03 Қыркүйек, 2010

Аймақтағы өрелі істер

574 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өңір өмірі Жастарға жол ашық Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2014 жылға дейін кем дегенде екі есеге дейін ұлғайту жө­нінде міндет қойғаны мәлім. Оны іске асыру жолында жастар­дың іскерлігі мен белсенділігі үлкен арқау болуға тиіс. Абай қаласында осымен жетінші рет өткен ауыл өрендері өкілдерінің форумында аталған мәселе жан-жақты талқыланды. Жастар жиынында облыстық ішкі саясат басқар­масының бастығы Гүлнәрайым Қаңтарбекова ортаға салғандай, өз туған өлкелерін гүл­ден­діруге деген құл­шы­ныс жергілікті қыздар мен жігіттер тарапынан жыл­дан-жылға өсіп келеді. Бұған дейінгідей, қалаларға ағы­лу азайды. “Жол картасы” бағдарламасы бой­ынша ау­ыл­да да жұмыс ауқымы кеңейді. Жеке шаруаны дөң­гелетіп әкетуге мүмкіндік үлкейді. Ауылдар бейнесінің көркейіп, әлеуметтік әлуеті нығаюы жас мамандарды ел ішіне оралуға тартып жүр. Өз ерік­терімен мұндай жолды қалаушылар былтыр 288 болса, биыл қатарла­ры­на 300-ден астам құрбы-құрдастары келіп қосылды. Соңғы уақытта, сонымен қатар тұрғылықты та­лапкер кәсіпкерлердің белсенділігі күшейе түскендігін атау­ға болады. Осы орайда облыс әкімі гранты енгізіліп, берілуі бес жылға айналған бұл шараның ар­қасында біраз азаматтың істері оңғарылуына жол ашылды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнеске араласушы 60 жайнақтың сол ар­қылы алға қойған мақсаттарын ор­ын­дауға қол ұзарды. Абай ауданын­дағы Юбилейный ауылында ойын-сауық орталығын ашқан Жанат Жұмабаев пен Ақтоғай ауданы Қы­зыларай ауылында көлік жөндеу ше­берханасын құрған Ернат Мұқышев секілді орталарына серпін есушілер жер-жерде аз кездеспейді.Тек облыстық емес, аудандық әкімдіктер де кәсіпкерлікке талаптанушыларға жо­ғарыда аталғандай гранттарды беруге дайын. Әсіресе, Абай, Ұлытау аудандарындағы жастар ұмтылысын осылайша қолдау басқа жерлерге үлгілі үрдіс болып жатыр. Форумға қатысушылар “Менің өлкемнің өткені, бүгіні және ке­лешегі” атты тақырыптағы жоба тұсау­ке­серімен танысты. Екі күндік басқосуда олар бір-бі­рімен тәжірибе алмасып, жаңа ой-идеялармен байи түсті. Үйренерлік үлгілі үрдіс Өмірдің оңалуына анық айғақ осы болар, қазір облыста ажары мен бейнесіне сүйсіне қарарлық ауылдар қатары аз емес. Кезінде бар сәнінен айрылып, жүні жұлынған құстай күйге ұшыраған елді мекендердің біразы енді алыстан көз тартады. Нұра ауданындағы Щербаков және Изенді ауылдары солардың шоғы­рында шоқтығы биігі саналады. Біріншісі “Қайнар” ЖШС жетекшісі Сейітжаппар Нығметовтің шаруа­шы­лық шаңырағын шайқалтпай, ты­нысын кеңейту арқасында әлеу­мет­тік әлуеті әлденсе, екіншісі “Отқан­жар” ЖШС басшысы Қанат Отар­баевтың туған, өскен ортасына деген перзенттік парыз-қамқорлығы шапағатына бөленіп көркею үстінде. Осы ауылдардағы игі істермен танысып, үйренуге бүгінде жан-жақтан келушілер көп. Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Орал Жүкібаев пен аудан әкімінің орынбасары Серік Дүйсетаев бас­таған құрамына ауылдық округтердің әкімдері және шаруа қожалықтары жетекшілері қамтылған делегация солардың алғашқысы болды. Жер­гілікті тұрғындардың ауқатты тұр­мысы үшін барлық жағдай жасалған бұл елді мекендер бейнесі көз сүй­сінтерліктей. Изенді тыныс-тір­ші­лігін көркейту ұдайы қамқорлы­ғын­дағы осындағы “Отқанжар” серік­тестігі мешітті, интернат үйін, наубайхананы, Бақ­тияр Артаев атындағы спорт кешенін, жазғы би және балалар ойыны алаңын, қымызхананы, тойхананы өз күштерімен салған. Сонымен қатар бір орталықтан қызмет көрсету орталығында орналасқан кітапхана, пошта, медициналық пункт ауыл көркі. Бүгінде мұнда Мәдениет үйін жөндеу жұмыстары аяқталып келеді. Сондай-ақ Изендідегі көшелер, аулалар тазалығы да қарқаралы­лық­тар назарын аудартты. Олар Щер­баков ауылында “Қайнардың” күш-қаражатымен салынған дәрігерлік амбулаторияны, мейманхананы, қалпына келтірілген Мәдениет үйін аралап көрді. Озат диқандарға, мал­шыларға тұрғын үй тарту етілетін, тұрғындарға отын, жем-шөп тегін таратылатын үрдіс қызықтырды. Өздерінде орналасқан шаруашы­лық­­тардың көмек-қолдауы арқылы гүл­деніп, өркендеген аталған ауыл­дар бейнесін көзбе-көз көру қарқа­ралы­лықтарға үлкен әсер етті. Бұл үрдіс кө­рікті өлке іскер топтарына үлгі болмақ. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы. Ер есімі ескерусіз қалмайды Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері арасында Жұмабек Тәшеновтің есімі ерекше аталады. Қара қылды қақ жарған әділдігінен, шындықты бетке айтқан турашыл­дығынан айнымаған асыл азамат өмір бойы ұлтына, еліне қалтқысыз қыз­мет етті. Кеңестік кезеңнің темір құр­сауында жүрсе де Қазақ елінің тұтас­тығын сақтап қалған күрескер­лік қа­сиеті әлі күнге дейін аңыздай естіледі. Оның саналы ғұмырының біраз бөлігі Қызылжар өңірінде өтті. 1948-52 жылдары Солтүстік Қазақ­стан об­лыстық атқару комитетінің төрағасы қыз­метін атқарған тұстары да ұлтжан­дылық, адамгершілік тұлғасы тіпті ерекшеленді. Алайда, онымен бірге қызметтес болған адамдар, соғыс және еңбек ардагерлері айтулы тұлғаны ұлық­тау, еске алу жөнінде талай ұсыныс жа­са­ғанмен, есімі бертінге дейін ес­ке­рілмей, елеусіз қалып келді. Биыл бас­тама жергілікті билік орындары­нан қолдау тапты. Жуырда ол жұмыс істеген бұрынғы облыстық атқару комитеті ғимаратының қа­быр­ғасына ескерткіш тақта орна­тыл­ды. Оның ашы­лу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, мар­құмның ұлы, тарих ғылымдарыының докторы, Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің про­фес­соры Мұрат Тәшенов, еңбек ардагері Ни­колай Сахаров сөйлеп, мемлекет жә­не қоғам қайраткері жайлы әңгімеледі. Сөз арасында жұртшылықтың облыс орталығындағы №20 қазақ мектебіне Ж.Тәшеновтің есімін беру жөніндегі өтініші тиісті орындарға жіберілгенін айта кеткен жөн. Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл. Жасыл десанттың” жақсы бастамасы Жуырда Шәкәрім атындағы Се­мей мемлекеттік универси­те­тінде елі­міздің шығысында жаңада құрылған “Жасыл десант” атты экспедиция мүшелерімен кездесу өткізілді. Атал­ған экспедицияның құрамындағы жиырма шақты жау­ынгер өзен бо­йымен жеті күндік сапарға аттанып бара жатқандық­тарын мәлімдеді. Олар сапар барысында өзен та­залығын, жағалаудағы топырақ қ­ұ­рамын, ағаштар мен өсімдіктер жай­ын, бір сөзбен айтқанда, жалпы Ертіс бойындағы эколо­гиялық ахуалды зерттеп қайтпақ. Өзен бой­ындағы тазалықтың ешқандай қа­лып­қа сәйкес еместігін баршамыз кө­ріп жүрміз. Бүгінде адамдардың дема­лып отырған жер­лерінде артына қоқыс қалдырып жүре беретіні дағ­дылы іске ай­нал­ғаны өзімізге белгілі. Ал поли­эти­лен пакеттер мен түрлі сусындар­дан босаған бөтелкелердің жылдар бойы жата беретіні, сөйтіп, эко­логияға орны толмас зиян кел­тіретіні айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, олар Семейден өзен бо­йы­мен Катонқарағай ауданын бетке алып жүзіп кетті. Алдағы уақытта мұндай экспедиция дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Жәрдем” қоры көмекке келді Ақсу қаласындағы осы қо­ғамдық қордың директоры Анар Айдарханова тағдыр тәлкегіне ұшыраған кейбір адамдарға арнайы орталық ашуды көптен бері ойлап жүрген екен. Жалпы, қазір қай жерде болмасын тұрақты мекен-жайлары жоқ, көшелерде, үй аулаларында қаңғып жүретін жандар аз емес. Бұлардың осындай күй кешіп жүргендері өз алдына, бұл көпшіліктің ортасында жа­ғымсыз жайлар да тудырады. Саламатты өмір салтын ұстан­ғысы келетін халық, әрине, айналасының таза, денсаулығы жақсы, дұрыс тұр­мыс тіршілік кешетін адамдар­дың болғанын қалайды. Ал, күл-қоқыстан та­мақ­танып, үйлердің әр бұры­шында түнеп жүретін қаңғыбас жандардан қоғамды арыл­­туды, оларды еңбекке бейімдеп бір ортаға жинағанды “Жәрдем” аталатын қоғамдық қор мүше­лері осылай қолға алды. Сөйтіп, еліміздегі Жапония елшілігінің ұйымдас­тыруымен өтіп жатқан “Асыл шөптер та­мыры” атты гранттық бағдарла­ма­сына қа­тысты. Бағдарлама бойынша 87 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатқа қала орталығынан бір үйді сатып алып, күрделі жөндеу жасауға кірісіп кетті. Әлеуметтік мәселелерді орындауға арналған бұл бастаманы қолдауға қалалық әкімдік, “Ақсу – біздің ортақ үйіміз” атты қоғамдық қор қолдау көрсетті. Қазір Анар Айдарханова көптен бері ойлаған орталық та ашылды. Бұл үйдің әрі қарай тұрақты жұмыс жасап тұруы үшін қоғамдық қорлармен қатар, жай адамдар да қатысып көмектерін бере алады. Тағдыр тәлкегіне түскен бұл адамдарды өмірге қайта бейімдеп, еңбекке тартатын орталық үшін “Ақсу – біздің ортақ үйіміз” дейтін тағы бір қоғамдық қор да қайы­рым­дылық шарасын жасап, 1 миллион теңгедей қаражат бөлді. Ақсу қаласы әкімінің орын­ба­сары Ержан Рақымжановтың айту­ын­ша, ораза айында қайы­рым­ды­лық жасау, ниет пен пей­ілге сай болу – жақсылық. Алдағы уа­қытта қалалық әкімдік бұл ор­та­лықты толықтай қам­тамсыз ету үшін 4 миллион тең­гедей қара­жат қарастырмақшы. Бұл қара­жат азық-түлік қорына, меди­циналық көмек көрсетуге және бейімдеу орталығында ең­бек ететін адамдарға бағытта­лады. Сонымен қатар, Ержан Мэлс­­ұлы биылғы жылы қарттар мен мүгедектер үйінің де жылу, су жүйелері жаңартылып, бөл­мелерге желдеткіштер орна­тылып, күрделі жөндеуден өтке­нін айтып өтті. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.