Мемлекет тарихы институты құрылған уақыттан бері алыс-жақын шетелдік ғалымдардың қатысуымен, атап айтқанда АҚШ, Франция, Ресей, Түркия, сондай-ақ өз Отанымыздың танымал ғалымдарымен, белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіп тұруды игі дәстүрге айналдырып келеді.
Жақында Ата Заңымыздың 15 жылдығына орай институт ғалымдары көрнекті ақын, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, халықаралық антиядролық “Невада-Семей” қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовпен кездесті.
Кездесу барысында Олжас Омарұлы институт қызметкерлерінің жұмыс орнымен, ғылыми ізденістерімен танысты. Кітапханада ұйымдастырған “О.Сүлейменов және оның замандастары” атты көрмені тамашалады.
Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған 40 жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына қасірет төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигонының жабылуындағы Олжас Сүлейменовтің зор үлесін ерекше атай отырып, ел тарихы белсенді түрде зерттеліп жатқандығын тілге тиек етті. Биыл ғалымдар Қазақстан тарихының жаңа оқулығы мен хрестоматиясын және онға жуық ғылыми және қоғамдық-саяси басылымдардың баспадан шыққанын жеткізді.
Дидарласу сәтінде ақын Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы қызметі, қазақ халқының әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен жетістіктері, атқарған іс-шаралары жайын қозғап, талай жылдар бойы қалам тербеп жүрген “1001 сөз” атты кітабын дайындап жатқанын тілге тиек етті.
Ол сонымен қатар, ел бірлігі доктринасы, жаңа тіл білімі, жаңа оқулықтар, тағы басқа өзекті проблемаларға тоқталды.
А.ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері.