Көкейкесті
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, оны талқылауға ұсынғаны белгілі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жоғары білім беру саласына байланысты 2-3 ұсыныс айтуды орынды деп есептеймін.
Әзірленген мемлекеттік бағдарламада, жалпы білім берудің басқа да көкейкесті мәселелерімен қатар, жоғары білім беруді жаңғыртудың стратегиялық мақсаттары қарастырылған. Жоғары білім берудегі ғылым мен өндірістің сұранымына байланысты икемді бетбұрыс жасау өзекті мәселе және болашақ мамандарды оқытудың қазіргі заманның талаптарына сай жаңа бағдарламаларын енгізу, олардың мазмұнын өзгертіп отыруға мүмкіндік беру, өз мамандықтарын еркін және терең меңгерген әрі шектес жұмыстарға жақсы бейімделген, ішкі және сыртқы рыноктағы бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудың маңыздылығына ерекше мән берілуі құптарлық жәйт.
Жоғары білім берудің іргелілігін тереңдету болашақ мамандарды оқыту үрдісінде негізгі іргелі ғылымдар (физика, математика, химия) мен арнайы қолданбалы ғылымдардан нақты, әрі терең білім беруді қамтамасыз ету арқылы жүргізілуі керек. Әлбетте, ғылым мен техниканың жаңа бағыттары көбінесе бірнеше ғылыми пәндердің тоғысында болып келетіндіктен және оларды терең меңгеру үшін студенттердің тоғысқан ғылым салаларынан қажетті деңгейде дайын болуын қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан оқытудың мазмұнын өзгертуде замана талаптарына сәйкес негізгі мамандыққа шектес ғылыми пәндердің үйлестірілуін пәнаралық заңдылықтар мен байланыстар негізінде қамтамасыз ету де кажет.
Осы ұсыныс-тілектердің қажеттілігін “Материалтану” пәнін оқыту барысында байқауға болады. Студенттерді инженерлік мамандықтарға даярлауда бұл пәннің маңызы жоғары, себебі материалдардың техника мен технологияда алатын орны ерекше. Әрі қарай бармай-ақ, космостық техникада, электроникада, атом өндірісіндегі тамаша жетістіктердің барлығы сапалы және көп функциялы материалдарға байланысты екендігі баршаға аян. Ғылым мен техниканың әрі қарай қарыштап дамуы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бергі екі онжылдықта ғылымда жаңа бағыттың – наноматериалдар мен нанотехнологияның пайда болып әзірленуімен ерекшеленуде. Ғылымға келген бұл жаңа бағыт қазір іргелі және қолданбалы ғылымдардың түйісіндегі өте маңызды бағыт болып отыр. Нанотехнология жоғары технологияның бір бөлігі ғана емес, ХХ1 ғасырдағы бірыңғай жүйе жасаушы экономикалық фактор ретінде қарастырылуда, өйткені мұндай экономикаға тек табиғи байлықтар мен оларды өңдеуге арналған экономика түрінде ғана емес, керісінше, ғылым мен білімге негізделген экономика ретінде қарау керек екендігі түсінікті. Осыған орай, жоғары білім беру саласы қоғамдағы ғылым мен өндірістің, жалпы экономика мен рухани үрдістердің сұранысына уақытында жауап беретіндей болуы өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі кезде “Материалтану” пәні бойынша оқулықтар мен оқу бағдарламалары бұл талапқа сай болмай бұрынғы деңгейде қалып отыр, көптеген оқулықтарда “Материалтану” пәні іргелі емес, қолданбалы ғылым ретінде оқытылуда. Бұл дұрыс түсінік емес және оның қалыптасып кетуінің негізгі себептерінің бірі “Физикалық материалтану”, “Мәшине жасау материалтануы”, “Жартылай өткізгіштер материалтануы”, “Құрылыс материалтануы”, тағы сол сияқты оқулықтардың санаға мол сіңіп кетуі мен үнемі қолданыста болуы. Қазіргі кездегі қолданылып жүрген оқулықтардың барлығы жақсы оқу құралдары болып есептеледі, бұларда материалдардың құрамы, макроқұрылымы мен қасиеттерінің арасындағы өзара байланыстар оқытылып, зерттеледі. Бірақ, бұл байланыстар мен оларды зерттеудің үлкен бір кемшілігі бар, ол материалдар мен олардың қасиеттерін анықтауда технологияның ескерілмеуі себепті, бұл әдіс материалдардың қасиеттерін алдын-ала болжауға мүмкіндік бере алмайды. Керекті материалдар алуға көптеген эксперименттер жасау арқылы қол жеткізіледі, бірақ бұл әдіс материал қасиеттерінің неліктен болғанына жауап беруге әлсіз болып табылады.
Осындай кемшіліктер материалдар алудағы жаңа принциптерді іздеуге әкелді де, бұл арада материал қасиеттерінің қалыптасуына технология әсерінің бірінші орынға қойылу керектігі нақты дәлелденді. Осы зерттеулердің негізінде ғылымның дамуындағы жаңа бағыт – нанотехнология қолданысқа келді. Нанотехнология материалдардың құрамы, құрылымы мен қасиеттерін атомдар мен молекулаларды манипуляциялау арқылы керек бағытта өзгертіп отыруға мұмкіндік беретін ғылымның жаңа бағыты болып қалыптасып келеді. Нанотехнология атомдар мен молекулалардың механикасына байланысты болатындықтан, материалдардың атомдары мен молекулалары деңгейінде болатын үрдістер өздерінің нақтылығы мен көрнектілігін макромасштабта көрсете алмайды. Мәселен, атомдарды белгілі бір орбита бойынша айналып жүретін электронды футбол добы ретінде қарастырсақ, кездейсоқ жайға тап боламыз – доптың тұтас қабырғаны тесіп өтіп, арғы жағына бір-ақ шыққанын байқаймыз. Бұл таңқаларлық жайт классикалық физикада мүлдем кездеспейді және классикалық физиканың заңдылықтарына қайшы келеді, оны тек қана атомдардың кванттық механикасы негізінде түсіндіруге болады. Физиктер мұны туннель эффектісі деп атайды. Кванттық механикада электрон әрі элементті бөлшек ретінде де, әрі элементті толқын ретінде де бірдей қарастырылады. Жоғарыда келтірілген мысалда электрон элементті толқын ретінде қарастырылады да, ол қабырғадан тесік (туннель) тауып, өте шығады. Материалдардың осындай “түсініксіз” қасиеттерін және атомдар мен молекулалар деңгейінде болатын басқа да үрдістерді кванттық механика негізінде ғана ғылыми деңгейде түсініп білуге болады.
Қолданыстағы “Материалтану” оқулықтары классикалық физика заңдылықтарына сәйкес жазылғандықтан, наноматериалдардың қасиеттерін терең түсіну үшін қағидалары квантты механикаға негізделген жаңа оқулықтар қажет. Наноматериалдар мен нанотехнологиялар туралы ғылымның қарыштап дамуы бұл жаңа ұғымдардың қазіргі уақытта орта мектептерге де енуіне әкеліп отыр. Сондықтан “Материалтану” пәнін ескі бағдарламалар мен ескі оқулықтар негізінде оқыту қазіргі жағдайда ұлы көштен артта қалушылыққа әкелуі мүмкін, өйткені, материалтанудан іргелі оқулықтың жоқтығынан “Материалтану” пәні кванттық механика деңгейінде тереңдете оқытылмайды, жоғарыда айтылғандай, қолданыстағы оқулықтардың барлығы дерлік классикалық физика деңгейінде жазылған. Осыған байланысты наноматериалдар мен нанотехнология ғылымын дамытуға, ғылыми орталықтар жанынан ашылған нанотехнологиялық зертханалар мен орталықтарды зерттеу құрал-жабдықтарына бөлінген қаржылардың тиімділігі өте аз болуы мүмкін.
Қазір еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарында “Материалтану және жаңа материалдар технологиясы” мамандығы бойынша инженер кадрлар дайындалып шығарылуда. Бұл дұрыс әрі құптайтын мәселе десек те, мамандарға “Материалтану” пәні ескі бағдарламалар негізінде оқытылуда. Ерте ме, кеш пе, бұл кемшіліктен арылуға тура келеді, өйткені, жоғарыда бірнеше айтылғандай, “Материалтану” пәнінің негізі классикалық физика емес, кванттық физика болуы тиіс. Бұлай болмайынша, материалтанудың қазіргі бөлінбес тараулары болып есептелетін наноматериалдар, нанотехнология, материал қасиеттерінің олардың мөлшеріне тәуелділігін, аса үлкен созымдылық, өте жоғары өткізгіштілік сияқты ерекшеліктерін классикалық физика негізінде түсіну мүмкін емес.
Материалтану пәні және “Материалтану және жаңа материалдар технологиясы” мамандығы бойынша қалыптасқан жағдайды осы мамандықтың бакалавриат, магистратура бағыттары стандартын өзгерту арқылы реттеуге болады. Бұл өте өзекті мәселе, өйткені, наноматериалдар мен нанотехнология туралы оқу әдебиеттері қазір жоқтың қасы. Наноматериалдар мен нанотехнологиялар жөнінен мамандар дайындау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе болғандықтан сұраныс бұларға жоғары бола бермек, себебі ғылымның мұндай жаңа бағыты барлық салада (космосты меңгеруден медицинаға дейін, ұлттық қауіпсіздіктен экология және ауыл шаруашылығына дейін) технологиялық дамуды жаңа сатыға көтеріп, адамзат өмірінің қарыштап өркендеуіне мүмкіндік беретініне нық сенім бар. Ғылыми-техникалық саясат пен өндіріске инвестиция құю бойынша мамандардың пікірінше, басталған нанотехнологиялық революцияның адамдар өміріне оң әсері өткен ғасырдың 80-90- жылдарынан бері жалғасып келе жатқан компьютерлік революциядан бірнеше есе ауқымды әрі терең болмақ. Осыған байланысты бұл басталған нанотехнологиялық революцияның шешілуі тиіс көптеген мәселелері ғылым мен техника саласына ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік басқару органдары мен білім беру мекемелерінің де алдына қойылып отыр.
Амангелді ҚАНАЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры.