Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аудара келіп, ел көлемінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын барынша кеңейту жөніндегі басты ұстанымдарды айқындап берді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасымыздың “Алдымен экономика – сосын саясат” деген ұстанымының өміршеңдігін еліміздің бүгінгі саяси-экономикалық жағдайы айқын дәлелдеуде. Еліміздің экономикалық әлеуеті жоғарылап, соның арқасында қоғамдық-әлеуметтік саладағы қордаланған күрделі мәселелерді біртіндеп шешу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Сол күрделі мәселелердің бірі де бірегейі қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халі екені баршаға аян. Сондықтан еліміздің бүгінгі қол жеткізген экономикалық күш қуатын ұтымды пайдалана алсақ, ұлтымызды ерекше алаңдатып отырған осы мәселенің түйінін түбегейлі шешуге айқын жол ашылар еді.
Жалпы, қазақ тілін “Мемлекеттік тіл” деп жариялап, сол атына заты сай болу қажет деп ұрандағалы 20 жылдың жүзі болса да нәтиже тым мардымсыз екенін көріп отырмыз. Олай дейтініміз, бүгінгі күні мемлекеттік тілді меңгеруге басқа ұлт өкілдері былай тұрсын, өз ұлтымыздың қомақты бөлігі тым құлықсыздық танытуда. Мұның себебін анықтау үшін ең алдымен мемлекеттік тіліміздің бүгінгі жай-күйіне үңілсек.
Бірінші, бүгінгі күні Қазақстанда мемлекеттік тілдің міндеті мен қызметін шын мәнінде қазақ тілі емес, заң жүзінде ресми тіл ретінде қабылданған орыс тілі атқаруда. Екінші, республика көлемінде таратылатын барлық БАҚ-дың 80%-дан астамы орыс тілінде сөйлейді. Үшінші, білім, ғылымның барлық саласында орыс тілі үстемдік құрып келеді. Мысалы, елімізде шығатын ғылыми-техникалық журналдарға жарияланатын мақалалардың 80-90 пайызы орыс тілінде жарық көреді. Төртінші, мемлекеттік биліктің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білмейтін немесе шала-шарпы ғана білетін басшылар мен қызметкерлер отыр. Бесінші, мемлекеттік тілді білетін және білмейтін қызметкерлердің жалақысында немесе қоғамдық ортада алатын орнында ешқандай да айырмашылық жоқ. Яғни, мемлекеттік тілді білгеннен немесе білмегеннен келіп кетер ештеңе жоқ. Алтыншы, мемлекеттік тілге көштік деген мекемелердің өзінде ресми жиын, отырыстардың бәрі дерлік қазақша бір-екі ауыз сөзбен ашылғанымен, қаралатын мәселе, айтылар әңгіме негізінен басым орыс тілінде жалғасады. Жетінші, қазақша білім алып, қазақ тілін қанша жақсы меңгерсең де орыс тілін білмесең мемлекеттік қызметті ойдағыдай атқарып кете алмайсың. Сол сияқты ғылым, білім саласында да өрісің тар болмақ. Сегізінші, отарлану заманында қалыптасқан құлдық психология қазақтардың санасына тым терең сіңіп алғандығы соншалық, кейбір қазақтар өз тілін біле тұра өзара орысша сөйлесу әдетінен арылар емес. Ондайлар өз тілін құрметтеу түгіл менсінгісі де келмейді. Елбасымыздың “Қазақ пен қазақ өзара қазақша сөйлессін”, “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген ұлағатты сөздерінің мән-мағынасы олардың санасына жетер емес.
Жоғарыдағы себептердің барлығы да сайып келгенде, мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың жоқтығынан туындап отыр деуге болады. Олай дейтініміз, өткен 20 жыл бойы жүргізілген іс-шаралар негізінен жалаң ұран, әрі кетсе әкімшілдік-әміршілдік тәсілдерден құралғаны жасырын емес. Мұндай тәсілдерге сенім артудың айтарлықтай нәтиже бермесі анық. Себебі, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шаралар (мысалы, қазақ тілін үйренуді әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, оқу құралдарын басып шығару, қысқа мерзімді курстар, үйірмелер ашу, әр түрлі конкурстар, сайыс, бәсекелер ұйымдастыру, т.б.) көпшілік қауымның мемлекеттік тілге деген қызығушылығын тудыра алмай отыр. Ал бәз біреулер мықты заң қажет деседі. Әрине, заңның мықты болғаны жақсы. Алайда, мәселені тек заңмен ғана шешуге болады дегенге қосылғымыз келмейді. Себебі, адамның қандай бір нәрсеге деген қызығушылығынан туындайтын өз ынта жігері мен ұмтылыс, талпынысы жоқ жерде заң тек қана “ақы беру” құралы міндетін атқарып қала бермек. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең негізгі жолы Қазақстанда өмір сүретін жалпы халықтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырумен қатар, қазақ тілін меңгеруге тиісті жағдайлар жасау, мемлекет тарапынан нақтылы іс-шараларды жүзеге асыру. Жер басып жүрген әрбір пенденің ең әуелгі қам-қарекеті – тіршілік қарекеті, яғни күнделікті нан тауып жеу, өмір сүру күресі екені белгілі. Ендеше, мемлекеттік тілді жаппай үйренудің тетігін осы күнкөріс қажеттілігімен мықтап тұрып байланыстырып көрсе қайтер еді? Бұл жерде адамдарды материалдық тұрғыда ынталандыру мәселесі де керек. Мұны толықтай жолға қоюға бүгінде біздің елдің мүмкіндігі де бар. Ендеше, сол күш-қуатымызды ұлтымыздың жаны болып табылатын ана тілімізді көтеруге, көркейтуге неге жұмсамасқа? Қазірдің өзінде Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры, т.б. қорлар, жыл сайын бюджеттен бөлінетін арнайы қаражаттарды (мысалы, тек 2008 жылдың өзінде бөлінген 5 миллиардтан астам теңге бір жыл бойы жүз мыңға жуық адамды ай сайын 4-5 мың теңгеден ынталандыруға жетеді екен) негізінен осы ынталандыру шараларына бағыттаса. Сонымен қатар, бюджет саласында істейтін қызметкердің жалақысына 25% қосу дегенді теңгермешілікпен емес, жұмыс нәтижесін байланыстырған жөн. Сондай-ақ, студенттердің шәкіртақысына да мемлекеттік тілді меңгеруіне қарай үстеме берілетін болса, олардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен ынтасы артатыны күмән тудырмайды.
Азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау қызметін Тіл комитеті өз мойнына алып, жер-жерде тіл мамандарынан құралған сертификаттау комиссиялары құрылса. Сертификаттау 3 сатылы жүргізілсе, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жоғары, орташа және төмен деген үш сатыға бөліп, ынталандыру сол деңгейлерге сәйкес жүргізсе, соған қарай адамдардың мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі де біртіндеп көтерілер еді.
Ал ғылым, білім саласындағы қазақ тілінің жай-күйіне келетін болсақ, оған да осы ынталандыру тәсілін қолданудың маңыздылығы зор. Мысалы, қазіргі таңда ғылым мен техника саласының басылымдарына жарияланатын еңбектердің көпшілігі (80-90 пайыз) орыс тілінде жарық көреді. Бұл да болса қазақ тілінің ғылым, білім саласында қадамын аштырмай тұрған тар құрсаудың бірі болып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін де авторларды ынталандырудың жолдарын қарастыру қажет. Мысалы, қазір біздің елдегі барлық дерлік басылымдар мақала авторынан төлемақы талап етеді. Егер қазақ тілінде жазылған мақалаларға жеңілдік жасайтын болса, ол да бір оң нәтиже беретін шара болмақ. Осы орайда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде жүзеге асыра бастаған, үлгі боларлық іс-шаралар туралы айта кеткен жөн сияқты. Заң талабына сай университет көлемінде жыл сайын нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, әкімшілік тарапынан шығарылатын бұйрықтар мен өкімдерді тек қазақ тілінде ресімдеу, мемлекеттік тілді үйренудің ақысыз курстарын ұйымдастыру, орыс тілді өзге этнос өкілдері арасында тұрақты сайыстар өткізіп, жеңімпаздарды моральдық және материалдық тұрғыда марапаттау, оқытушылар құрамының бос орындарына үміткерлерді іріктеу кезінде мемлекеттік тілді меңгерген оқытушыларға артықшылық беру, студенттер арасында мемлекеттік тілді игерудің маңыздылығын кең көлемде, тұрақты түрде насихаттау сияқты игі шараларды іске асырудың нәтижесі – оқытушылар мен студенттердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып, қазақ тілінде білім алатын топтар саны 40%-ға, оқу-әдістемелік әдебиеттерді даярлау көрсеткіші 50%-ға өсті. Сонымен қатар, 2008 жылы қалалық тілдер басқармасынан “Мемлекеттік тілді енгізуші үздік мекеме” атты қала мекемелері арасында ұйымдастырылған конкурста біздің университет бас жүлдені жеңіп алды.
Университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен 2010 жыл білім ордасында Мемлекеттік тіл жылы деп жарияланып, осы бағытта ауқымды іс-шараларды атқару жоспарланып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген игі табыстарымыздың бірі елімізде жыл сайын қазақ мектептері мен бала бақшаларының көптеп ашылуымен қатар, республика бойынша қазақ тілінде білім алушы балалар санының өсе түсуі дер едік. Әйтсе де анадан туа естігені, көрген білгені тек орыс тілі ғана болған жас ұрпақтың жарыса өсіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Келешекте қазақ халқы қазақ тілді және орыс тілді қазақ болып екіге бөлініп, кетпей ме? Егер жағдай дәл қазіргідей жалғаса берсе, бұл айырмашылық жыл өткен сайын ұлғая түсуі мүмкін. Бара-бара бұл қоғамдағы тұрақсыздық пен қайшылықтарға ұласпауына кім кепілдік бере алады?!
Сондықтан мемлекеттік тілді балаларға сәби жасынан бастап үйрету кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, дәл осы шараны нақтылай іске асыру жай-күйі қазірде тым жеткіліксіз болып тұр. Бұған бір мысал, елімізде бүлдіршіндер мен мектеп жасындағы балаларға арналған бір де бір телеарнаның жоқтығы. Сол себепті де балаларымыздың ала таңнан кеш батқанша көретіні тек қана орыс тілінде шығатын jetx сияқты арналар. Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы: “Біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа табиғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиістіміз” дей келе, “Бүгінде біз қазақстандықтардың өскелең ұрпағының бойында мемлекеттік тілді білуге деген қандай қызығушылықтың оянып жатқанын көріп жүрміз. Мұны барынша ынталандыру қажет” деп атап көрсетті. Ендеше, жас ұрпақтың мемлекеттік тілмен сусындауы үшін арнайы теледидар арнасын ашудан бастап, барлық жағдайды жасау мемлекеттің қолынан келмейді деп кім айта алады?!
Қорыта айтқанда, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтере отырып, қолданыс аясын республика көлемінде ұлғайту үшін заң да, қомақты қаржы да қажет. Әсіресе, жыл сайын бөлінетін мол қаржыны тіл мәселесінің ең жанды жеріне, яғни жалпы халықтың қызығушылығын арттырып, азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қарай ынталандыру шараларына тиімді жұмсай алатын болсақ ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізген болар едік.
Сайт ЗАХАН, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.