04 Қыркүйек, 2010

Қоғамға қолғанат

600 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінде қоғам өмірі сәт сайын өзгеріп келе жатқан­ды­ғына мысал көп. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың іс-қызметі бұған дейінгі жылдарға қарағанда қалың қауымға ба­рынша танымал болып отыр­ғандығы мәлім. Бұл Қара­ғанды сияқты тынысы кең өндірісті өңір тіршілігінен де байқалады. Оған сөз кезегінде оралып соғар алдында азаматтық қоз­ғалыстарды дамытуды қолдау­дың 2007-2009 жылдарға ар­нал­ған аймақтық бағдар­ла­маның ойдағыдай орындалуын айта кеткен жөн. Жақында оны одан әрі да­мыту жолдары талқыланып, белгіленген жиында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлнарайым Қаңтар­бекова баян еткендей, жоға­рыда аталған уақыттарда осы мақ­сатқа бөлінген 114 мил­лион 854 мың теңгенің толық игерілуі соны көрсетеді. Ең бастысы – үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік ор­гандардың қатынастары әр са­ладағы әлеуметтік жобаларды бірлесіп атқаруды беріктіре түскен. Мұны айғақтар жайлар жеткілікті. Жылдан жылға бі­лі­ніп жүргендей, ҮЕҰ бел­сенділігі жоғары. Егер бас­тапқы кезде өңірде олардың саны 60 болса, бүгінде 700-ге жуық. Әрине, бұлардың бәрі бірдей өз міндеттерін тепе-тең атқарып жүрмесе де арала­рынан оза көрініп, қоғам ал­дындағы мәселелерді қоян-қолтық шешуде, әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз ету­де үлгілі істерімен көзге түсушілері аз емес. Осы орайда Теміртаудағы “Лучик надеж­ды”, Жезқазғандағы “Мейі­рім”, Жаңаарқа ауданындағы “Іскер әйелдер қауымдастығы” тәрізді ерікті ұйымдарды алдымен атауға болады. Мұндай бірлестіктер жұмы­сының жемістілігі мемлекеттік қолдауға байланысты екені белгілі. Ал ондай қолдаудың айтарлықтай деңгейде екені байқалады. Мәселен, үстіміз­дегі жылы мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс жасалған 157 жоба толықтай қаржыланды­ры­лып отыр екен. Алайда ке­зекті кеңесте ашық ортаға салынғандай, ҮЕҰ-лардың дені қалаларда тіркелгендіктен, қаржы негізінен солардың қолына тиеді. Керісінше, ауылдық жерлердегі ұйымдар назардан тыс қалып қояды. Олардың белсенділігі әлі де төмендігі бұған бір себеп бо­лумен бірге, аудандық әкім­дік­тер осынау қозғалысқа қозғау салуға енжар. Мұның өзі біраз­дан бері көтеріліп жүрген жәйт. Бірақ әзірге құлақ салу­шылық аз. Сондықтан жиында сөйлеушілердің жергілікті әкімдіктердің жұмыстарын таразылайтын рейтингтік са­рап­тамаға мемлекеттік емес сек­торды құрып, іс-қызметін жан­дандыру бағытындағы көр­сеткіштер енгізілу керектігін баса айтуы – шынында уақыт­тан туындаған талап. Сондай-ақ әлеуметтік тап­сырыстардың денсаулық сақ­тау, қоршаған ортаны қорғау, білім беру салаларымен шекте­ліп қалып жүргендігі де ес­керу­сіз қалдырыла берілетін мәселе емес екен. Әсіресе, спортта жеткіншектерді сала­матты өмірге тартып, бейім­деуде қоғамдық қозғалыстар араласатын істер көп. Азамат­тық ұйымдардың мұнымен қоса тұрмысы төмен отбасылар балаларын, жетім, тастанды балаларды қамқорлыққа алып, бұл ретте құқық қорғау орган­дарымен тығыз байланыс ор­нықтыра жұмыс істеуіне жол кең. Көпшілік көкейіндегі осын­дай өзекті мәселелер форум жұмысының басты арқауы болды. Сөз басында айтылғандай, әлеуметтік жауапкершілік саласында жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың орны ерек­шеленіп келеді. Оны нығайта түсудегі ізденістердің игі әсері әлеуметтік шаралар шапағатын кеңейтуде. Қоғамға қолғанат жасаушылардың енді еркінше еңбектенулеріне мүмкіндік те, мықты негіз де бар. Осы жол­ды қалаған қарағандылықтар сүйініші де сол. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.