Салтанат музей ашқысы келеді...
Газетіміздің облыстағы тілшілер қосынына хат жазған Салтанат Бектемірқызы Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында тұрады. Өзі жиырма жылдан бері аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келеді екен. Әнші, домбырашы. Осыдан он бес жыл бұрын аудан орталығындағы “Көктөбе” кинотеатрын талан-таражға түсіп, бұзылып кетпесін деп сатып алған көрінеді. Содан, 2006 жылға дейін кинотеатрда жастарға арналған ойын-сауық ұйымдастырып, қолынан келгенше аудан орталығының мәдени-рухани өмірі үшін пайдаланып, сақтап тұрыпты. Ал кейінгі кезде кинотеатр ғимаратын күтіп-баптап ұстау, жылу мәселесі, күзетші жалдау Салтанатқа қиынға түседі. Сырттан келіп қызығушылық танытқандар бұл үйді бұзып, құрылыс материалдарын алмақшы болыпты.
– “Мәдениет үйін бұздырғым келмейді, осы жерден аудан басшылығы өткенді, халқымыздың өнерін, салт-дәстүрін жаңғыртатын ұлттық мұражай, музей ашса деген ойым бар. Оған барлық жиған-тергеніміз дайын. Жөн-жобасын сызып, дайындап та қойдық. Тек қана музей емес, шығармашылық бір орталық та болар еді. Менің ойым осы бұрынғы кинотеатр үйін аудан бюджетінен азын-аулақ қаржы бөліп, сатып алып, оны аудандық мәдениет бөлімінің немесе мәдениет үйінің қарауына алып іске асырса, аудан орталығы үшін жақсы бір игілікті мәдени-рухани орталық болар деп ойлаймын”, – депті ол өз хатында.
Өзінің осындай ұсыныс-пікірін Салтанат облыс әкімдігінің сайты виртуалды қабылдау бөлмесіне де жазып жіберген екен. Оған: “Құрметті Салтанат! Сіздің ұсынысыңыздың орынды екенін ескере отырып, 2010 жылы Май аудандық бюджеті қаражаты есебінен кинотеатр ғимаратын сатып алу қарастырылатын болады” деген жақсы жауап та алыпты. Сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айым Қанафина да Салтанатқа арнайы хат жазып, бұл кинотеатр ғимаратының аудан орталығы үшін әлеуметтік маңызы бар нысан екенін ескере отырып, аудан әкімінің келісімі бойынша облыс мәдениет басқармасы аталмыш үйді аудандық бюджет қаражаты есебінен осы жылы сатып алуды ұсыныпты.
“Сонымен, міне, жайдары жаз өтіп, күз де келіп қалды, жылда осындай уәде беріледі, айтылады, қалады, менің ұсынысыма назар қойған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа рахмет, енді қалған басшылар да осы ұсыныстың орындалуын қолға алса екен, – дей келіп, ол мәдениет үйін аудан басшылығы өз қарауына алып, “Жол картасы” арқылы күрделі жөндеу жасайды, ел игілігіне пайдалануға береді деген үмітім бар. Басшылар арасындағы қолдан қолға өткен хаттардан кейін өзім оқитын ел газеті – “Егемен Қазақстан” газетінен көмек болар деген оймен хат жазуға тура келді”, – депті.
Жалпы, Көктөбедегі бұл ғимарат мәдени орын ашуға дайын тұрған бірден-бір орын. Сырт келбеті де жаман емес. Өкініштісі, бостан-босқа тұрған осы кинотеатрдың қасында жалпы білім беретін орта мектеп, өнер мектебі қатарлас орналасқан. Қазіргі әкім Нығман Пішенбаеқа дейін бұл ауданда төрт-бес әкім қызмет етіп кетті. Бүгінде бос тұрған ғимарат үйін іске жаратып, мәдени орынға айналдыру ешкімнің ойына келмегені өкінішті-ақ, әрине. Екіншіден, Май ауданы тарихы шежірелі, сыры тұңғиық аймақ. Полигон жарылыстарының зардабын да көрді. Айтар әңгіме жетеді. Осы жерде Малайсары батыр атын алған ауыл бар. Бұл да тегін емес. Этнографиялық қазба жұмыстары да осы жерден бастау алды. Қиын-қыстау кезеңде неміс халқына пана болған ауылдар әлі күнге дейін бар. Мәдени мұраның аты – мәдени мұра, сондықтан ұлттық мұражай-музей ашқым келеді деп жүрген Салтанат Бектемірқызының өтінішін жергілікті басшылар, Қанат Кәрімов басқаратын мәдениет басқармасы енді жерде қалдырмайды деп ойлаймыз.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.