Облыстағы шалғайдағы аудан орталығы болып саналатын Железинкада соңғы жылдары біраз жақсы істер қолға алына бастады. Ауыл шаруашылығы өркендеген жеміс-жидегі мол, үйрек пен қазды көп өсіретін, жылда мол өнім алатын астықты аудан деген аты бар. Ал, аудан орталығында әртүрлі ұлт өкілдерінің басын құрайтын үш мыңдай халық тұрады. Бұлардың арасында орта толтырып Өзбекстан жағынан келген өз қандастарымыз да бар. Қазақ тілінде білім беретін жаңа орта мектеп салынды. Былтыр жаңа аурухана, спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Күніне 500 литр сүт өндіретін, одан қаймақ, ірімшік, айран жасап шығаратын “Нөкер” атты кооператив жұмыс жасайды. Ал, биыл аудан орталығында іске асқан тағы бір шаруа – ол талай жылдар бойы тұрғындар асыға күткен бір орталықтан жағылатын жылу жүйесінің іске қосылуы болып отыр.
Жалпы, ауданда “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 5 жоба қолға алынған болса, соның қатарында аудан орталығындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына қарасты нысандарды, жеке тұрғын үйлерді жылыту маусымына дейін дайындап, жылу қазандықтарын ауыстырып, жөндеу-жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлерден басқа 40 әлеуметтік нысан да енді осы жылу жүйесінің қызметін пайдаланатын болады. Бұл мақсатты бағдарламаға 60 миллион теңгедей қаражат бөлінген көрінеді. Аудан орталығындағы тұрғындарды қуантқан мұндай игі іс жергілікті “Көмек” деп аталатын кәсіпорын басшысы Валерий Жуковқа жүктеліпті. Бұл жұмыстарға 115 адам тартылған.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.