Демократия – даму даңғылы
Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуына жағдай тудыру мақсатында, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік маңызды проблемаларды шешудегі рөлін арттыру үшін бұл ұйымдарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, оң нәтижелерге қол жеткіздік. “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы” Заң қабылдануымен ҮЕҰ қызметі жаңа деңгейге көтеріліп, мемлекеттің кең ауқымды әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысуына мол мүмкіншілік алды. Бұл ретте Мәдениет министрлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының жалпы көлемінің 70%-ын еншілей келе, ең ірі тапсырыс беруші болып отыр.
Бұл секторға мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға артуда. Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мәліметі бойынша, 2009 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыруға 1 244 865 мың теңге қарастырылған. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 45% артқан. 2009 жылдан 2011 жылға дейін республикалық бюджеттен 4 811 997 мың теңге бөлінетін болады, яғни, аталған бағытқа жұмсалатын жылдық бюджет шығыны 2 млрд. теңгеден аспақ.
Жалпы ҮЕҰ жүйесі әлемнің дамыған елдерінің барлығында кең тараған. Мемлекеттік және қоғамдық процестерді тиімді басқарудың құрамдас бір бөлігі ретінде азаматтық қоғам өмірінде өзіндік орнын алды. Кеңестер Одағы ыдырап, тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға өтпелі кезеңінде де, құқықтық мемлекет болып қалыптасу барысында да Қазақстанның ҮЕҰ халық пен биліктің арасындағы алтын арқауы бола білді. Шын мәнінде, мемлекеттің әріптесі дәрежесіне жеткен ұйым қызметі Үкіметтің әлеуметтік, саяси, экономикалық бастамаларын қолдауға, оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады. Бір сөзбен айқанда, бүгінде Қазақстанда ҮЕҰ, бизнес және кәсіподақтардың республикалық ірі қауымдастықтарының басын қосатын, билікпен тиімді өзара іс-қимылға бейім, қоғамда азаматтық институттардың рөлін күшейтуді айтарлықтай қамтамасыз ететін жүйе қалыптасқан.
ҮЕҰ мен биліктің өзара әріптестігінің маңызды үлгісі ретінде Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық сарапшылар палатасын айтуға болады. Оның жұмысы заң шығару ісіндегі қоғамдық сараптама механизмін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан ҮЕҰ өзара әрекет бойынша үйлестіру кеңесі құрылған. Министрліктердің әлеуметтік блоктары мен барлық деңгейдегі әкімдіктерде аталмыш ұйымдармен әріптестік жөніндегі кеңестер тұрақты жұмыс істеуде. Қоғамдық ұйымдардың бұл кеңестердің жұмысына қатысуы мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне белсенді атсалысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ҮЕҰ құқық қорғаушылар мен Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті бекіткен меморандумы шеңберінде сотталғандардың құқығына мониторинг жасайтын қоғамдық комиссия мен Әділет министрлігінің жанындағы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметі жөнінде кеңес құрылды. Қазақстанның өндіру өнеркәсібі саласындағы мөлдірлік (EІTІ) бастамасына қосылуы нәтижесінде Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жанынан өндіру өнеркәсібі саласындағы мөлдірлікті жүзеге асырудағы мүдделі тұлғалардың ұлттық кеңесі өз қызметін бірнеше жыл бұрын бастаған болатын.
Сонымен қатар, әртүрлі салада мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын және сан алуан қоғамдық-саяси үдерістерді бағалау мен мониторинг жасау бойынша қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Мұның бәрі мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара әрекеті мен тең құқықты әлеуметтік серіктестік принциптерін тағы да ұштай түседі.
Конституцияның 23-бабында азаматтардың бірлесу еркінің құқығына сәйкес, халықаралық немесе мемлекеттік және жергілікті деңгейде ұйымдасқан азаматтардың ерікті бірлестіктерінің саны 18 мыңнан асты. Елімізде 2001 жылдан бері, ҮЕҰ қызмет аясын қамтыған Қазақстан Республикасының “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” Заңы қолданыста. “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” кодексінде коммерциялық емес ұйымдарға салық салуда біршама жеңілдіктер қарастырылған. Үкіметтің 2001 жылғы 19 желтоқсандағы “Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелуі үшін алым мөлшерлемесін бекіту туралы” № 1660 қаулысына сәйкес, жастар ұйымдарын тіркеу шарттарында да жеңілдіктер бар.
Үстіміздегі жылы 190 үкіметтік емес ұйымдар 228 жобаны жүзеге асыру үшін қаржылай көмек алды. Министрліктің жыл сайын өткізетін конкурсына қатысушылардың саны да артып келеді. Мысалы, 2003 жылы 109 ұйым қатысса, 2008 жылы – 229; биыл олардың саны бір жарым есеге артып, 352-ге жетті. Бұл мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүддесі игі істер үстінде тоғысып, қоғамның сан түрлі проблемаларын талқылап, оларды бірлесе шешуді мақсат еткен батыл қимылдарының белгісі.
Ортақ мүддені көздеген, белгілі нәтижеге жетуді мақсат тұтқан үкіметтік емес ұйымдар қызмет ететін салаларын пайызға шаққанда, мынадай болады: Адамзат әлеуетін дамыту бойынша мәселелерді шешу саласында (азаматтардың денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны жақсарту, демографиялық саясат шешімдеріне қол жеткізу) – 15%, патриоттық тәрбие беру мен жастар саясатын жүзеге асыруда – 9,4%, мәдениет, өнер мен ғылым саласында –12,5%, азаматтардың заңды мүддесі мен құқығын қорғау саласында – 7,6% , әлеуметтік қорғау саласында – 6,8%, азаматтық қоғамды дамытуда – 9%. Ұлтаралық келісім мен тілдік ортаның толеранттылығын дамыту жобалары – 11%, қоғамдық бастамаларды қолдау бойынша – 6%.
Әсіресе, ҮЕҰ жергілікті халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедектер, жұмыссыздар, ардагерлер мен зейнеткерлер арасындағы қызметі (9,5%) мақтауға лайық. “Намыс” мүгедектер бірлестігі, кемтар адамдарды қамқорлыққа және қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қоғамдық сараптамасын жасап, мүгедектерге арналған ақпараттық жүйені қалыптастырумен және дамытумен айналысады. “Астананың мүгедек балалар қоғамы” құлағы естімейтін балалардың таланттарын ашуға көмектесіп, қоғамға бейімделуіне себепші болады. Осындай қамқор қолдарды керек ететін қаншама адамды қамтып, керек болса жеке қайғысына ортақтасатындар осы ерікті ұйымдар болып отыр.
Олардың назарынан жетім балалар мәселелері, оралмандардың қоғамға бейімделуі, ардагерлер мен үмітсіз аурулардың жайы да тыс қалмаған. “Ардагер” қоғамдық ұйымы волентерлерді тарту арқылы “Хоспис” аурухана үйінің қызметіне қолдау көрсетуде.
Қазақстанның әрбір азаматының азаматтық қоғамда толыққанды өмір сүруіне мемлекетіміз де мүдделі. Игі істердің үлкен кішісі болмайтыны белгілі: “Невада-Семей” ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысы, “Есірткісіз болашақ” қоғамдық қоры саламатты өмір салтын насихаттаса, “Ар-Намыс” ұстаздардың заңды мүдделері мен құқын қорғау бойынша іс шараларын жүргізеді. “Адам құқығы Хартиясы” құқық қорғау органдарымен бірлесе қызметін атқарады.
Еліміздегі ҮЕҰ бүкіл қызметі мен олардың белсенді мүшелері өздері таңдап, жауапкершілігін алған жеке азаматтарға етене жақын, керек болған жағдайда олардың тұрмыс тіршілігіне араласып, белестерден бірге өтеді. Сол арқылы қоғам жақсарып, халықтың әлеуметтік ахуалы артады. Азаматтық ұйымдардың қызметінің өзгелерден ерекшелігі де, артықшылығы да осында.
Республика көлемінде атқарылып жатқан мәдени, саяси шараларға да аталмыш сектордың белсенді қатысын айтуға болады.
Бірқатар шетелдердегі “үкіметтік емес ұйымдары” мәні, азаматтық қоғам мен мемлекетке қарсы қойып салыстыратын либералдық дәстүрді білдіреді. Азаматтық қоғам құруда өзіндік жолы айшықталған Қазақстанға халықаралық қоғамдастықтардың қызығушылығы артып келеді.
2003 жылдан бастап былтыр төртінші рет өткізілген Азаматтық форум жұмысы ҮЕҰ қызметін жандандырып, тәжірибе алмасылып, өрісін кеңге жая бастады. Бұл өз кезегінде, Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының серпінді дамуымен, азаматтардың сана-сезімінің артуымен құқықтық мәдениетінің көтерілуімен байланысты. ІV форумға Еуропа мен Азия елдерінің үкіметтік емес ұйымдары тарапынан жоғары назар аударылды. Форумға Қытай, Үндістан, Франция, Румыния, Болгария мен Әзірбайжан сынды ондаған елдің өкілдері қатысты.
Беделді әрі халықаралық деңгейде салмағы бар ұйымдар мен орталықтардың, қоғамдастықтардың атынан жылы лебіздері келіп түсті.
Әрине, форумның жемісі деп орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға форумға қатысушылардың ұсыныстарын жүзеге асыру туралы іс-шараларының қабылдануын айтуға болады. Солардың ішінде бірқатар заңнамалық актілерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізуді атап өтуге болады. Бұл мақсатта Мәдениет министрлігінде депутаттар корпусының және ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қарауына енгізілді.
Елбасымыз ІІ Азаматтық форумда “Біз үшін үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды дамыта берудің маңызы айрықша зор”, – деп атап өткен болатын. Атқарылған жұмыстар, жаңа диалогтар мен бірлесе жасаған әрекеттеріміз мемлекеттің сол нық ұстанымының айқын көрінісі деп санаймын.
Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мәдениет вице-министрі,
философия ғылымдарының докторы.