БОЛАШАҚҚА САУ КӨЗБЕН ҚАРАЙЫҚ
Елбасының Жолдауларында қоғамдағы адам денсаулығын қорғау мен саламатты өмір салтын қалыптастыруға баса мән берілсе, өңірде осы мақсаттағы жұмыстардың тиянағы келтіріліп келе жатқаны қуантады. Өңір халқына медициналық қызмет көрсету бағытындағы нақты жұмыстармен бірге, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде қағидатына бағытталған шаралардың жалғасын табуы осының нақты дәлелі. “Денсаулық жолы-2010” бағдарламасы бойынша “Болашаққа сау көзбен қарайық” тақырыбындағы облыстың барлық аймақтарын қамтыған насихат жұмысы көпшіліктен қолдау тауып, Талдықорған, Талғар, Іле, Қарасай және басқа өңірлерде жалғасты. Акция барысында дамыған қоғамдағы техниканы меңгеру кезінде қос шырақты сақтау, оны түрлі аурулардан қорғау мәселелері ортаға салынды. Көз – адамның айнасы деген. Таңның атысы, күннің батысы компьютер мен теледидарға тесіліп, оны өмірінің белгілі бөлшегіне айналдырғандықтан, жалт еткен жанарға түсетін салмақ үлкен екені даусыз. Әр адамның денінің саулығы – қоғамның саулығы деген акция барысында дәрігерлер кеңесін тыңдап, көру шамасын анықтау мен емдеуге қатысқандар алғыстарын жеткізді. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * * *САҒЫНДЫРҒАН ӘНДЕР-АЙ!
“Сағындырған әндер-ай” ретро әндер фестивалі тұңғыш рет Өскеменде дүрілдеп өтті. Оған облыс әкімі Б. Сапарбаев қатысты. Қазақстанның өнер жұлдыздары Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Ілиясова, Мақпал Жүнісова, Майра Нүркенова, Махмут Тойкенов әннен шашу шашты. Нұрғали сонау жетпісінші жылдарда ақын Зарықбай Ыбыраевтың шығарған “Өскеменім” әнін шырқаған кезде атшаптырым зал іші сілтедей тынды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. ӨСКЕМЕН. * * *“БАЯНТАУДЫҢ” РЕДАКТОРЫ – ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСТ
Шакрат Шалбай аудандық газетте 50 жыл бойы қызмет етіп, ғажайып жердің, елдің қадірін ұлықтап, өткеннің шежіресін, тау баурайында отырған ауылдардың тыныс-тіршілігін қолындағы қаламмен өрнектеп бүгінге жеткізіп келеді. Табиғатына бүкіл қазақ тамсанатын Баянауылдай жердің атағына сай аудандық газет те “Баянтау” деп аталады. Осы жерде өскен кішкене баладан қарттарына дейін “Баяным, Баянтауым” деп отырады. Бүгінгі “Егемен” келді ме деп елеңдеп, газет қолына тигенше тықыршып отыратын ағамыз оқи сала біздің тілшілер қосынына жиі телефон шалып, мақалалар жайында ой бөлісіп, пікір білдіріп жатады. “Егемен” деген сөздің өзі қандай, ә! Кезінде осы бір ауыз сөз елдің шаңырағын биікке қашан шығарады деп армандаушы едік, сол күнге қол жетті, енді сол егемендікті, елдікті қорғап, сақтап қалу – біздің міндетіміз, ал Баянауыл дегеніңіз тұнып тұрған шежіре, тарих, жиған-терген жетеді, оны кейінгі ұрпаққа несібе ғып жазып қалдырармыз”, – дейді Шалбай. Ардагер журналист 50 жыл бойы аудандық газетте еңбек етсе, аудан әкімі Ернұр Айткенов бастап аудан әкімдігі шығармашылық кешін өткізді. Қалам тербеген көп жылғы қызметі үшін “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері болған ағамыз енді еліміздің Журналистер одағы ұсынған “Қазақстанның құрметті журналисі” белгісімен марапатталды. Ол өз маңайына жас тілшілерді топтастырды, журналистиканың қыр-сырын үйретіп, көп білу, көп оқу-тоқу керектігін назарға салды. – Ал қолға қалам алған қазақ журналисі үшін тіл тағдыры, ел мен жердің беріктігі, ауыл-елдің бүтіндігі, жалпы Отанымыздың патриоттық үні, дауысы болуы керек, –дейді Ш.Шалбай. Көргені мен білгені көп, тау баурайындағы қасиетті жердің сыр бүккен әр тасын сөйлете алатын, сарғайған қойын дәптерлерін байлығы көретін журналист ағамызға біз де шығармашылық табыс тілейміз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.