08 Қыркүйек, 2010

Саламаттылық салты

866 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ТҮП ҚАЗЫҚТЫ МЫҚТЫ ҰСТАЙЫҚ Дәрігерлерге аурухана мен емхана жұмысында жайбарақаттық жоқ. Ақ желең киген әріптестерім бір сәт қарап отырмайды, таң­ер­тең келгеннен жұмыс уақыты аяқтал­ғанға дейін қарбаласта. Бір жақ­сысы, менің замандас дәрігерлерім­нің қайсысы бол­са да осы ма­мандықты ба­ла кезінен армандап, оған жүрек қалауымен келген. Алдынан ауыр науқас өтсе, жұмыс­тан тыс кезде де оның жағдайын ойлап, түн­гі кезекшіге хабарласып отыру әр дәрігерге үйреншікті әдет бол­ған. Медицина үнемі даму үстін­дегі ғылым болғандықтан, оған жыл сайын жаңалық қосылып отырады. Сондықтан дәрігер қан­дауырын ұстаған отыз жылдың ішінде науқасты емдеу жұмысы­мен қатар, кітаптан да қол үзбей, оқу­мен келеміз. Оның үстіне елі­міздің денсаулық сақтау саласында реформа жүріп жатыр. Материал­дық база да нығайған, ауруханалар мен емханалар бұрын түсімізге де кірмеген шетелдік өте сезімтал құ­рал­дармен жабдықталуда. Осы ең­бек­тің барлығы да адамдарды нау­қасынан айықтыру үшін жасалады. Алайда, әлеуметтік зерттеулер нә­тижесі көрсеткендей, адам денсау­лығының он пайызы ғана меди­циналық көмекке, қалғанының барлығы қоршаған ортаға, өзінің күтінуіне, саламатты өмір сүруіне байланысты. Бұған белгілі ауру­лар­дың тұқым қуалаушылығын да қосуға болады. Саламатты өмір салтын адам­дар, біздің алдымызға ауруын мең­детіп келіп жататын науқас жандар қалай түсінеді деген ойға қаламын. Профилактика немесе белгілі бір аурудың алдын алу жұмыстары­ның көбіне науқандық сипаты ба­сым болады. Ал саламатты өмір сал­ты науқан емес, бұл адам­дар­дың өмір сүру мәдениеті дер едім. Мұның негізі біздің хал­қы­мыздың салт-санасында, дәстү­рін­де, ха­лық­тық педагогикасында жа­тыр. Көшпенділер қыстауын тас­тап, жазд­а жайлауға шығып отыр­ған. Қа­зіргідей өзен-көлдердің жа­ға­сы­на мінгестіріп үй салмай, мал­дың қотанын көлдің жағасынан қа­шық­тау ұстаған. Жылқы мінез қа­зақ таза су ішкен, кең сахара­ның таза ауасын жұтқан. Айран мен құрт, шұбат пен қымыз әрі та­ма­ғы, әрі дәрумені болды. Рас, қазір­гі­дей медицинаның дамыма­ған кезінде қазақ даласында бала өлімі аз болған жоқ. Бірақ толар­сақтан саз кешіп, түн қатып жүріп елді, жерді қорғаған батырла­ры­мыз табиғи сұрыптаудан аман қалған ұлдар екенінде дау жоқ. Қазір құлаққа ерсілеу естілсе де, аталарымыздың салтындағы бесік құда, жақсы жердің қызын алу деген ұғымдар да қазақ дала­сындағы саламатты өмірдің бір көрінісі еді. Өйткені, жеті атасына дейін қыз алыспаған қазақ халқы тұқым тазалығына, бүгінгі меди­ци­на тілімен айтсақ, генетикаға үл­кен мән берді. Мұның дәлелі та­рихта жетіп жатыр. Анасы жағы­нан да, атасы жағынан да ірі тұ­қым­нан өрбіген ұрпақ Абай, Шо­қан, Ыбы­райлар осының тамаша мысалы болып табылады. Халқы­мыз “Үйдің жақсы болуы – аға­шы­нан, ұлдың жақсы болуы – на­ға­шыдан” деп бекер айтпаған. Әри­не, жастар арасындағы махаббат сезімін жоққа шығармаймын, де­генмен Кеңес Одағы кезіндегі ұлт­тық сая­саттың дұрыс жүргізілмеуі халқы­мыздың көптеген дәстүр-сал­тын жұтаңдандырып ғана қоймай, ұмыттырды. Оның ор­­ны­на өзгенің жақсысына емес, жа­манына елі­к­теп-солықтадық. Бұл әсіресе, хал­қымыздың ұрпағын жалғасты­ра­тын қыз бала тәрбиесінен көрінді. Жас кезде ашық-шашық жүру, су­ық тигізу салдарынан әйелдер ау­руы, ұлттық тәрбиенің босаңсуынан жасанды түсік көбейді. Медицина ғылымының өзінде табиғи үдеріске, халықтың ғасырлар бойы қалыптас­қан әдеті мен салтына қарсы тұру күткен нәтиже бермеді. Ана мен ба­ла­ның күтімі жөніндегі медицинада бекітілген шаралар бүгінде толы­ғымен теріске шығарылып отыр. Мысалы, бұрын перзентханада бала туғаннан кейін оны медбикелер кіндігін кесе сала алып кететін, шы­рылдап жылап жатқан нәрестені үш сағат толмай дәрігерлер емізуге анасына әкелмейтін. Бірінші уызын балаға емізбей, сауып тастататын. Жаңа туған сәбиге қажеттің бар­лы­ғы алдымен уызда болатынына ме­дицина ғылымында мән берілмеді. Ал әлжуаз, соған қарай ісінде де, ойлауында да қатарынан қалыс қалып жататын жандарды әжелері­­міз “уызына жарымаған” дейтін. Даланың данагөй аналары ұлттың мықтылығы ұрпақ денсаулығында жатқанын білген! Ал бүгінде әйелдер сымбатымыз бұзылады деп, баланы емшектен ерте шығарып жіберетін болды. Міне, осының бар­лығы да тұтас әлжуаз, аурушаң ұр­пақтың өсуіне әкелді. Оның үс­тіне өткен ғасырдың екінші жарты­сында, соғыстан кейінгі жылдары біздің ұлтымызда да “аға халыққа” еліктеп, араққа үйірлік етек алды. Тіпті арақ ішіп, ортаның шырқын бұзатындарға “қайтесің, ішіп алған ғой” деп кешіріммен қарау түсінігі де қалыптасты. Ерлерді қойып, әйелдердің араққа салынуы да үйреншікті көрініске айналды. Оның соңы ұрпақ денсаулығына әсер етпей қоймайтын еді. Арақтың салдарынан өмірден ерте кетіп қалған талантты жандар қаншама. Қызыл саясаттың құрсауында рух бостандығы болмаған халқымыз сөйтіп, өзінің ата дәстүрімен, сал­тымен, тұрмыс-тіршілігімен бірге қалыптасқан саламатты өмір сал­тын босаңсытып алды. Қазір, бай­қап жүремін, той-томалақтарда адам­дар спиртті ішімдіктерді шама­дан тыс көп ішпейді. Бұл қоғамдағы мәдениеттің өскені деп білемін. Шүкіршілік ету керек. Бүгінгі қоғамда адамдар масыл­дық психологиядан арылып келеді. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде қан­ша ауырсаң да, мемлекет еңбек­ақыңды төлейтін. Содан да болар, адамдар ақшасы жүріп жатқан соң, “ауыруға” қорықпайтын. Қазір олай емес, ауырып жұмыстан қалсаң, жәрдемақы белгілі күндерге ғана төленеді. Еңбекақысының жайын ойлаған адамдар жұмыстан қалмау­ға тырысады. Бірақ саламатты өмір салты мұнымен қалыптасып кетеді деу ерте болар. “Денсаулық – бас­ты байлық” екенін түйсінуі үшін ал­дымен әр адам оған деген жауап­кершілікті сезінгені абзал. Арақ ішпеген, темекі тартпаған, есірткі қолданбаған, спортпен, дене­ шы­нық­­тырумен айналысқан, уақ­ты­лы, дұрыс тамақтанған адамның өз­гелерге қарағанда сирек ауыратыны дәрігерлерге бесенеден белгілі жай. Қазақ даласында әлі күнге тамы­рына балта шабылмай келе жатқан туберкулез ауруына қарсы жұмыс­тар да өзінің денсаулығы үшін әр адамның жауапкершілігіне басым­дық береді. Академик Төрегелді Шарманов өткізген бір мәжілісте болғаным бар еді. Сонда Төрегелді ағамыз “Туберкулезді қазақтың маңдайына жазып қойған ба? Осы ауру отызға толмай жұлынын үзген Шоқандай асылымыз, Сұлтанмах­мұттай ақынымыз айта берсек, тіпті көп” деп қиналған еді. Әлеуметтік ауру саналатын туберкулез ошақ­тарының көпшілігі әлі де қазақ ауылдарында. Осы жерде саламатты өмір салтын қалыптастыру кешенді жұмыстарды талап ететінін де жоққа шығаруға болмайды. Ауыл­дық жерлерде қазір ауыз су мәселесі өткір. Алыс ауылдарда қыс айла­рын­да отын мәселесі де өткір тұра­ды, жұмыссыздық тұрмысты әлсі­ре­теді. Сонымен қатар, осы ауру бас­талысымен оны ауыздықтап тастау­ға біздің менталитетіміздің өзі әлі жібермейтініне қынжыласың. Ауыл адамдары көпшілік жиналған жерлерде туберкулезбен ауыратын кісі табақтас болса, оның көңіліне қарап ешнәрсе айтпайды. Ауылда­сының ауырып жүргенін білсе де, тағы да оның көңіліне қарап, “барып емделсейші, жұртқа жұғады ғой” дегенді ескерте алмайды. Де­генмен, қазір ауылдарда фельдшер­лер туберкулез анықталды дегенше, оған қаратып қоймайды. Тубер­ку­лезге қарсы күрес диспансерінде ем­деліп жатқан құдасының, құда­ғиы­­ның немесе жора-жолдасының көңілін сұрап, жағдайын білмесек, бармасақ ұят болады деп, науқас­тың тағы көңілін жықпайды. Ал осы ауруға шалдыққанын білгендер оны басқалардан жасырады. Қа­­­закем “ауруын жасырған өледі” деп ескерткен еді ғой. Жасыр­ған­дық­тан бүкіл отбасына жұғып, баласына дейін құрт ауруынан кеткен от­басыларын білемін. Бұл – қасірет. Екіншіден, саламатты өмір сал­тын ұстанған ел болуымызға әр от­басынан, әр адамның өзінен бастау алатын тәрбие жағы да ақсап жа­та­ды. Көк құрақтай енді жетіліп, жел­кілдеп өсіп келе жатқан жас­өс­пірімдер темекі шегеді. Олар оны үй­де әкесінен, тіпті анасынан көріп өсе­ді. Нағыз орда бұзар жасында олар­­дың денсаулығы сыр береді. Тіпті менің кейбір әріптестерімнің өзі зиян екенін біле тұра, темекі ше­­геді. Бұл да тәрбиеден басталған жа­ман әдет екенін жасырып керегі жоқ. Саламатты өмір салтын қалып­тастыру, оны насихаттау жұмыс­та­ры қоғамда әлі де шынайылықпен жүргізіліп жатқан жоқ. Тіпті ден­сау­лық сақтау саласының өзінде оған әлі де атүсті қарайтын тұстар бар. Мысалы, дәрігерлер айына төрт сағат өзі емдейтін ауруларға қарсы про­филактикалық жұмыстар жөнін­де адамдар арасына барып, әңгіме өткізуі қағаз жүзінде жазылға­нымен, соны атқаруға уақыт табыла бер­мейді. Өйткені, қазір маман жетіс­пейтіндіктен, ауруханада да, емха­на­ларда да дәрігерге жүктелген жұмыс тым көп. Біздің Қостанай об­лыстық офтальмологиялық ау­руханасына он жылдан бері жас мамандар келген жоқ. Ал ауылды жерлердің көп­шілігінде көз дәрігері тіпті жоқ. Қазір медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарына мемлекеттік гранттар көптеп бөлі­ніп жатыр. Үкіметіміз мұны дұрыс ойластырып отыр. Бірақ біздің мек­теп бітірген түлектеріміз дәрігер ма­мандығын тегін білім алып қалайын де­ген ниеттен емес, жүрек қалауы­мен таңдаса екен. Бұл үлкен мәсе­ле. Мамандығын жақсы көрген дәрігер өмір бойы шығармашылық­пен жұмыс істейді, халқының денсаулығының жақсаруына, ұл­тының, ұрпақтың мықты болуына қызмет етеді. Бір жақсысы, қазір елі­мізде медицина дамып келеді, жа­ңа емдеу технологиялары, әдіс­темелер енгізілуде, жаңалықтар көп. Соған сәйкес, емдеу орындары бұ­рын естіп-білмеген құралдармен жаб­дықталуда. Жас дәрігерлер тек із­деніп, білімін жетілдіре түссе мақ­сат­қа да жетеді. Осыдан жиырма-жи­ырма бес жылдай бұрын Аман­гел­ді аудандық ауруханасында қыз­мет істеген кезімде медицина құ­рал­дары жетіспейтін еді. Гинеко­логияда қолданылатын кольпос­коп­ты ауылдағы автобазаның слесаріне апарып, кері дәнекерлетіп алып, көз қарайтын микроскоп етіп пай­даланғаныма қазір күлкім келеді. Бірақ бұл жас дәрігердің меди­ци­налық кітаптарды оқып, шарқ ұрған ізденісінің нәтижесі еді. Халқы­мыз­дың қанында бар намыс болашақ жас дәрігерлерімізден табылса екен деймін. Олардың тарапынан өзге жұрттар енгізіп жатқан жаңалық­тар­ды, әлемдік медицинаның жетіс­тіктерін біз де игереміз деген құл­шыныс болса, Қазақстан медици­насы да қарыштап дамитын уақыт алыс болмайды. Өзім көз дәрігері болғандықтан, саламатты өмір салтының осы салаға да қатысының үлкен екенін айтқым келеді. Офтальмология саласындағы емделетін аурулардың басым көпшілігі анықтай келгенде, әйелдердің аяғы ауыр кезде дұрыс күтінбейтіндігінен бастау алып жатады. Мұның өзі саламатты өмір салтының проблемасы емес пе? Жас күнімде бір кітаптан жігіттің жеті бақыты туралы даналық сөз оқығаным бар еді. Сонда ата-анадан кемтар болып тумаған және жаны таза жігіт бақытты деген сөз ғұмыр бойы жадымда жатталып келеді. Өмір сүріп отырған әр адам күнде таңертең күннің шапағын көруді, аспаннан жауған нұрды се­зінуді, туған жердің ауасын жұтуды, ең бастысы бабалар мұра еткен Отаныңа пайдаңды тигізуді ба­қыттың басы деп түсінсек екен. Ал елдің болашағы – жаны да, тәні де сау кейінгі ұрпақ үшін саламатты өмір салты туралы, түп қазығыңды босатпау туралы ойлануға әр ағайын міндетті. Серік ЖҰМАБАЕВ, Қостанай облыстық көз аурулары ауруханасының дәрігері, республика денсаулық сақтау ісінің үздігі. Қостанай. * * *

ЕКІ ТАМШЫ АЛТЫ ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАНЫ САЛ АУРУЫНАН САҚТАЙДЫ

Елімізде 6 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы вакцина салу басталды. Осыған орай Атырау об­лы­сына арнайы келген Мемлекеттік са­ни­тарлық-эпидемиологиялық қада­ға­лау комитетінің төрағасы-бас сани­тар­лық дәрігер Кеңес Оспанов дәрі­гер­лердің әзірлік жұмысын тексерді. Оның айтуынша, бұл жұқпалы дерт әлемнің бірқатар елдерін, атап айт­қанда, Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан және Нигерияда етек алып отыр. Ал Орта Азия елдері арасында биыл Тә­жікстанда аталған аурудың 564 жедел және жәй ошағы тіркеліп, сырқаттан­ған­­­дар­дың 19-ын ажал аузынан ара­ша­лау мүмкін болмапты. Бұл ауру Ре­сейде де байқалған. Көршілес елдер­дегі жұқпалы дерттің Қазақстанға, әсіресе, шекаралас облыстардың бірі – Аты­рауға таралу қаупін жоққа шығарма­ғанмен, әзірге мұндай сыр­қат тіркеле қойған жоқ. – Қазақстан балаларының 98 па­йы­­зы мезгілінде осы дертке қарсы вак­цина алып келеді. Бұл – Қазақ­стан жұртшылығын қауіпті індеттен сақтап отыр. Елімізде полиомие­лит­тің алдын алу үшін нақты шаралар қолға алы­нуда. Биыл ел бюджетінен 64 мил­лион теңге бөлініп, Бельгия елі­нен сапалық деңгейі өте жоғары вак­цина сатып алынды. Қазір барлық облыстарға таратылған вакцина бір апта ішінде 1 миллион 800 мың балаға салынады. Бұл – өте маңызды. Себебі, 6 жасқа дейінгі әр баланың аузына екі тамшыдан тамызылатын вакцина оны сал ауруына шалдығудан қорғайды, – деді бас санитарлық дәрігер Кеңес Оспанов. Осы аптада өзге өңірлер секілді Аты­рауда 67 000 балаға 2 тамшыдан вак­цина тамызылады. Бір қарағанда, 2 тамшыда тұрған не бар дейтіндер та­былуы мүмкін. Бірақ осы екі-ақ там­шының әр баланың келешегі үшін қан­шалықты маңызды екенін дәрі­герлер жұртшылыққа енді түсіндіріп жатыр. Ұя­лы байланыс операторлары да sms ха­барламалар жіберді. Қалай де­генде, мұ­ның саламатты өмір сал­тын қалып­тас­тыратын, дені сау ұрпақ өсіруге ба­ғыт­талған игі шара екендігінде дау жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.