04 Қыркүйек, 2010

Күн тәртібінде – қысқа дайындық

741 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оңтүстік астананың 2010-2011 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы барысы жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте қаланың комму­нал­дық қызметінің, кәсіпорын­дардың, тұрғын үй қорының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының, инже­нер­лік жүйесінің қазіргі ахуа­лы­на баға беріліп, олардың жылу беру маусымына дайын­дығы барысы талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Ер­бол Шорманов тұтастай алған­да, қалада жылу беру мау­сы­мына әзірлік жұмыстарының белгіленген кестеден ілгері жүріп жатқанын мәлімдеді. Осы дайындық жөніндегі қалалық штаб энергетикалық кешен, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй қоры ны­сан­дарының алдағы қысқа сенімді де сапалы дайындалуы жөнін­дегі жұмыстарды үйлестіріп, ұдайы бақылау жасап келеді. Жылу магистральдарын қайта жабдықтауды республикалық бюджет есебінен қаржылан­ды­ру­дың жыл сайын ұлғая түсуі олардағы бұзылатын ауқым­дар­дың былтырғы жылғы осы ке­зең­нен 16 пайызға дейін азаюы­на мүмкіндік берді. Жылу жүйелерін сынақтан өткізу мен жөндеуден өткізу жұмыстары уақытында қолға алынды. Кеңестің қорытындысында А.Есімов аудандар әкімдеріне барлық тұрғын үйлерді қысқы маусымға дайындау турасында ПИК-термен тікелей жұмыс жасасуды тапсырды. Ал алдағы 1 желтоқсанға дейін тұтыну­шы­лардың коммуналдық қыз­мет жөніндегі қарыздарын 50 пайызға дейін жою бағы­тын­да жұмыс жүруі керек. Бұ­дан бө­лек, қала әкімі білім беру және денсаулық сақтау салаларының басшыларына аудандар әкім­дері­мен бірлесе отырып, оқу және емдеу орын­дарын жылу беру кезеңіне дайындауды қамтамасыз етуді жүктеді. Ол сонымен бірге жылу берудің автономды көздерін қосымша отынмен қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті. Басқосуда келесі жылдың басында өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық барысы келелі әңгіме тақырыбына ай­нал­ды. Соның қабатында “Са­мұ­рық-Қазына” акционерлік қоғамына Азиада-2011 нысан­да­ры­на қойылатын шағын стан­саларды дер кезінде іске қостыру жөнінде тапсырма берілді. Жылу маусымына дейін “Алматы электр жүйесі” ак­цио­нерлік қоғамының энергиялық көздері толық дайындық са­пын­да тұруы тиіс. Болып жата­тын апаттарды дер кезінде қал­пына келтіріп, авариялық бри­гадаларды толығымен жабдық­тау керек. Алдағы қысқы жылу маусы­мында қаланы “ҚазТрансГаз” және “Интергаз Орталық Азия” акционерлік қоғамдары үздіксіз газбен қамтамасыз етіп тұратын болады. “Аймаққа газ жеткізу то­лық қуатында жүзеге асуы қажет. Қысқы мезгілде Алма­ты­ға газдың осылай толық қуа­тын­да келіп тұруының барлық шараларын жасаңыздар” деді А.Есімов. Әкім тапсырма­лары­ның орындалуын бақылау энер­гетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелді. “Егемен-ақпарат”.