Кеше Астанадағы “Риксос” қонақүйінің “Жерұйық” залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары қауымына арнап қасиетті Рамазанның құрметіне ифтар дастарқанын жайғызып, ауызашар берді.
Оған елорданың дін исламды бек тұтынатын мұсылмандары арасынан үш жүздей өкіл жиналды. Оның ішінде мемлекеттік саяси қызметкерлер, депутаттар, діни қызметкерлер мен намазхандар, құрметті ақсақалдар мен аналар, мәдениет және БАҚ өкілдері болды.
Дастарқанды ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі алғашқы сөзді дінбасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Елбасы Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазанмен құттықтап, ораза ұстаған барлық жамағаттың құлшылығының қабыл болуын, отбасыларының аман, жүздерінің жарқын болуын тіледі. Одан әрі Елбасы ислам дінінің игі қасиеттерін айтып берді. Біздің дініміз жоқ-жітікке, қарып-қасерге көмек беруді уағыздайтын барынша әділетті дін. Елімізде тыныштық болып, ешқандай қан төгілмей, бейбіт өмір сүріп келе жатқанымызға ислам дінінің әсері мол. Өйткені, ислам дінін бек тұтынатын хақ мұсылман әрқашанда төзімді болып, басқалардың сеніміне құрметпен қарауды талап етеді, дей келіп осыдан әрі Елбасы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Қазақстанда тұрақты түрде өткізіліп келе жатқандығын, келесі жылы Қазақстанның ИКҰ төрағасы болатындығын ауызға алып, осының бәрі еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасы екендігін айтты. Бұл істе исламның атқарып отырған рөлі зор, деді Президент.
Жылдан-жылға жастар арасында ислам дінін қадір тұтып, оның талаптарына мойын ұсынушылар саны көбейіп келеді. Бірақ адам діннің сыртқы пішінін ғана сақтап, ниеті дұрыс болмаса ешқандай құлшылықтың қабыл болмасы хақ. Сондықтан адам ең бастысы өзінің ниет-құлқын дұрыс жолға қойып, шын жүрегімен Аллаға сенуінің маңызы зор, деді Елбасы. Одан әрі мұсылман дінін тұтынушыларға арналған құрмет биліктің барлық деңгейінде де тұрақты түрде жасалып келе жатқанын айтты. Қазір барлық облыстар мен аудан әкімдері де өздеріндегі мұсылмандардың өкілдеріне арнап ифтар дастарқанын жайғызуда, деді сөзінің соңында.
Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақстандық барша мұсылмандар атынан Рамазанның құрметіне жайғызған ифтар дастарқаны үшін Елбасы Н.Назарбаевқа алғысын айтты. Елімізде жүргізіліп отырған бейбітсүйгіш, дұрыс саясаттың арқасында мұсылмандар қауымы өзінің сенім бостандығына толық ие болып, жылдан-жылға саны қатты өсіп келеді. Дініміз құрсауда, рухымыз тұсауда болған кеңестік кезеңде елімізде бар болғаны 68 мешіт болса, қазір олардың саны 2 мыңнан асып барады және олардың бәрі де арнайы салынған ғибадатханалар, деді ол. Содан кейін дінбасылардың Елбасы туралы жазған пікірлер жинағынан тұратын кітапты сыйға тартты.
Ифтар дастарқаны басында ақсақалдар атынан Зейнолла Мұхамеджанұлы және басқалар сөйлеп, Елбасына өздерінің ризашылықтарын білдірді. Сенатор Өмірбек Байгелди төгілдіріп тұрып бата берді.
Жақсыбай САМРАТ.