Жуықта облыстағы Железин деп аталатын аудан құрылғанымызға 75 жыл толыпты деп той жасап, бәйге өткізіп, Ресейден де қонақтар шақыруды ұмытпай, бір жасап қалды. Құтты болсын... Дегенмен, шежіресі сан қырлы халықтың ұл-қызы болған біздер бұл тарихты әріден қарап, сыр қозғаймыз ғой. Железинка деп аталғанына 75 жыл болғанымен, бұл жердің байырғы атауы – Үрлітүп.
Бұл маңда бұрындары атақты Үрлітүп, Ұрық, Ұялы болыстықтары билік құрған. Осы жердегі шекарада орналасқан кеден бекеті өткеннің атын жаңғыртып, осылай деп аталып та тұр. Ал, біз болсақ, әлі “инкалап” жүрміз. Тойдың аты – той. Бірақ, ойдың да, ойланудың да уақыты келгені анық. Ауыл шаруашылығы жақсы өркендеген астықты аудан үшін елу жылда бір келетін қуанышты туған күннен ешкім аянып қалмағандай. Чешен, ингуш, грек, украин, неміс, татар, орыс – бәрі-бәрі осы Үрлітүптің жерінде бас қосып, тату-тәтті тірлік кешіп жатқандарын білулері керек-ақ. Өткеннің жолын өзгелерге ұқтырып, ойлантуға өреміз жетпей тұрғандай.
Соңғы жылдары еліне кеткен өзге ұлт өкілдерінің орнына қазақтың қарасын көбейтіп, Өзбекстанның Үшқұдық жағынан оралмандар келіп орнықты. Осы тойда “Железин өлкесі” –“Железинский край” деген кітап шығарылып, сыйға тартылды. Тіпті, осы жердегі қазақ мектебінің өзі де әлі күнге дейін Железин жалпы білім беретін орта мектебі деп аталады. Үшқұдықтан келген мұғалімдер мектепке Мағжан Жұмабаевтың есімін беруді сұрағалы қашан. Баяғыда біреу қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын депті ғой. Мұндағы жағдай құдды сол бейбақтың кейпін көз алдыңа елестетеді. Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін деген қазақ. Аудан әкімдігі, аудандық ішкі саясат басқармасы Үрлітүптің өткеніне бір үңіліп, жеріміздің атауына қиянат жасатпауы тиіс еді деп білеміз. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 20 жылға таяп қалды. Үрлітүп атауын қайта жаңғыртатын уақыттың келгені де күмәнсіз.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.