Облыстық білім басқармасының мәліметтерінше, жалпы облыс мектептерінде 92539 оқушы білім алады. Барлық ауыл мен қалада жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. Жалпы, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша облыстағы бірқатар мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, Ертіс ауданы Иса Байзақов ауылындағы 150 орындық мектеп жергілікті бюджет есебінен салынып жатса, ол осы қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Облыс көлемінде 420 жалпы білім беретін мектеп бар. Бұлардың қатарындағы 335 ауыл мектебінде 35327 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылы мектептерде 456 өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде оқыды. Бұл күндері қазақ мектептерінің саны көбеюде. Қазір облыста 147 қазақ мектебі, 154 аралас мектеп бар.
Осы жылы 36 биология кабинетін, 27 мультимедиялық кабинет ашу жоспарлануда. Облыстағы 123 мектепті күрделі жөндеу үшін 1029,4 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жазғы каникул кезінде 1-10 сынып оқушылары үшін әр түрлі үлгіде 608 лагерь ұйымдастырылды. Сонымен қатар, алдағы жылдары 216 орындық 83 шағын орталық ашу, 2435 орындық 19 балабақшаны қайта қалпына келтіру, облыс орталығында 1640 орындық 8 балабақша, Ақсу қаласында 270 орындық 3 балабақша, Екібастұз қаласында 100 орындық 1 балабақша, Павлодар ауданында 160 орындық 3 балабақша, Железин, Май, Ертіс, Шарбақты аудандарының әрқайсысында 1 балабақшадан ашу жоспарланып, бірқатары қолданысқа беріліп те жатыр.
Жаңа оқу жылында ауыл мектептеріне 425 жас маман барды. Жас мұғалімдерге тұрғын үй сатып алу үшін қажетті көлемде несие қаражаты қарастырылған.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.