Мәселенің мәнісі
Қазір ғаламтордағы Бақыт Сәрсекбаевтың Бейжің Олимпиадасынан кейін Алматы қаласы әкімдігі сыйға тартқан пәтерінің дауы жайлы жазған өтінішіне байланысты пікір айтушылар көбейіп кетті. Біреу дос пиғылмен тілектестік білдіреді. Баяғыда бір байғұстың үйі өртеніп, өзі алау-далау болып жүрсе, көршісі сол отқа сойылған малының басын үйітіп жүр дейді. Сол сияқты Үкіметке, жалпы Қазақстан билігіне іштей қыжылы барлар орайы келіп тұрғанда ұпайларын Бақыттың арызынан түгендеп әлек. Кесіп айтайық, Азия ойындары мен Олимпия ойындарында Қазақстанның мерейін үстем етіп, қоржынымызға сыңғырлатып алтын медальдар салған Бақыт Сәрсекбаев бес миллион долларды қалтасына басып, жел айдаған ебелектей қай жерде пайда көбірек, соған жүре беретін велошабандоз Альберто Контадор емес. Испанның баласының үстінен сары алтын ерітіндісін құйса да қазақ үшін Бақыт Сәрсекбаевтың орнын баса алмайды. Ал, Бақытқа алтыннан сарай салып берсе де еш артық болмайды. Бірақ, біз неге Бақытқа жанымыз ашығансып, неге оны осыншалықты мүсәпір етіп жібердік. Сырт көз осы даулы пәтер болмаса, Бақыт Сәрсекбаев далада қалғандай көреді. Расында, солай ма? Мына Куба деген елдің боксшыларын әлем мойындайды. Сол елдің басшысы Фидель Кастро қара қабыландары алтындарды саудыратып алып келгенде мемлекет тарапынан бес-алты мың доллар шамасында көмек бергізеді екен. “Кейбір мемлекеттер Олимпиада чемпиондарына жүз мыңнан доллар береді. Ал, одан Кубаның батыры деген атақ ардақты ғой”, деп көсіледі екен ол. Соңғы жылдары Кубаның қабыландары Кубаның батыры атағынан гөрі көк қағазды көбірек жақсы көре бастағанға ұқсайды. Реті келсе, мұхитты қайықпен жалдап Америкаға қашып кетуге құмбыл. Спортшыларының қадірін білетін мемлекеттердің бірегейі – Қазақстан. Олимпия ойындарының жеңімпазы 250 мың АҚШ долларын алады. Біздің тырнақша ішіндегі достарымыз осыншалықты сүмірейтіп жіберген Бақыт ініміз де осы сыйақыны алды. Ата-бабасының өсіп-өнген жері Мақтааралға жолы түскенде елінің, ерінің садағасы болған бір азамат бүгінгі замандағы ең мықты автокөліктердің бірі – Джип – “Ланд Круизердің” кілтін ұсынды. Басқаларын сөз етпей-ақ қоялық. Мемлекет бағалады, ел төбесіне көтерді деген осы. Сәрсекбаевқа Алматы қаласы сыйға тартқан пәтер мәселесі де шешілер, әрі-бері тартып, батырымыздың бағасын төмендетпей-ақ қояйықшы. Осы еді айтқымыз келгені. Біз Бақыт Сәрсекбаевтың бағасын білдік пе? Бүгінде айқайға аттан қосып жатқандар Бақыт ауыр таңдауда қалғанда қайда болды? Патриот болу әсіре қызылдық емес қой. Осы сауалдарға жауап іздеп көрейікші. Ең алдымен Бақыттың туған жеріне келсек, кіндік қаны қазақ жерінде тамды. Оның балалық шағы өткен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпия ойындарының жеңімпазы Әлжан Жармұхамедовті берген топырақ – Табақсай ауылы, бұрынғы Бостандық ауылы, Шерхан Мұртазаның көзінен бырт-бырт жас шығарған жер жәннаты Шымған-замананың опай-топай желінен көрші мемлекетке өткен қазақ жері. Қазақ Сәрсекбаев Өзбекстанда жүріп Азия чемпионатының бас бәйгесін жеңіп алды. Алайда, Афина Олимпиадасына бару мүмкіндігі болып тұрып, бара алмады. Өзбек ағайындар біздің өз пайдасына келгенде әсіре ұлтшыл болып қалатын кейбір азаматтарымыздай емес, ұлтжанды. Олимпиадаға бару үшін қазақ Бақыт Сәрсекбаев өзбек Бақыт Сәрсекбаевқа айналу керек еді. Еменнің иір бұтағындай біздің жігіт “жаным – арымның садағасы” дейтін бабасының сөзін дәлелдеп, ұлтын өзгертуден бас тартты. Олимпиадаға Сәрсекбаевтың көлеңкесінде жүрген Дилшод Султанов барып, жүлдегер атанып қайтты. Атақ-даңқынан ұлтын жоғары қою – Сәрсекбаевтың ұлы ерлігі еді. Бақыт Қазақстанға келді. Шәкірті үшін отқа түсуге даяр бапкері Кәрім Махұдов бір топ көгенкөздерін ертіп ол да Қазақстанға өтті. Бақытқа даңғыл жол ашылды-ау дерсіз, жоқ. Атырауда Владимир Ульянов деген жақсы боксшы бар еді. Қазақшаға судай. Бір күні бір жарыста Елбасының алдынан “Ассалаумағалейкүм” деп шыға келмей ме. Әрине, ыстық ықыласқа Елбасы да лайықты жауап қайтарады. Біздегі көзінің астынан арғыны көре алмайтын, билік емеурін білдірсе басын атша шұлғитын міскіндер Елбасының осы ықыласын басқаша түсініп, Ульяновты көтеріп бақты. Талай жарыстарда Сәрсекбаев арбаға байлап қойып сабамады демесеңіз, местей етіп ұрса да шіміркенбестен Ульяновтың қолын көтеретін. Қаншама рет дабыл қақтық. Бақыт көретін құқай бұл ғана емес екен. Афина Олимпиадасының қаһарманы Бақтияр Артаевтың сынға түсетін салмағы 69 кило еді. Сәрсекбаев та осы салмақта. “Мен үшін Олимпия ойындарының чемпионы бөгет емес. Шаршы алаңда қай жеңгеніміз қаламыз”, деді. Тап осылай деді. Бақыттың бақытына орай, Бақтияр сәл ауырлап, келесі салмаққа өтті. Туризм және спорт министрлігіне, маған сенім білдірген “Егемен Қазақстан” басшылығына, ұжымына мың қайтара рахмет, мен Бақыт Сәрсекбаевтың Азия ойындары мен Олимпия ойындарындағы алтыннан олжа салған жұлдызды сәттеріне куә болдым. Сол сарайда жеңімпаз жұтқан ауаны жұтып тұрып. Әр соққысын сәт сайын қағазға түсіріп тұрып. Сондықтан Бақыт жайлы ақтарыла әңгіме айтуға хақым бар ғой деп ойлаймын. Азияның маңдайалды 45 мемлекеті қатысқан Азия ойындары қисынына жүгінсең, Азия халықтарының олимпиадасы деп аталады. Катарда Қазақстанға жалғыз алтынды Бақыт Сәрсекбаев әперді. Қарсыластарының қабырғасын біртіндеп сөгіп. Сол жарыста Қытайдағы этностық қазақ Қанат Исламды жартылай финалда жеңді. Марапаттау кезінде қос қазақ қасындағыларды ысырып тастап, биік мінбеде қазақ байрағын жамылып бірге тұрды. Күндей жайнап.Еркектер жыламайды дейді ғой. Мына сәтті көріп тұрып қуаныштан егілмеу мүмкін емес еді. Бұл спортшы ғана емес, елі үшін де зор бақыт еді. Бейжің Олимпиадасының қарсаңында Қарағандыда Қазақстан чемпионаты өтті. Бақытқа демалыс берілгендіктен, қатысқан жоқ. 69 кило салмақта Қанат Орақбаев чемпион атанды. Тағы шу шықты. Олимпиада алдында боксшылар Шымкенттегі “Бәйшешек” спорт- сауықтыру кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізді. Осы сәтті пайдаланып бас бапкер Дамир Буданбековпен пайдалы кездесулер өтті. Оңашалау бір сәтте ОҚО бокс федерациясының президенті Бейжіңге Сәрсекбаев емес, Қазақстан чемпионы Қанат Орақбаевтың баруы керектігін айтты. Қисынға салсаң солай. Біз төртеу едік. Облыс спортының дамуына зор үлес қосып жүрген бауырым да федерация президентінің сөзін қостады. Дамир өте ыңғайсыз жағдайда қалды. Маған үндемей қалуға болмайтын еді. Бәрін айттым. Өзбекстаннан елім деп келгенде маңдайынан сипау орнына қалай қақпайлағанымызды айттым. Дәл осы салмақта Сәрсекбаевтан мықты ешкім жоқ, обал жасамаңдар дедім. Досымның талағы тарс айырылды. –Бақтияр, сен Шымкенттің жігіті емес екеніңді көрсетіп қойдың. Жезқазғанның боксшысы болса бұлай сөйлемес едің. Облыстың патриоты емес екенсің,–деді. Отанға патриотты облыспен өлшейтін болсақ жетіскен екенбіз. Сол жолы барар жерімізге бірге бармай бөлек кеттік. Облыстың спортына зор үлес қосқан досымды түсінем. Облыстың аты шықса деген ниет қой. Сөз жоқ, Қанат Орақбаев біртуар боксшы. Талай таланттың көзін ашқан Нұрғали Сафиуллин “көрерсіз, Қанат сөзсіз Олимпиада ойындарының жеңімпазы болады. Дәл қазір Қазақстанда мұндай талантты боксшы жоқ”, деген. Бірақ, Қанаттың жолын бокстағы Батыраш-Қотыраштар оңдырмастай кесті. 57 және 60 килода Қанат екі Олимпиадаға бара алмады. 64 килода Серік Сәпиевтей саңлақ тұрғандықтан, салмағы жетпесе де 69 килоға өтті. Қазақ спортында қатты қиянат көрген осы боксшыны керемет жақсы көргенімізбен, сол мезеттерде ол Сәрсекбаевтан мықты емес еді. Әрі қарай белгілі ғой. Бейжің. Олимп биігі. Тағы да қос қазақ қазақ байрағын жамылып күндей жайнайды. Бақыт пен Қанат. Мұның бәрін неге айттық. Нәйеті бір пәтерге бола, ертең шешілетін мәселеге бола Бақытты аяғансып, төмен түсірмейікші. Аласартпайықшы. Бақыт Сәрсекбаев – қазақ спортының бір шыңы. Өрмелеп жылан шығатын емес, қыранның қанаты талып әзер жететін шыңы. Ет қызуымен елпілдеп пәтер кілтін ұсынған әкімдер де қатесін түзер. Сыйлық айтылған соң, берілуі керек. Бірақ, батырымыздың бағасын жеңілдетпейікші... Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионы атанды
Бокс • Бүгін, 16:40
Сағындық Тоғамбай Азия чемпионатының сегізінші алтынын нокаутпен жеңіп алды
Бокс • Бүгін, 16:20
Азия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05