окаданың Қазақстанға ресми сапарын және “Орталық Азия+Жапо­ния үнқатысуы” кездесуін жоғары бағалады. Қауіпсіз әлем ғаламдық мә­се­лесін көтере отырып, тараптар ядролық қарусыздану және бей­біт атомды дамыту салаларында өзара ықпалдасу жөнінде пікір алмасты. Осыған орай қа­зақ­стан­дық СІМ басшысы қайғылы кезеңді еске алды – осыдан 65 жыл бұрын Хиросима және Нагасакиге ядролық бомба тас­тал­ған болатын. Мемлекеттік хат­шы 40 жылға созылған Семей полигонындағы ядролық сы­нақ­тардан миллиондаған отандас­та­рымыз жапа шеккендігін атап өтті. Өз кезегінде жапондық Пар­ламент мүшесі біздің еліміз­дің жаһандық қауіпсіздікті ны­ғайтуға қосып отырған үлесі ауқымды екенін айтып кетті. Тараптар ядролық қарудан ада әлем құру мақсатында екі ел күштерін біріктіру қажеттігіне тоқталды. Халықаралық ұйымдар фор­ма­тындағы ынтымақтастықты айта келе Қ.Саудабаев Жапония­ның БҰҰ-ны реформалау жөнін­дегі ұсынысына және Күншығыс елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелігіне енуіне Қа­зақстанның қолдау білдіретінін жеткізді. Сауда-экономика саласын­дағы ынтымақтастықты қозғай отырып, тараптар қазіргі өзара тауар айналым көрсеткіші шын мәніндегі мүмкіндіктерге сай емес­тігін қуаттады. Олардың пі­кі­рінше, осы жылдың күзінде Жа­понияда өтеді деп жоспар­ла­нып отырған үкіметтік және же­ке сектордың бірлескен комис­сия отырысы аталған көрсеткішті жақсартуға септесетін болады.