Кеше Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов оңтүстік астананың 2010-2011 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы барысы жөнінде кеңес өткізді.
Кеңесте қаланың коммуналдық қызметінің, кәсіпорындардың, тұрғын үй қорының, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының, инженерлік жүйесінің қазіргі ахуалына баға беріліп, олардың жылу беру маусымына дайындығы барысы талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов тұтастай алғанда, қалада жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарының белгіленген кестеден ілгері жүріп жатқанын мәлімдеді. Осы дайындық жөніндегі қалалық штаб энергетикалық кешен, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй қоры нысандарының алдағы қысқа сенімді де сапалы дайындалуы жөніндегі жұмыстарды үйлестіріп, ұдайы бақылау жасап келеді. Жылу магистральдарын қайта жабдықтауды республикалық бюджет есебінен қаржыландырудың жыл сайын ұлғая түсуі олардағы бұзылатын ауқымдардың былтырғы жылғы осы кезеңнен 16 пайызға дейін азаюына мүмкіндік берді. Жылу жүйелерін сынақтан өткізу мен жөндеуден өткізу жұмыстары уақытында қолға алынды.
Кеңестің қорытындысында А.Есімов аудандар әкімдеріне барлық тұрғын үйлерді қысқы маусымға дайындау турасында ПИК-термен тікелей жұмыс жасасуды тапсырды. Ал алдағы 1 желтоқсанға дейін тұтынушылардың коммуналдық қызмет жөніндегі қарыздарын 50 пайызға дейін жою бағытында жұмыс жүруі керек. Бұдан бөлек, қала әкімі білім беру және денсаулық сақтау салаларының басшыларына аудандар әкімдерімен бірлесе отырып, оқу және емдеу орындарын жылу беру кезеңіне дайындауды қамтамасыз етуді жүктеді. Ол сонымен бірге жылу берудің автономды көздерін қосымша отынмен қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті.
Басқосуда келесі жылдың басында өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық барысы келелі әңгіме тақырыбына айналды. Соның қабатында “Самұрық-Қазына” акционерлік қоғамына Азиада-2011 нысандарына қойылатын шағын стансаларды дер кезінде іске қостыру жөнінде тапсырма берілді. Жылу маусымына дейін “Алматы электр жүйесі” акционерлік қоғамының энергиялық көздері толық дайындық сапында тұруы тиіс. Болып жататын апаттарды дер кезінде қалпына келтіріп, авариялық бригадаларды толығымен жабдықтау керек.
Алдағы қысқы жылу маусымында қаланы “ҚазТрансГаз” және “Интергаз Орталық Азия” акционерлік қоғамдары үздіксіз газбен қамтамасыз етіп тұратын болады. “Аймаққа газ жеткізу толық қуатында жүзеге асуы қажет. Қысқы мезгілде Алматыға газдың осылай толық қуатында келіп тұруының барлық шараларын жасаңыздар” деді А.Есімов. Әкім тапсырмаларының орындалуын бақылау энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелді.
“Егемен-ақпарат”.