04 Қыркүйек, 2010

Болсайшы имамдардың бәрі осындай

1833 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Имам – халықтың рухания­тына жауапты адам. Сондықтан, халық имамның бойынан бірегей құндылықтар, яғни көркем мінезді, әдептілікті, парасатты­лық­ты, зеректікті, білімділікті көргісі келеді. Осы қасиеттерді бойына жинаған, діни білімі терең, көкірегі ояу дін өкілі ретінде жамиғаттың санасын мазалаған күрделі де сан түрлі сауалдардың жауабы үшін қиын да сынды, жоғары жауапкершілік жүгін жіті сезініп, өңірімізде уағыз-насихатымен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген жас өкіл имам Нұрлан Асанов туралы айтқым келеді. Сұрастыра кел­сем, өкіл имам Жамбыл облысы­ның тумасы, діндар отбасында дүниеге келіп, тәрбие алған. Нұрлан Мерке ауданында 14 жасынан қажы атанып, имам болуды мойнына жүктеген аза­мат. Қырғыз Республикасының мұсылмандар діни басқармасы алдындағы Қарабалта “Хазіреті Осман” ислам институтын 2006 жылы тәмамдапты. Әрі Тұран университеті мен кейіннен Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің ашық мәдени білім беру орталығының куәлігіне ие болған қос білімді имам екен. 2008 жылдан бері Жезқазған өңірі бойынша дін өкілі және Жез­қазған мешітінің бас имамы. Мар­дымды жұмыстарымен бір­ден көзге түсті. Әрине, екі жыл көп уақыт емес. Әйтсе де ізгілікті шаруа тындырғаны және ақиқат. Жезқазған мешіті қаланың шеткері орамында орналасқан. Ауасы кең, тамаша жазық мекенді алып жатыр. Қазақстан мұ­сылмандары діни басқар­масының 2007 жылғы шешімімен өз заманының қайраткері, “Қазақ” газетін ұйымдастырушы, өңіріміздің оқымысты ғалымы, имам, қари Ахмет ишан Ора­зайұлының есімі берілді. Өзгеріс мешіттің кіре берісінен басталды. Айналасы тегістелініп, асфальт жолдары төселінді, жайқалған талдары күтімге алынып, бұрын­ғыдан да жасара бастағандай. Аспанға қолын созған мұнара­сынан бұрын-соңды естіле бер­мей­тін азанның үні жарқын шыға­ды. Қасиетті Рамазан айын­да жаңғырған Құранға құлақ­тарын тігіп, тарауық на­мазынан кейін түннің бір уағына дейін орамның тұрғын­дары рахаттанып отырады. Мешіттің михрабын кейінгі үлгіде қалатып, мінбары мен жайнамаз түстес кілемдерді жайғызып, жаңартты. Мұның бәрі қай-қайсымызды болса да қуантты. Мешіт жаны­нан мұсыл­мандар асханасының қабырғасы көтерілді. Әрине, ішкі-сыртқы жабдығы түгел­денбеген, дегенмен қала жұртшы­лығының азды-көпті жағдайын шешуге септігін тигізу­де. Қара­­жаты жоқ, не артында қарауы қалмаған жанды арулап, ақтық сапарға шығарып салу – мешіт­тің бірінші озық көмегі. Жеңіл­діктер жасап не болмаса қажетті жағдайды мешіт өз мойнына алуда. Жаңа мәйітхана салу жоспарда. Мешіттің діни қызметін жастар қатары басқара бастады. Жаңа топтағы жас буынның бірлігі байқалады. Жастың аты жас, қадамының жастығынан жүйрік ойлар мен істер туын­дайды емес пе, арнайы құран оқытуға барсаң, күлімдеп қарсы алып, ілтипатпен шығарып салады. Мұсылмандықтың иісі аңқиды. Бұл мешіт қызметкері мен халық арасындағы тиімді тәсіл, әрине имандылықтың жемісі, басқарушы имам қызметі­нің бір қыры. “Алланың берген ырзық-несібесіне тәубе, бары­мызға шүкір, кем-кетігімізді жөн­деп, халықты, оның ішінде жас­тар­ды мешітке тарту, жамиғаттың діни сауаты, кітапхана ашу және т.б. толып жатқан мақсаттары­мызға Жаратқан Ием, Алла жәрдем берсін”, – деген өкіл имамға Ұлытаудан Балқашқа дейін­гі мешіттердің діни жұмыс­тарын жолға қойып, халықтың руханиятына жауаптылықпен қарау оңайлыққа түсіп те жатқан жоқ. Қарап отырсам, Жезқазған аймағында бұрын-соңды болып көрмеген Құран жарысы – игі істерінің алғашқы бет пердесі екен. Құранда 114 сүре, 6666 аят бар. Осы сүрелерді санасына жинақтаған балғын жасөспірім­дердің келешегі жарқын. Бірден “Құран жарысы болады!” деген дүмпу хабарға қала жұрты елең етті. “Құдайым-ау, мұндай да жарыс болады екен-ау” деген таңданыстар да болды. Сайыстың басты талабы кез-келген сүрені мәнермен жатқа оқу үлгісі. Жастар бағын сынамақ болды. Ескеретін жайт, өкіл имам сахна­д­ағы сайыскерді халықтың қошеметіне бөлендіре келе, бірден өзінің ойындағы сүрені айтып беру тосын талабы көрер­менді таңқалдырды әрі қызық­тырды. Әрине, бұдан сайыскер шыңдалатын болады. Жарыстан озып шыққан 9 жасар намазхан жас Елдосқа сүйсіне қарадық. Біз үшін бұл өзгеріс балаларымыз бен немерелеріміздің келешегіне жаңа бастау әрі өңіріміздегі бір­неше жерлерде өткізілуіне мұрын­дық болды. Біртін-біртін аймақтағы мешіттер Құран жары­сын өткізуді үрдіс етсе, мен мұны мұсылман жас өреннің санасына себілген нұр сәуле деп ұғамын. Ислам діні – бейбітшілік діні. Адам санасына имандылықты иіріп, әсіресе шынайы ислам дінінің өсиетіне әрбір жүректі әсерлі уағызбен ұйыта білу – екінің қолынан келе бермейтін қасиет. Бұрынғы жылдарға қара­ғанда, жұма намазына жиналатын жамағаттың саны екі есе. Яғни, имам халықты жинай біледі, әдемі насихатымен жұртты тарта біледі. Нұрлан Байжігітұлы жұма сайын тіршіліктегі ісіміздің, жұмадан жұмаға дейінгі аралық­тағы әрекетіміз бен сөзімізді сараптауға, Алла алдында жауап беруге дайындық сезіміне бөлей­тін тамаша уағыздарымен баурап алады. Әсіресе, балаларды діни білім алуға бағыттау, дінге бет бұрған баласына әке-шеше қарсылығының үкімі, ата-ананың балаға, баланың ата-анаға деген міндеттері мен борышы туралы тұрақты уағыздары әр отбасының тәрбие өзегіне айналды. Елді күлдіре отырып, ашық-жарқын көңілмен, жылы қабақпен жеткіз­геннен болар, санамыздан орын алғанын сезбей, сүйсіне тыңдап, бір уақ жұбанып қаламыз. Нәпсі, халал мен харам, жақсы мен жаман пиғыл, алауыздық пен бірлік, сенім мен күмән, күдік пен ақиқат және т.б. тақырып­тарының жоғарғы сатысында Аллаға деген адалдық пен сенім тұрады. Бір кездері екі қатарды құрай­тын, бүгінде жұма намаздарда қысы-жазы, күннің ыстық-суығына қарамай жамиғат қатары мешіт ауласында. Діни мереке­лерде мешітке қарай жаяу ағылатын халықтың саны да өсті. Жетім балаларға көмек беру, кітаптар тарату, жағдайы нашар не жалғызілікті адамдардың көңілін сұрау мен өтініштеріне көңіл бөлу, медресе шәкірттеріне көмек, ауыл мешіттерінің жағдайына қарасу және т.б. сол сияқты істерді атқаруда. Бұл да бір Алланың күш-қуаты шығар. Соңынан ерген имамдар­дың білімін қолға алғаны байқа­лады. Жұма намазында өзінен кейінгі жас буын имамдарды халық алдында уағыз айтқыз­дырып, өзі жамиғатпен бірге отырып тың­дайды. Және жинал­ған көпші­ліктің көңілін қашанда уағызға аударып отырады. Халық ал­дында өзін мәдени ұстауы, тосын шариғат сұрақтарына жауап беруі мен уағызды мәнерлі де жетік тілмен жеткізуінің өзі бір үлгі емес пе? “Аймаққа қарасты мешіт имамдарының білімін таразылау, кем-кетігін түзеп, жетілдіріп, толықтыру мен жаңартуда елімізде не шетелде болсын, жыл сайын өтіп жатқан имамдардың діни білімін жетіл­діру курстарынан қалдыр­мауға зор мән беремін”, – дейді өкіліміз. Мәселен, таяуда наиб имамы Айтжан Аққошқаров Түркияның Болу қаласында болса, сәл ертеректе “Балмағамбет Балқы­байұлы” атындағы Сәтбаев меші­тінің наиб имамы Бекзат Сейіт­жаппаров сол елден оралыпты. Сәтбаев, Ұлытау, Талап, тіптен 11-ші экспедиция елді мекенінің молдасы еліміздегі имамдардың білімін жетілдіру ислам инсти­тутында білімін жетілдіріпті. Бұл имамдардың білімін ширату мен шыңдауына жасап жатқан жағдайы. Жезқазған қалалық оқу орын­дарда қала жастары, студенттер мен мектеп оқушылары жаңа имаммен әңгіме-дүкен құрып, дөңгелек үстел, пікір алмасуды дәстүрге айналдырды. Онымен қоса, қазақ-орыс мектептері, аурухана мен әскери бөлімше, қарттар үйі, жетім балалар үйінде насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі қазақ қыздары мен мұ­сыл­ман діні немесе қазақ жас­тарының өміріндегі дін туралы тақырыптар тілге тиек болып жүр. Бүгіндегі “Дінтану” пәні оқу­шының діни көзқарасын алғаш қалағанмен әрі қарай да­мытуда осындай жүздесулер қа­жет деп ойлаймын. Толып кеткен діни басылым мен кітап­тар жөнінде түсінік беруді де назар­дан тыс қалдырмайды. Имам кездесулерде нысанаға түрлі діни ағымдар жетегінде жүрген жас­тарды алады. Осы бір күрмеуі қиын күрделі жұмыстың оң шешуін табуға қала, аудан әкім­дері, ішкі саясат бөлімі, ақсақал­дармен бірлесе отырып, шешуге кірісуде. Және ол түрлі секта мен діни ағымдар күр­меуін­дегі мұ­сыл­ман қазақ жастарын дәстүрлі дінімізге қайтару тек мешіт имамы мен дін өкілінің ғана емес, барша мұсыл­ман қауымы­ның алдындағы үлкен міндет екенін жалықпай айтып келеді. Тоқсан сөздің тобықтай түйі­ні, жаңа имамның жас қа­дамымен үлкен жұмыстар ат­қарылуда, дін мұсылман қауы­мында серпіліс бар. Бұл жерде имамның еңбегі зор, оны атап көрсеткеніміздің еш әбестігі жоқ. Қасиетті дінімізді жандандыруда Нұрлан қажының сіңіріп жүрген еңбегі бар. Көпшілікті соңынан ерте білген азаматты құрметімізге бөлеген жөн. Әли қажы ҚАҢТАРБАЕВ,  Жезқазған.