04 Қыркүйек, 2010

Ауа райының ауаны қандай болмақ?

821 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы “Дипломат” қонақүйінде Қазгидрометтің жетекші мамандары “2010 жылдың қысы мен жазы. Қазақстандағы құрғақшылық” тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Онда “Қазгидромет” РМК-нің алдағы уақытқа болжанған ауа райы туралы мәліметтері келтірілді. Биыл еліміздің батыс аймақтарында өте ыстық болғаны белгілі. Оған Шығыс аймақтарда болған қатты қысты қосыңыз. Ауа райының осынша құбылуын планетаның жылынуымен байланыстыратындар да жоқ емес. Дегенмен, бұл пікірді “Казгидромет” РМК директоры Баян Сазанова жоққа шы­ғарып, ауа райының тез құбылуы ел аума­ғының әр жерінде болған антициклонның әсерлері екендігін айтып өтті. “Биылғы жылдың қысы мен жазы біраз қолайсыздықтар туғызғаны белгілі. Шығыс, солтүстік Қазақстанда қыс салқын, қарлы-боранды болып өтсе, ел батысында жаз мезгілі қатты ыстық болды. Дегенмен, осы уақыт ішінде бұрын-соңды байқалмаған температура көрсеткіші бола қойған жоқ. Яғни, температура көрсеткіші бойынша қалыптан тыс жаз немесе қыс болды деу орынсыз. Еліміздің қысқы ауа райын қалыптастыратын Сібір антициклоны әдетте желтоқсан айының басында келетін. Алайда биыл ол қаңтар айында келіп, нәтижесінде қыс созылып кетті”, – деп атап өтті Баян Айдарханова. Жазғы температураға келетін болсақ, ол республикамыздың батысы мен Ресейдің еуропалық бөлігінде болып өткен созылмалы ыстық тежемелі антициклонға байланысты. Аталмыш жоғары жылы антициклон мамырдың аяғында келіп, 18 тамызға дейін жалғасқан. Сөйтіп, Иран мен Жерорта теңізінен келген жылы ауа райы ағыны еліміздің батыс аймақтары мен Ресейдің еуропалық бөлігін қамтыды. Ал солтүстік аймақтар мен Шығыс Қазақстанда салқын ауа ағыны өткендіктен жаз мезгілі аса қатты ыстық бола қойған жоқ. Бұдан соң “Казгидромет” РМК агроме­торология директоры Сәкен Байшоланов Қазақстан территориясындағы құрғақшылық­тың еліміз ауыл шаруашылығына әсері мен тигізер салдарлары туралы баяндап берді. Оның айтуынша, 1966 жыл мен 2010 жыл арасындағы зерттеулер елімізде құрғақшы­лықтың жиі қайталанып тұратынын көрсеткен. Қайталап соғатын құрғақшылық соңғы 45 жыл ішінде еліміздің астық егетін аймақтарында 7 рет байқалған. Ал ел аумағын тұтастай алғанда құрғақшылық болу мүмкіндігі 16 пайызды құрайды, яғни 7 жылда 1 рет қайталап соғуы мүмкін. Астықтың өнімділігін 50 пайызға дейін төмендететін қатты құрғақшылықтың болу мүмкіндігі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қара­ғанды және Қостанай облыстарында өте жоғары. Аталмыш облыстарда бұл құбылыс 4-5, 6-8 жыл сайын қайталанып отырады екен. Соңғы 70 жыл ішінде Қазақстан бойынша ауа температурасы 1,8 градусқа көтерілген. Жауын-шашын мөлшері аса өзгеріске түсе қоймаған. Ылғалдылық коэффициентін есептеудің қорытындысын алып қарасақ, ел шығысында қазіргі заманғы климат алдыңғы кезеңге қарағанда (1931-1980) құрғай түскен көрінеді. Ал батыс, орталық, оңтүстік аймақтардың ауа-райы өзгермеген. 2030 жылға қарай вегета­циялық кезеңде одан әрі құрғай түседі деген болжам бар. Баспасөз конференциясы соңында “Қаз­гидромет” ҰММБ жетекші инженері Айнұр Әбенова 2010 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларындағы ауа райы болжамдарын жария етті. Маманның айтуынша, қыркүйек айында күн суытып, күшті жел тұрмақ. Айдың басында еліміздің солтүстік өңірлерінде күн күрт салқындайды. Сондай-ақ, осы ай соңында халық аузында “үнді жазы” деп аталатын, сипаты бойынша күзгі және қысқы ауа райын жорамалдайтын жылы, ашық ауа райы кезеңі болады. Қазан айында да жылы болмайды, тек Қазақстанның батыс аудан­дары құрғақ болады деп жорамалданып отыр. Ал алғашқы аса суық күндер қазан айының ортасында болады деп күтілуде. Қазгидромет өкілдерінің алдын ала берген жорамалдарына сенсек, биыл қыс қатты болмайтын түрі бар. Венера ТҮГЕЛБАЙ.