Бұлбұл тілді бояулар
Шекпен киген қазақтың қолөнерін, шапан жауып өзіне қайтарған Бапановтар
Осыдан бес жыл бұрын әйгілі қолөнер шеберлері Әлібай мен Сәуле Бапановтардың “...киелі таңбалар өрнегі” деп аталатын ерекше көрмесіне тап келіп, кәдімгі қойдың жүнінен жасалынған шұға киімдерді, тұскиіздер мен түрлі бұйымдарды көріп, әбден тәнті болғанымыз бар еді. Ине-жіпсіз жасалынған қолөнер туындылары – баяғы хас ұсталардың бір тал шегесіз қиюластырған ғажайып ғимаратындай әсер еткен. Қазақтың кәдімгі киізі – қолдан иленіп, білектенген қолөнер бұйымдары заманауи келбетке көшіп, Мұқағали ақынның “Шекпен киген қазақтың қара өлеңін, Шапан жауып, өзіне қайтарамын” дейтін шумақтарын еске түсіргені де есте.
Содан бері де тұтас бір тұлғаға айналған ерлі-зайыпты таланттардың тірлігіне сырттай тілеулес болып, елдегі және шет мемлекеттердегі көрмелерден Бапановтардың қолтаңбасын көргенде, іштей ризашылыққа бөленетін едік. Жұмсақ та көнбіс табиғи материалға тіл бітіріп, қазақтың қара киізінің қасиетін танып, қолөнер әлеміне өз бет-бейнелерімен келген олардың туындылары кез келген көрмеде ерекше көз тартатынын байқайсың. Уақыттың иірімдерінде қалып қоймай, осы заманға сан-алуан бояуларымен, бөлек талғаммен көшкен қой жүнінен де осыншама көркем бұйымдар жасауға болатынын көріп, тамсана түсесің. Қолөнер туындыларының да тағдыры болады деп есептейтін болсақ, Әлібай мен Сәуленің қолынан шыққан дүниелерді кәдеге асыруға – киіп жүруге, ең заманауи кеңселердің төріне іліп қоюға болады. Мұны да көзбен көріп жүрген соң айтасың.
Шығармалары танымал бола тұра, ескі сүрлеуде қалып қоймай, әр жолы жаңа толғаныстармен, бейнелер легімен, қиялдың шарықтауымен, ассоциациялық тереңдікпен өзіне тарта береді. Сырт көзбен қарағанда, талай жылдардан бері тек тоқыма жіппен, жүнмен жұмыс істейтін жандардың қиялдары шегіне жеткен болар деп ойлауың мұң екен, хас шеберлер күтпеген шешімдермен тағы да жарқ ете қалады. Жалықтырмайды, керісінше қызықтырып, бір тылсымға тарта түседі (“Жұмақ Жер” топтамасы).
Бапановтар көне де қарапайым кәсіпке шығармашылық шабыт қосады да, таланттарға тән тосын ойлары алдымен қағазға әсем бояулармен қайталанбайтын кескін етіп түсіріп, сосын киізге көшіреді.
Киіздің бүгінде этнографиялық мәдени дәуірден әлемдік өнер кеңістігінің құндылығына ауысуында Бапановтар қосқан батпандай үлес бар екендігін мойындау қажет.
Олар гобелен саласында да өздерін еркін сезінеді. Өйткені, жеке тоқылған таспалардан тігіліп, құралған
қазақтың алашасына оның “туыстығы” жақын. Аса бір төзімділік пен табандылықты тәңірдің берген ерекше қабілетімен қоса өруді талап ететін тоқымашылық өнерінің де өз тылсымы бар екенін білу үшін Бапановтардың шеберханасына саяхат жасау керек. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен арылған саусақтар айлар бойы ерекше ептілікпен, жіптерді уысынан шығармай, ақыл-ойдың дегеніне бағындырады. Қарапайым тоқымашы мен суреткер хас таланттың айырмашылығы да осы жерде.
Сәуле мен Әлібай поэтикалық пейзаждар мен жанрлық композицияларды, нақты фантастикалық натюрморттарды тоқып шығарады. Көшпенділердің тіршілігінен лирикалық, метафоралық бейнелерді, символикалық және мифологиялық сюжеттер құрастырады. Кейде осындай екпінді де нәзік бейнелердің акварель не майлы бояумен емес, жүн мен жіптің қарапайым өрілуінен шыққанына сену тіпті қиын. Адам қабілеті мен қиялында шек жоқ екенін мойындай түсесің.
“Біртұтас” шеберлердің кейде өз талғамдарына қарай тартатын тұстары да бар. Бір кезде Әлібай киіз басу әдісін пайдалана отырып, ұлттық бас киімдердің жаңа үлгілерін жасауға кіріссе, Сәуле монохромдық және көп түсті киізден жасалынған киім түрлерін жасауды қолға алды. Мәселен, Томиристен бастап, Домалақ Ана, Қарашаш пен Айғанымдарды көз алдыңа әкелетін 11 киім үлгісінен тұратын “Жаңғыру” топтамасы сөзімізге дәлел болады. Дегенмен, киізден жасалынған бұйымдардың “бейтарап” шекарасында екеуінің қалып пен түсті көру ерекшеліктеріне қарай дараланатынын байқауға болады.
Алған білімі бойынша монументалды кескіндемеші Әлібай көлемді композициялар жасауға бейім. Ол гобеленде мыңжылдықтардың алмасуын, олардың адамзат тарихы мен кеңістіктегі бірде жақындап, бірде алыстауын шебер бейнелейді.
Айтқандай, осы арада Әлібай Қалтайұлы алдымен Н.Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін, содан кейін Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемөнер институтының монументалды кескіндеме бөлімін бітіргенін, Сәуле Сыздыққызы Мәскеудің Строганов атындағы жоғары көркемөнер кәсіптік училищесінің тоқыма өнері бөлімі бойынша білім алғанын айта кетелік.
“Бала күнімде әкем менің алғашқы салған суреттерімді үйге келген қонақтарға мақтанып, көрсетіп отыратын. Үлкен кісілердің суреттеріме зейін қойып қарағаны, мақтау сөздер айтып, ақ тілекпен бата беріп жататыны мені шабыттандырып қана қоймай, өмірде осы жолды таңдауыма зор ықпал етті. Салиқалы шығармашылық орта, Ю.Королевтың монументалды кескіндеме шеберханасындағы қызықты оқу бағдарламасы, Мәскеудің мұражайлары мен галереяларын аралауым суретші ретінде дамып, жетілуіме сөзсіз өз әсерін тигізді. Болашақ жарым Сәулемен кездесуім, екеуміздің қазіргі заман өнері туралы, қазақтың ұлттық қолөнерінің техникалары мен материалдары жайындағы таусылмайтын ойларымыз бізді осы күні айналысып жүрген кәсіпке алып келді. Әралуан оқиғаларға толы екеуміз жүріп келе жатқан ортақ жол, шығармашылық ізденістеріміз, оқу орнындағы шәкірттерімізге дәріс беру осының бәрі отбасындағы қайнаған тіршілікпен тығыз байланыста болды. Ұлымыздың аты – Ағын, яғни мен үшін бұл үлкен өнердегі көзқарастың өзгеріп отыратын жаңашыл өмір ағымдары мағынасын білдіреді. Ағын гобелендер тоқылатын, киіз басылатын, қай жерге қарасаңыз да иірілген жүн жіптер, сурет салынатын мольберттер тұратын, майлы бояудың иісі аңқыған шеберханамызда өсті. Осындай орта, шығармашылықтың қыр-сыры жайлы қызықты әңгімелер, көрмелерге баруымыз – оған бейнелеу өнері тілін оңай түсінуді үйретіп қоймай, өзінің қоршаған әлемге деген көзқарасын өнер арқылы айшықтайтындай қабілет дарытты”, – дейді Әлібай өз шығармашылығы туралы. Ал Сәуле ше?
“...Бәрі де балалық шағымнан басталды. Терезе сыртында ызғарлы қыстың демі, ал жайлы жылы үй ішінде – пеште жанған оттың сыртылдаған дыбысы ғана. Анам кілем тоқитын жіптерді дайындайды, ал балаларды жанына отырғызып, жүн түткізеді. Анамның: “Жүнді кім көбірек түтсе, оған Жаратушы маржан тастан алқа сыйлайды” деп бізді қызықтырып қоятыны әлі есімде. Жылдың жылы мезгілдері басталғанда ауылда асар көбейеді. Әйелдер жұмыла іске кірісіп жүн боялады, болашақ көркем кілемнің астарлы негізі дайындалады. Ши тоқылады, киіз иленеді, оюлы текеметтер басылады, сырмақ сырылады.
Кезекті кілем тоқылып біткен сайын, мереке дастарханы жайылып, онда еңбегімен көзге түскен қыз балаларға мақтау сөздер айтылады. Біз үшін бұл бір жарыс, бәсеке сияқты еді. Мақтаудың көбісі маған айтылып жататын. Бәлкім ауылдың майталман шебер әйелдері менің бөлек қабілетімді сол кезде байқап, өнерге деген бейімділігімді бағалаған болар.
Қимас асыл әжелерімнің, абзал ата-анамның берген баталары Алматы көркемөнер училищесіне түскенімде, кейін Мәскеудің Строганов атындағы жоғары көркемөнер өнеркәсіптік училищесіне қабылданғанымда жолыма нұр төгіп, қолдап жүргендей сезіндірді.
Тәжірибе жинап, одан кейін 30 жыл шәкірт баулып, едәуір шығармашылық жұмыстарды тындырған шағымда анамның маржан тас алқа туралы сөздері ойыма оралатын. Ол асыл мұра болып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын баға жетпес құндылық – халықтың мәдени дәстүрі деп түсінемін. Шығармашылық шағым енді рауандаған шақта анамның мол тәжірибесінен қалай сусындасам, қызым Айяға да мұраға менен әлдене бұйырды деп ойлаймын. Сол тапқан қазынасы оған өнерде де өзіне ғана тән дара жол табуға көмектесер...”.
Иә, бұл дарынды ұрпақ қана емес, 30 жыл бойы қолөнер шеберлерінің бүтін бір буынын, шәкірттерін бабалардан қалған ерекше кәсіпке баулыған біртұтас болмыс иелерінің бүкпесіз, саф алтындай таза сыры.
Бапановтардың мың сөзден тұратын әрбір туындысы жеке-жеке мақалаға арқау боларлық мағынаға ие. Егерде қазіргі заманның гобелені қандай деген сауал туындай қалса, міндетті түрде Бапановтардың да туындылары қазақтың маңдайалды қолөнер бұйымдарының алдыңғы шебінен атойлап шыға келген болар еді.
“Қазақстан үшін отбасылық шығармашылық одақ таңсық емес. Олар бір біріне мүлдем ұқсамайды. Кейбір кездері мұндай одақтар бірлігінің беріктігі тек ұқсастығында ғана емес, белгілі бір дәрежедегі мінез-құлықтарының кереғарлығында да жатқан тәрізді. Нерон кезеңіндегі римдіктердің жазушы Петрониге арнаған “Сұлулық төрешісі” деген сөзін Әлібай Бапановқа толық қолдануға болады. Ол кейбір кездері Шығыс миниатюрасының парақтарындағы кейіпкер (ғалым, сиқыршы, ақын) тәрізді” дейді өнертанушы Наталья Вулл.
“Сәуле мен Әлібай Бапановтар киіз тілін түсіне біледі. Сондықтан да олардың текеметтері әуенді де әсем. Олар жіптердің де дыбысталуын тыңдай біледі. Сондықтан да олардың гобелендері өзіне баурап алатын ырғаққа толы. Олар бір шөкім жүн мен титімдей жіптің өзіне аса сүйіспеншілікпен қарап, құрметтей алады. Сондықтан да олар бұларға шытырман жан дүниесінен ақ шаңқан бейнелер тудыруға көмектеседі” дейді келесі өнертанушы Баян Барманқұлова.
Ендеше, сол инемен құдық қазғандай дейтін өнердің Қазақстанда ғана емес, әлемде тасын өрге домалатып келе жатқан таңғажайып тынымсыз таланттар табыссыз емес. Киізден жасалған бұйымдар мен тоқыма өнерінің шетелдерде өтіп жатқан көрмелерінен шет қалып көрген емес. Тіпті, төрінде отыр десе де болғандай. Халықаралық деңгейдегі көрмелерде қазақтың қолөнерінің абыройын асырып, беделін тасытып жүрген біртума тұлғалардың туындылары салтанат сарайларында, мемлекеттік және өлкелік мұражайларда, елшіліктерде, басқа да қоғамдық орындардың әрін кіргізіп тұр.
Қазақтың ұлттық қолөнеріне заманауи келбет сыйлаған суретшілердің кейбір туындылары Майя Плисецкая (“Әлем тауы” гобелені), Алла Пугачева (“Феникс” гобелені) сынды танымал тұлғалардың төріне ілінген. Бапановтардың гобелендері мен текеметтерін Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражай қорынан, Ақ Орда ғимаратынан (“Көш”) табуға болады.
Жыл сайын Нью-Йорк қаласында әлемдегі ең үздік қолөнер туындылары жайлы кітап шығады. Бапановтар есімімен 2 жыл қатарынан Қазақстан осы жинақтан ерекше бояу, тамаша талғаммен көрініп жүр.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.