Қазақстанның экономикалық әлеуетінің артуына, еліміздің мұнай-газ саласының қарқынды дамуына “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В” (ҚПО) компаниясының қосқан үлесі кешенді де қомақты.
ҚПО энергетикалық қуат көздері бойынша еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру, ел экономикасын инновациялық әртараптандыру үрдісін жетілдірумен қатар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да барынша жағдай жасап келеді. Әлемдік мұнай-газ саласында атағы шыққан бұл беделді құрылымның жергілікті жердегі тұрғындардың тұрмыс ахуалын жақсарту мақсатында атқарып жатқан игі шаралары да жетерлік.
Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында ҚПО Ақсай қаласында 900 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимаратын салып пайдалануға берді. Ақсай қаласының 10-шы шағын ауданында бой көтерген бұл №6 орта мектеп ғимаратының құрылысы ҚПО-ның қаржыландыруымен екі жыл мерзімде толық жүзеге асты. Бұл әлеуметтік нысанға 8 миллион АҚШ долларынан астам қаржы бөлінген. Нысанның құрылысын бас мердігер ретінде “Жайықсельстрой” атты оралдық құрылыс компаниясы жүзеге асырды.
Жаңа мектеп ғимаратында өскелең талаптарға сай оқу корпусымен қатар 2 спорт залы, хореографиялық және компьютерлік орталықтары бар. 560 орындық акты залы да ерекше көз тартады. Мектеп жанында үлкен стадион және спорт алаңдары, бастапқы әскери дайындық алаңдары жабдықталған. Сол сияқты сыныптан тыс сабақтар өткізуге арналған орындар да бар.
ҚПО компаниясы жаңа мектеп ғимаратын қажетті жабдықтармен, жиһаздармен, компьютерлік техника және методикалық көрнекі құралдармен толық қамтамасыз етті. Сонымен бірге мектеп жанында жол жүру ережелерін үйренетін арнайы алаң жабдықталған. Мектеп ғимаратының айналасы көгалдандырылып, жоғары талғам талабына сай абаттандырылған.
Ақсай қаласындағы жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының, Бөрілі ауданының басшылары, ҚПО компаниясының жетекшілері, мердігерлік ұйымның басшылары, ардагерлер және өңірдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Салтанатта сөз алған ардагерлер мен ата-аналар осындай заманауи мектеп ғимаратын пайдалануға берген демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді.
– Еліміздің айтулы мерекесі болып табылатын Конституция күні және жаңа оқу жылы қарсаңында осындай ірі де іргелі оқу орнының бой көтеруі ақсайлықтар үшін үлкен қуаныш әрі зор мереке. Бұл игі жетістікке Батыс Қазақстан облысының, Бөрілі ауданының әкімдіктері мен ҚПО компаниясының арасындағы тығыз әріптестік байланыстың арқасында қол жеткіздік. Алдағы уақытта да бұл өзара тығыз байланысымыз бен жемісті әріптестігіміз жалғаса бермек, – деді салтанатта сөйлеген сөзінде ҚПО компаниясының Үкіметпен және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Нұржан Камалов.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы мерекесі құрметіне ашылып отырған жаңа мектептің артықшылықтарына жан-жақты тоқтала келіп, осы игі мақсатты жүзеге асырған ҚПО компаниясы мен мердігерлік ұйымдар тарапына үлкен алғыс айтты.
ҚПО компаниясының жаңа оқу жылы қарсаңындағы әлеуметтік демеушілік қадамдары осы бір жаңа мектеппен шектелген жоқ. Компания Конституция күні мерекесіне орай Бөрілі ауданының мектеп-интернатына және Березовский, Успенский, Қарасу, Приуралия, Қызылтал селолық мектептеріне бір-бір жаңа автобус сыйлады. ҚПО-ның әлеуметтік салаға бағытталған жобалары шеңберінде Қаршығанақ кентіндегі бастауыш мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан 135 балаға толықтай мектеп жабдықтары сатып алынды.
ҚПО компаниясы Өнімдерді бөлу туралы қорытынды келісім шеңберінде өздері қабылдаған міндеттемеге сәйкес Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға жыл сайын 10 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қаржы бөліп келді. Ал 2009 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қарашығанақ жобасын басқарудың бірлескен комитетінің шешімімен өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жобаларына бөлінетін жыл сайынғы қаржы мөлшерін 20 миллион АҚШ долларына жеткізілді.
Өңірде жемісті жұмысын жалғастырып келе жатқан ҚПО компаниясының әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бөлген қаржысының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысында бірқатар мектеп, аурухана, спорт, әлеуметтік және мәдени орталықтар бой көтерді. Жаңа жолдар салынып, облыстың бірқатар елді мекендеріне газ және су құбырлары тартылды. ҚПО компаниясы Өнім жөніндегі ақырғы келісім мерзімінің ішінде өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымына жарты миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салмақ. Бұл еліміздің әлеуметтік әлеуетін арттыру аясында өңірдің одан әрі қарқынды дамуына игі ықпал ететіндігі сөзсіз.
Алдағы уақытта іс жүзіне асырылатын бірінші кезектегі әлеуметтік жобаларды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынады. “ҚазМұнайГаз”, ҚПО компаниялары және әкімдік өкілдері бекіткеннен кейін бұл жобаларды іс жүзіне асыратын мердігерлерге тендер жарияланады. Бүгінгі күнге дейін осындай жобамен жүзеге асырылатын нысандарды салуға жергілікті құрылыс ұйымдары тартылып келеді. Бұл өз кезегінде батысқазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында жүргізілуіне ҚПО-ның әлеуметтік жобалар жөніндегі бөлімі бақылау жасайды. Сонымен бірге бұл бөлім еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздікті сақтау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне айрықша маңыз береді.
“Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В” компаниясы бірнеше компаниялардан құралған біріккен кәсіпорын болып табылады. Бұл ретте оның құрамында “Би Джи Групп” компаниясының 32,5 пайыз, “Эни” – 32,5, “Шеврон” 20 және “ЛУКОЙЛ” компаниясының 15 пайыз үлесі бар. ҚПО әлемдегі мұнай-газ конденсатының ең ірі кеніші болып табылатын Қарашығанақ кен орнында өндіру және дамыту жұмысымен айналысады.
ҚПО компаниясының облыстағы және республикамыздағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі үнемі жоғары баға алып келеді. 2006 жылы ҚПО компаниясы “Золотой Прометей” сыйлығымен марапатталса, 2008 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы зор жетістіктері үшін “Парыз” сыйлығымен марапатталды. Компания алдағы уақытта да осы ізгі мақсат жолындағы тура жолынан таймақ емес.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.