04 Қыркүйек, 2010

Өрнегімен мерей өсірген ғимараттар

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Самұрық-Қазына” Жылжы­май­тын мүлік қоры” АҚ-қа тиесілі “Северное сияние” және “Изумрудный квар­тал” тұрғын үй-әкімшілік кешенін аралап көрді. Екеуі де Астанадағы құ­рылыс нысандарын аяқтаудың дағдарыс­қа қарсы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Астананың өркендеп, гүлденуін ерек­ше өз бақылауында ұстап келеді. Көптеген нысандардың пайдалануға берілуіне орай арнайы барып жақын танысуы да сондықтан. Есілдің сол жағалауынан орын тепкен өзіндік сәулет үлгісі бар “Солтүстік шұғыласы” тұрғын үй кешенімен танысып шыққан Елбасы оның құрылысына оң баға берді. Құрылысты жүргізген елімізге белгілі “Базис-А” компаниясы. Біз сәл ертерек келіп, Елбасының келуін толқи әрі тағатсыздана күтіп тұрған “Базис-А” компаниясының басшысы Александр Беловичті сөзге тартқан едік. Ол өз компаниясының Астана мен Алма­ты қалалары және Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында құрылыс жүргізіп келе жатқандығын тілге тиек ете келіп, дағдарыс басталғалы бері 2 жыл бойы жаңа нысандар құрылысын баста­ма­ғандықтарымен бөлісті. Тек биыл ғана, яғни жағдайдың тұрақтануына орай жаңа құ­рылыстар қолға алынады, дейді ком­па­ния басшысы. Оның айтуынша, рынокта жоғары сыныпты пәтерлерге деген сұра­ныс жоғары, сондықтан да құрылыс жұ­мыс­тары жалғасын табатын болады. Тұрғын үй кешенінің аяқталуын қар­жы­ландыру туралы келісім осыдан екі жыл бұрын Жылжымайтын мүлік қорымен жасалған-ды. Соның негізінде “Солтүстік шұ­ғыласы” тұрғын үй кешеніндегі құры­лысты аяқтау үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны белгілі болып отыр. Билеп тұрған тұрғын үйлер кейпінде салынған кешен үш негізгі ғимараттан және астыңғы қосарланған ортақ ғимарат­тан тұрады. Мұнда негізінен негізгі инфра­құрылым шоғырланған. Яғни, тұрғандар далаға шықпай-ақ сән салонына, спорт­залға, бассейнге бара алады. Сондай-ақ балаларды қарауға қалдыратын орын да бар. Ерекше үлгідегі “биші” ғимараттардан тұратын кешеннің жобасын отандық сәу­лет­ші Яков Вениаминович Эзау бастаған жобалау фирмасы әзірлепті. Қазіргі таңда кешендегі үш нысанның соңғысы – “бизнес” сыныпты тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның 30 пәтері  үлес­керлерге тиесілі екен. Ал қалған 135 пәтер қордың иелігінде. Аталған пәтерлер артынан сатып алынатындай етіп жалға беріледі.  “Самұрық-Қазына” Жылжымай­тын мүлік қоры” АҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары Нұрлан Нұрғалиевтің айтуынша, нысан құрылысы 2009 жылдың сәуірінен басталған. Ал қорға тиесілі 135 пәтер жалға беру бағдарламасы бойынша рынокқа шығарылады. Бұл жерде бір шаршы метрге жал бағасы 1300 теңгені құ­райтындығын айта кету керек. Жылжымайтын мүлік қорының қара­мағында 27 тұрғын үй құрылысы болса, соның 26-сы Астана қаласында шо­ғыр­лан­ған. Үстіміздегі жылы осы нысандар­дың 11-і пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі кезде “Ақжайық” және “Аль Арка” тұрғын үй кешендері пай­далануға берілген. Сондай-ақ Момышұлы мен Мирзоян көшелерінің қиылысында орын тепкен “Мария” тұрғын үйі салынып бітсе,  онда 88 пәтер бар екен. Оның 49-ы қорға тие­сілі, ал қалғандары үлескерлердің үлесін­дегі пәтерлер. Нұрлан Аманжолұлы пәтер­лерді бірден сатуға шығармаудың артында олардың алып-сатарлардың қолына өтіп кетпеуі қарекеті тұрғандығымен түсіндірді. Сатып алуға ниет білдірген адам алдымен сол пәтерде бес жыл бойы тұруы тиіс. Мұнан кейін Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Изумрудный квартал” әкімшілік кеше­ні­не ат басын тіреді. – Астанамыздың ішінде жаңа тамаша ғимараттар іске қосылып жатыр. Мына “билеп” тұрған үш үйді көріп тұрсыздар, елі­міздегі ең тамаша пәтерлер осының ішін­де болайын деп тұр. Оның ішінде мың­нан аса пәтер болса, сонымен бірге, астында автокөлік қоятын  жері мен дүкендері салынуда. Ал мына бульвардың бергі жағында Астанадағы ең биік 47 қабатты үй салынып, келер жылы бітетін болады. Сонымен, орталықтағы ең үлкен ғимараттар мен тұрғын үйлер, офистер бітіп,  ары қарай елордамыз өз бағытымен өркендеп өсе береді, – деген Елбасы Астанадағы үлескерлер мәселесінің де өз шешімін тауып, салынып жатқан тұрғын үй кешендері жалға берілетіндігін және олардың жалға төлеген ақшалары кейін сол үйді сатып алу қаржысына қосы­ла­ты­нын жеткізді. Сондай-ақ Президент мем­лекеттік қызметкерлерге арналған мем­ле­кет­тік үйлер болатындығын да айтты. – Тәуелсіздік сарайының оң жағынан үлкен тарихи музей салынса, жаңадан көрермендер көзайымына айналатын опера және балет театры орын тебетін болады, – деген Мемлекет басшысы осы­мен қаланың ішіндегі тұрғын үй, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени нысандар құрылыстарының барлығы бұйыртса, келер жылы тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерекесіне орай аяқталатынын мәлімдеді. Осы ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Астананың әкімшілік орталығында телеарналар орналасатын медиа-кешен салынып жатқанын да назардан тыс қалдырмады.  – “Бұл жерде “Хабар” және “Қазақстан” телеарна­лары­мен қатар, өзге де телеарналар орнала­сатын болады”, – деді Президент. “Изумурудный квартал” әкімшілік ке­шені елорданың Есіл өзенінің сол жа­ғалауында сулы-желекті бульварда орна­ласқан. Бұл нысан келер жылы қарашада жалпы қолданысқа берілуі тиіс. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде экономикалық айналымға 112 мың шаршы метр коммер­циялық ғимарат, қаржыландыру құны 25 миллиард теңгеден асатын 750 паркинг айналымға енгізілмек. Биылғы жылдың 1 тамызына қарағанда жылжымайтын мүлік қоры жалпы сомасы 90,7 миллиард теңгеге 27 құрылысы бітпе­ген нысанды қаржыландыру жөніндегі келісім жасалған. Оның 24 нысаны (69,67 миллиард теңге) Астана қаласында, 2 нысаны Алматы қаласында (4,75 миллиард теңге), 1 нысаны Алматы облысында (16,05 миллиард теңге) шоғырланған. Жыл басында 2 құрылыс нысаны (“Аль-Арка”– 153 пәтер және “Ақжайық” – 96 пәтер) пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін 8 нысан және кезегімен 4 нысан пайдалануға беріліп, осылайша 1502 үлескердің проблемасын шешу көзделген. Тағы да жалпы құны 44 миллиард теңге болатын 8 нысанды қаржыландыру жайы түрлі деңгейде қарастырылуда. Сөйтіп, нысандарды қаржыландыру шеңберінде 3304 үлескердің проблемасын шешу жоспарланған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,  Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.