Кеше Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Кеңесте елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен қоршаған ортаны қорғауда басты маңызға ие болып табылатын 2010-2014 жылдарға арналған “Жасыл даму” салалық бағдарламасы жобалары тағы бір пысықталып, мақұлданды.
Әуелі 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасы жобасы төңірегінде баяндаманы Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков жасады. Ол атап көрсеткендей, мемлекеттік бағдарламаның негізгі стратегиялық мақсаты – азаматтардың материалдық және рухани әл-ауқатын жақсарту, экономиканың тұрақты дамуы үшін баршаға арналған сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды арттыру. Бұл бағдарламада 9 бағытты іске асыру көзделген. Бағдарлама екі кезеңде жүзеге асырылатын болады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды, екінші кезең 2015-2020 жылдарды қамтиды. 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейін үш жылдық бюджеттен бағдарламаны қаржыландырудың қосымша мөлшері мемлекеттік бюджеттен 151 млрд. 159 млн. 213 мың теңгені, оның ішінде 2011 жылы 50 млрд. 627 млн. 776 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ ол кейінгі жылдардың шығыстары мемлекеттік бюджетті түзу барысында қарастырылатындығын айта келе, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру сапалы білімге барлық азаматтардың қолжетімділік жағдайларын жасау арқылы білімді дамытуға серпінді ықпал етеді, деді. Осы орайда вице-министр мемлекеттік бағдарлама бойынша 288 ұсыныс пен ескертулер келіп түскенін және оның 104-і аталған құжатқа енгізілгенін де жеткізді.
2010-2014 жылдарға арналған “Жасыл даму” бағдарламасы шеңберінде баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов аталған бағдарлама Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Елбасының тікелей тапсырмасын іске асыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар ол бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отырғанын, атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының төмендеу пайызы 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға қарай кемінде 5,9 пайызды құрайтынын атап өтті. Парникті газдардың жылдық шығарымдылары көлемінің төмендеуі 2014 жылы 1992 жылға қарағанда 1 пайызға жетпек. Киіктер санының өсуі 2014 жылға таман 10 пайызды құраса, орман отырғызу көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы 2014 жылға қарай 65 мың гектарды құрайтын болады.
Бағдарламадағы жұмыс “жасыл экономиканы” дамыту, қоршаған орта мен адам денсаулығына антропогенді әсерді төмендету, табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру, сонымен қатар қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру сынды төрт бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны жүзеге асыруға 350 млрд. теңге бағыттау көзделуде.
Селекторлық кеңесте Премьер-Министр К.Мәсімов облыстар әкімдерінің орта мектептердің жаңа оқу жылына жан-жақты дайындықтары жайындағы баяндамаларын тыңдады. Сондай-ақ ол Премьер-Министрдің кеңсесіне өңірлердегі орта білім беретін нысандардың жаңа оқу жылына дайындығын тексеру үшін бас инспекторларды жіберуді тапсырды. Үкімет басшысы бас инспекторлар білім беру нысандарын тексергеннен кейін олардың жағдайлары жайында өзіне нақты баяндама әзірлейтіндігін айта келе, одан соң кез келген шешімнің, тіпті кінәлілерді жұмыстан босату туралы шешімнің қабылдануы да мүмкін екендігін ескертіп өтті. Осы ретте Үкімет басшысы жергілікті атқару органдары басшыларына жаңа оқу жылына дайын емес білім ошақтарының дайындығын аяқтауды тапсырды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.