Қызылжар өңірінде егін орағының нағыз қызған кезі. 3,9 миллион гектар дәнді дақылдар алқабының жартысынан астамы бастырылып, гектар берекесі 9,8 центнерден айналуда. Биылғыдай күрделі ауа райы жағдайында бұл жаман көрсеткіш емес. Бүгінде солтүстікқазақстандық диқандарды жауапты науқанды өткізу барысы емес, астықты сату бағасы қатты толғандырып отыр. Ол жөнінде біз жазған едік. (“Егін өсірушілердің өкпесі”, 17 тамыз.)
Модернизация және экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік комиссияның ауылшаруашылық құрылымдарынан 1 тоннасы 26500 теңгеге тең (180 АҚШ доллары) 2 миллион тонна астық қабылдау туралы жуырдағы шешімі ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің келіспеушілігін тудырып, айран-асыр қылды. Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тәшеновпен хабарласқан едік.
– Солтүстік Қазақстан облысы бойынша квота мөлшері – 600 мың тонна. Астықтың сатып алу бағасы кемі 200 доллар болады деген үмітіміз ақталмады. Расында да баға төмен. Нендей негіздерге сүйеніп қойылғанын біле алмадық. Алайда, тапсырманы орындамай болмайды, деді ол.
Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко бір тонна астықтың бағасы 230 доллардан кем түспеуі тиіс деген пікірде. Саналы ғұмырын егіншілік саласына арнап келе жатқан даңғайыр диқан өз сөзін мол тәжірибеге сүйеніп, жергілікті жағдай мүмкіндіктерін ескеріп айтқаны даусыз. ЖШС жетекшісі Константин Мишенев мұндай бағамен жұмсалған шығын ақталады дегенге сенбейді. Жыл өте ауыр тиді. Жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылығы зиян көлемін өсіріп жіберді. Әлемдік баға шарықтап кетті. Іргеміздегі Ресейде 200 доллар. Бізде қосымша құн салығын есептегенде 160 доллардан ғана айналады. Ертең заңсыз жолдармен сыртқа ағылмасына, ішкі рынокты делдалдардың жаулап алмасына кім кепіл? Осы жәйттер жан-жақты таразылануы тиіс еді. Әйтпесе, шаруа қожалықтарының да, ауылдың да жағдайын оңалту қиын. Сондықтан Үкімет баға саясатын қайта қарауы керек дейді егін өсірушілер. Шынында да, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келе жатқан Қызылжар өңірі диқандарының өтініш-тілектері негізсіз емес.
Былтыр астықтың бағасы құлдырап кеткеніне қарамастан нан бағасы өзгеріссіз, арзандамаған күйі қалды емес пе? Демек, нан және нан өнімдері бағасының негізсіз көтерілмеуі тек бағаға ғана тіреліп тұрмаса керек. Ірі агроқұрылымдар басшылары осылай қиналса, еркін рынокқа шығуға еш мүмкіндіктері жоқ шағын шаруашылықтардың халі қалай болмақ?
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.