Таиландтың апелляциялық сотының қару саудасымен айналысқан ресейлік кәсіпкер Виктор Бутты АҚШ-қа экстрадициялау туралы қаулы қабылдауы біраз шу шығарды. Шуға, басқаны былай қойғанда, Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың өзі қосылғаны біраз жайды аңғартады.
Бұл жерде өзінің азаматына ара түсіп отырған Ресейдің қадамдарын да артық көрмеуге болғандай-ау. Сол орыстарда “бұл иттің ғана баласы ғой, бірақ біздің иттің баласы” деген сөз бар. Виктор Бут – айтулы, әлемді шулатқан қылмыскер, сөйтсе де ол Ресейдің азаматы. Оны басқа елдің жазалауына беріп қою Ресейге сын. Содан да олар, министрі бас болып, дүрлігіп жатыр.
Жалпы, Виктор Бут деген кім? Оған айып тағылғанына талай болған. Айыптаушылардың басында, АҚШ-ты және басқа да елдерді айтпағанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы тұр. Ресейлік қару саудалаған қарақшы БҰҰ-ның эмбаргосына қарамай, Африкадағы біршама шиеленісті аймаққа қару жеткізген. Бұл ретте Ангола, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Руанда, Сьерра-Леоне, Судан елдері аталады. Сондай-ақ Бельгия үкіметі Виктор Буттың Ауғанстандағы “Талибан” мен “Әл-Каида” лаңкестеріне қару жеткізгені үшін айыптаған.
Осыдан екі жыл бұрын Бут Таиландта ұсталған кезде Ресей ақпарат құралдары оның бұрынғы қылмыстарын атаған еді. Ал қазір оның бірін де айтпай, Буттың айыбы жоқ, оған саяси тұрғыда қысым жасалып жатыр деген жалаң сөзге көбірек жүгінеді. Бұрын бұл кәсіпкердің біраз ұшақтары бар екені, ол түрлі заңсыз тапсырыстарды орындап отыратыны айтылған.
Енді Буттың Таиландта қалай ұсталғанына келсек, онда да біраз дүдәмал жайлар бар. Өзінің айтуынша, ол туристік сапармен келген. Бірақ нақты мақсаты айқын емес. Сонда ол АҚШ арнаулы қызметінің торына түскен. Бут Колумбиядағы экстремистік FARC ұйымының өкілі ретінде кездескен адамға біраз “сырын” ашып қойған. Бұл кездесу, ондағы әңгіме таспаға жазып алынып, кейін дәлел ретінде пайдаланылып отыр. Ол экстремистік ұйымға 800 жер-әуе зымыранын, 5000 АК-47 автоматын, миллион данадай оқ-дәрі, миналар, жарылғыш заттар, сондай-ақ тікұшақтар жеткізіп беруге уәде еткен.
Таиландтың өзі де өте ыңғайсыз жағдайда қалып отыр. Алғашында оның соты да, үкіметі де Бутты ақтамақ ойда болғанға ұқсайды. Бірақ Ресейдің дегеніне көнуге АҚШ-тан аса алмайтындай. Жалпы, БҰҰ-дан бастап, біраз халықаралық ұйымдар, елдер айыптап отырған қару саудасымен заңсыз айналысқан қылмыскерді ақтау да оңай емес.
Бұл елде соңғы шешімді үкімет айтады, ол сот шешімін бұза алады. Бірақ Таиланд үкіметінің өзі ыңғайсыз жағдайға қалатын шешімге баруы қиын-ақ.
Виктор Бут АҚШ-қа жеткізілетін болса, оның өмір-бақи түрмеге қамалу жазасына кесілуі әбден мүмкін.