Құттыбай Сыдық туралы құйқалы сөз қайырымында алысқа құрық тастауға тура келеді. Алдымен ол алысты көздеген, алыстан шалатын алғыр-тұғын.
Жалпы, жазушы мен журналистің қаламына құдірет қонатын қасиет бар. Қаламның ұшын өткір ұшқырлап, қалыбына қанат бітіреді, сөйтіп, көз сауытын ағытып, сөз тереңін қозғайды. Шалқар ой шынайы үлгісін шертіп, астарына аспандай ауқымды пікірлерді тоғыстырады. Тәйірі, мән мен мазмұнын мығымдап, сосын сөлін сығымдап, шығарманың шырайын көргенше айлап-жылдап бас қатыратын қаламгердің жан тербелістерін, ішкі толқыныстарын ешкімнің басына бермесін. Ұйқыдан да қалады, күлкіден де кері кетіп, діттеген діңгегін тапқанша мазасыз күй кешеді. Оқырман қолына дап-дайын дүние барғанша осынша азап-сараптан өтетін туынды тоғыз ай толғатып туылған нәресте секілді. Туасы, сөз сыры мен ой мерейі оңай келмейді. Сол ауыр салмақты біле тұрып, нәрі мол рухани қазынаға жету жазушының қашанғы арман-тілегі. Тау-тас қопарғандай тебіреніп, асау толқынды теңіздей толқып, құмырсқаның тынымсыз тіршілігін бастан кешіріп, ойды оймақтай нысанасына орайластыру Қ.Сыдық шығармашылығында айқын басымдық алады.
Ауыл баласы ауыртпалықты арқалай жүріп, арман жүгін де жадынан бір мысқал шығармайды. Жыл он екі ай дала жұмыстарынан жібі үзілмейтін күріш алқабына күтім көп керек. Күтім үшін мектеп оқушысына дейін қол күшін пайдаланатын диқаншылыққа ауыл баласы еріксіз жегіледі. Ең болмаса, мектепке киетін киімін бүтіндейді деген ата-ана көңілінен бала қайдан шықсын, оқу мен еңбектің егіз ұғымын қатар алып жүреді. Сол дәстүрмен ауылдан ұзамай, Жалағаш ауданы “Таң” шаруашылығының бейнетімен біте қайнасты. Оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, әкесі жазықсыз жалалы болды да үйемелі үйдің де үміті Құтекеңе түсті. Қаршадай шағынан әкесімен сиырды да, қойды да бақты. Есепші болғанда сиырдан сауылған сүтті есептесіп, “Елтай” мекенінен Жалағашқа арбамен тасымалдаушы да өзі болды. Жол-жөнекей жақсы мен жаманның жігін айырған жәйттерді көрді, әділдіктің аяқасты қалатын қырларын сезді. Сонда бала қиялы арқау жаңалығын өлең сөзге сыйдырып, ұйқасқа ұйытатын. Әдебиетке әуестік сол кезден санаға сіңді, өмірдің ащы-тұщысын өлең өзектейді деп түсінді. Қарт кісілердің демі тарылып, дімкәс денсаулығы жанын жегідей жегенін көргенде дәрігер болу басты мақсатқа да айналды. Бірақ ішкі ойын ешкімге тіс жарып білдірмеді.
Алдымен, №2 кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, ауылда техник-электрик, кейін бригадир болды. Қоғамдық негізде шаруашылықтың комсомол комитетін басқарды. Сол топырақта өскен, өзі қалыптасқан ортада еңбек ету аса ауырлық әкелген жоқ. Дейтұрғанмен, үлкендік жасап, барып кел-шауып келге көбірек жұмсап, мезі еткен қарым-қатынас ұнай қоймады. Тікелей міндеті бола тұрып, комсомолдық немесе партиялық тапсырма деп белден басатын бассыздыққа көндікпей жүрді. Ақырында аудандық газетте “Біз баламыз ба?” деген көлдей сын мақаласы жарқ етіп, жарияланды да кетті. Ал енді басшылардың зыр жүгіргенін айт. Аудандық партия комитеті бюросының назарына ілікпеудің амалын іздеген олар Құтекеңнің құтқаруына тәуелді болды. Сөйтіп: “Сені бала деп жаңылыппыз, ірілігіңді ескермеппіз”, – деп “дипломсыз журналисті” жұбата жөнелді.
Қ.Сыдықовтың қоғамдық жұмыстары бағаланып, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен мадақталуы сол шақтағы ауыл үшін ірі оқиға болатын. “Орнында бар оңалар деген ғой, қайынағаның жете алмаған жетістігін қайынымыз қайтарды”, деп әулеттің әйелдері біразға дейін әңгімелеп жүрді.
КОКП мүшесі Құтекеңе берген шаруашылықтың партиялық-өндірістік мінездемесі отбасылы азаматтың ҚазМУ-дің күндізгі бөлімінде оқуға ықыласты екенін ұқтыра түсті. Кеш те болса еш емес талаптану оның дегеніне жетуге жол ашты. Орта-қатарынан жасы үлкендеу, алайда оқу жастың ұлғаюымен өлшенбейтінін ол дәлелдеді. Ауылда тілектес болып қалған жары мен ұл-қызын сағына жүрсе де сабақ-сынақтан мүдірмеді, үзеңгі курстастарынан қалыспады. Журналистік еңбек жолын “Теміржолшы”, аудандық “Сырдария”, облыстық “Ленин жолы” газеттерінде жалғастырды. Сөйтіп, профессор Тауман Амандосовтың “нағыз журналист болу үшін істі аудандық газеттен бастайды” деген қағидасынан өтті. Іле “обкомның” мектебінде шыңдалды, одан бері өмірінің соңғы сәтіне дейін республикалық басылымдардың бірнешеуінде қызмет жасады. Оның ішінде “Халық кеңесі”, “Заң”, “Алтын орда”, “Ана тілі” секілді газеттердің, “Жұлдыз” журналының жауһар орны ерекше. “Егемен Қазақстан” газетінде өткір де өзекті мәселелер қозғаған мақалалары ұдайы жарияланып тұрды. Күні бүгінге дейін аузынан тастамай, алқалы топ ішінде жиі айтылатын айтулы дүниелері ел жадында жүр. Айталық, “Қайшыласқан шешімдер”, “Атасақалды алаяқ”, “Аралдың табанынан су кеткенмен...”, “Көкарал трагедиясы”, “Ақын айшықтаған Абылай хан”, “Қобызшы соқыр Нышан”, “Ысырапқорлар”, “Басы – таудай, аяғы – қылдай”, “Қара қағаз”, “Қызылордадағы “Қытай қорғаны”, секілді оқырманнан оң баға алған мақалалары мәнділігімен үлкен маңызға ие. Мұндай мақаланың әсері мен әлемі қандай зор болса, Құтекеңнің қоржыны мыңдаған дүниенің мерейін шығарды.
Әрине, әрбір журналистің өзіндік қолтаңбасы бар. Жазу мәнері мен тақырып таңдау мүмкіндігі әрқалай. Қ.Сыдықтың қолтаңбасында өткірлік басым, қоғамның қалтарысынан қиянат мен қатыгездікті көріп, әйтпесе мемлекет байлығына ұзын қол салу деректерін тауып журналистік зерттеудің жан-жақты сүзгісіне салады. Қоғамнан әділет іздеген әлеуметтің үлкен тобы Құтекеңе шағым айтып, соның бір шешімін табуды аманаттап жүруші еді. Қайратты мұртын сипап қойып, ұзақ ойға түсіп, мәселенің соңына бел шеше кірісетін. Одан кейінгісі белгілі, семсер сөздің тезінде кінәліні отқа орап, “шоғына кептіреді”. Экологиялық аймақтың қат-қабат мәселесі Құтекеңнің қаламынан тыс қалмаған болар, сірә.
Бірде қарындасы Лиза: “Аға, сын жазып, өзіңізді жаман атты ете бермесеңізші”, депті. Сонда ол: “Жаман ат маған тиесі бола берсін, олай етпесем халықтың мұңын кім тыңдайды”, деген екен. Шынында Құтекең жолға шыққан күні қай аудан, қай мекеме басшысы болмасын алдында “құрдай жорғалап”, асты-үстіне түсетінін талай көргенбіз. Соны сезе отырып, “бұларға солай істемесең, құдайын ұмытып кетеді” деп кеңк-кеңк күлетін.
Ол ар-намысты ақшаға айырбастап алатын базбіреулер секілді табиғаты иілгіш, берілгіш босбелбеу емес, емендей қатты, мінезді, қайратты қалыбынан ауытқуды білмейтін, көбіне-көп әскерилерге ұқсас, болмысы тік кеуде-тұғын. Кейде салалы қолымен шашты артқа қайырып тастап, сырбаз сипатқа еніп кетеді. Үстіне қылау түсірмейді, үнемі мұнтаздай таза, қолынан папкасын тастамайды. Інілерін “ей, бала” деп еркелетіп, ағаларын “братан” деп бойынан биік ұстап, қатар-құрбыға қамқор қарайтын. Көңілденген сәтінде шылымды ширатып қойып, терең тарихқа жан бітіреді. Үш жүздің пірі болған Мүсірәлі Әзиз сопы, Самарқанды жиырма жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр туралы таңды-таңға ұластыратын тамаша лектор еді. Бұл туралы көлемді зерттеу мақалалары жарық көрді. Осы орайда орынды сөздің реті туып тұр, қазір Қызылорда қаласының қақ төріне Жалаңтөс Баһадүрге арнап үлкен ескерткіш мемориал салынып жатыр. Баба рухына Құтекеңнің қаламгерлік қолғабысы мол тигенін, сол арқылы төрелі тұлғаның қасиеті туған жерге табан тірегенін айтқан жөн.
Соңғы жылдары көркем әдебиетке дендеп, көсіліп және өндіріп қалам тербеуі ой-санада піскен, орамды, шытырман иірімдерді шеберлікпен ағытып, толымды туындылар тудыруға соқпақ салды. Уақыт жылжуымен жалын-шабытқа жаңа леп қосып, туындының тек-төркінін тереңдете берді. Сонысына қарап, адами бітімі толысқан, шеберлігі шыңдалған, ерік-жігерін еңбектенуге ерінбей жұмсап, ұрпаққа ұлағат дүниені көбірек сіңіруге тырысқанын аңғару қиын емес. Құтекеңнің көркем туындылары көркемдік мәнін еселеп, оқырман талғамы мен сұранысына сай саңлақ ой жемісін бере білді. Мысалы, “Дария жыры” жинағынан кейін қадау-қадау том кітапқа татитын “Белгі”, “Қилы-қилы тағдырлар”, “Табиғат трагедиясы”, “Сарын” әңгіме-хикаяттары бірінен соң бірі баспа бетінен шыға берді. Көз майын тауысып, сөз сарайын сарпып, тақырыптық-сюжеттік маңызға зерделік зейіні құнды Құтекеңді қалам құдіреті барынша қолдап отырғандай сезіледі. Биылдың базарлығы – облыс әкімі Б.Қуандықовтың ықпалы арқасында “Сырдария” кітапханасы сериясымен таңдамалы туындылары жеке жинақ болып шықты. Артында осынша рухани мұра қалдырған жазушы-журналисті ұзақ ғұмырдың иесі деген дұрыс. Қалам қуаты мен шығармашылық қазынасын ұстай білген қаламгер есімі ескерусіз қалмауы тиіс. Ол бір басының күйін күйттеп, от басы, ошақ қасы қамымен кеткен жоқ. Көптің көңілі мен талғамы үшін тырысты. Ел ішінде “журналист – жұртының жүрегі, елінің екпіндісі” деген сөз бар. Құтекең осындай озық тұлға болатын.
Кейінгі кездері ар-намыстан гөрі ақшаға тәуелділік артып бара жатқандай сезіледі. Қалталы кісілердің сөзі жоғары жақтан шаң беретінді шығарды. Әсіресе, ономастика комиссиясы тарапынан қаралатын көшеге есім беру мәселесінде байқалады. Себебі, комиссия шешімінде көптің бірі болып аудан, ауыл, шаруашылық басқарғандардың жолы болғыштап жүр. Ал маңдайы мехнаттан тепшіген “шерменделер” шет қалады. Дүние жимаған, байлыққа қызықпаған шығармашылық, өнер адамдары мейлінше мұң шағып қалатыны жасырын емес. Сондайда бармақ тістеп, базынаны кімге айтарды білмей зыр қағатын азаматтар кездеседі. Шүкір, Құтекеңнің құтты жолын өшірмей жұбайы Қуанышкүл отыр, артында мұрасын ұлағаттаушы ұлы Мұрат қалды. Өзі өмірден өтсе де көзін тарихтан кетірмей, кенен ісін кемеріне келтіріп жүрген перзенттері парасатты әкені әз тұтады. Олар әкенің орнын ардақтауға құштар. Ономастика заңдылығы бойынша өмірден қайтқанына бес жыл болған белгілі тұлғалар ескерілуі тиіс. Ендігі кезекке Құттыбай Сыдықты қойсақ артық болмас еді.
Шіркін дүние-ай десеңші, соғыстың салмағы тарап, Ұлы Жеңіс жарылқаған жылы бір шоғыр шығармашыл өкілдері туыпты. Көз тиді ме білмедім, солардың да қатары сиреп қалыпты. Журналистер Әділхан Бәйменов, Келдібай Уайысов, ақын Асқар Кіребаев, жазушы Құттыбай Сыдық ортамыздан ерте кетті. Әрбірінің орны биік тұғыр еді, әттең жазым шығар, жазмыш шығар, тағдырлары солай болды. Биыл қыркүйекте 65-ті толтыратын Құттыбай ағамызды еске алып, мерейтойын етжақындары лайықты атап өткізгісі бар. Бұған Сыр елінің игі жақсылары атсалысса құба-құп болар еді.
Өткеннің өнегесі санада сайрап тұрады ғой, сірә, ұмытылмайды да. Бірде Құтекең көңілденіп редакцияға келді. Анда-санда арқырап келетін ағамыздың айтқандарын құлақ тоса тыңдаймыз.
– Жігіттер, қаламақымен күнелткенді қою керек, қосымша кәсіп қарастырған жөн.
– Сонда қалай?
– Мен үй салуды меңгердім, қаласам оны сатып жіберіп, тағы бірін салуға кірісемін...
Шынында, Құтекең құрылысшы да атанған. Соңғы салған үйінде бүгінде бала-шағасы отыр. Ол өзінің еңбекқорлығын үлгі етті. Мейлі шығармашылықта болсын, шаруашылықта болсын, оның табандылығы, күрескерлігі, өткірлігі ешкімге ұқсамайтын. Ауылдағы іні-қарындастарына аға да, пана да болды. Олардың өмірден өз орнын табуына тірек те болды. Бір үйдің үміті емес, көпті бастар келелі күші еді. Ал алыстан ат арытып жеткен достарына, курстастарына құшағы кең, пейілі дархан-тұғын.
Газет жанрында сын мақала жазу ең ауыр мәнер. Әсіресе, қазақтың қарға тамырлы Қызылордасына өте өзекті. Себебі, сұраса келе қарын бөле болып кету үйреншікті. Осындай көңілжықпастық, ұятшылдық, кішілік, кешірімшілдікке Құтекеңнің жаны төзбейтін. Бассыздық пен берекесіздікке бетің бар, жүзің бар демей, қарсы тұратын. Ол қарапайым халықтың қорғаушысы мен қолдаушысы бола білген азамат еді. Көптеген басшыға ол жақпады, ұнамсыз кейіпкер болды. Есесіне, ел сыйлады, ақиқаттың адамына айналды. Ең бастысы, ол қаламның құдіреті дерліктей қуатын ұқтырды.
Қаныбек ӘБДУОВ, журналист. Қызылорда.