08 Қыркүйек, 2010

Айт мүбәрак болсын, бауырлар!

887 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

9 қыркүйек – Ораза айттың алғашқы күні

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Әр күнін ораза ұстап, сансыз құлшылық жасап, дұға-тілекпен өткізген қасиетті Ра­ма­зан айымен де қимай-қимай қоштаспақпыз. Алла тағаланың рақымы мен мейіріміне, ке­шірімі мен шарапатына толы бұл айды әлі талай еске алатынымыз хақ. Десек те, қа­сиетті айда іле-шала Айт мерекесі де жетіп, дүние мен ақиреттің ғажап құндылықтарын сездіріп, жүрегімізді ерекше рахат сезіміне бөледі. Бұл мереке бір айлық оразадан кейінгі жалпыхалықтық ауызашар іспетті. Өйткені, дінімізде бұл айт “әл-ъидул-фитр”, яғни “ауызашар айты” деп аталынады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алла­ны еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылман­дар­дың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кем­ба­ғал­дарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдары­мыз­ды кемітпестен көтеріңкі мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізген мақұл. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Меди­неге қоныс аударғанда, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жүргенін көріп: “Бұл қандай мереке?” деп сұрағанда, олар­дан: “Бұл – біздің Исламға дейінгі тойлап келе жатқан мерекеміз”, – деген жауап есті­ді. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): “Алла сіздерге мұ­нан да ұлық екі мереке берді. Олар – Ра­мазан және Құрбан айттары!” – деп осы екі ислами мейрамдардың ұлық екендігін сездірген. Айттың өзіне лайық жарасымды да сауа­бы мол амалдары жетерлік. Сол таңда ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет. Айтта ата-ана мен қарияларға сәлем беріп, батасын алу, сырқат кісілердің үйіне (ауруха­наға) зиярат етіп, көңілін сұрау да ізгі амалдар қатарына жатады. Араздасып қалған кісі­лер­мен татуласып, қа­тынас үзілген туыстардың үйлерін аралаудың да маңызы ерек­ше. Өйткені, Алла тағала: “Сен, кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надан­дық­тан бет бұр” (“Ағраф” сүресі, 199-аят), – деп мү­мін­дерді барынша кешірімді болуға үн­деген. Көңілі жабыр­қау, қамқорлыққа мұқ­таж жандар мен жоқ-жітіктер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметері хақ. Сондықтан да мұндай жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған абзал. Республика мұсылмандары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы ішкі және сыртқы саясатына қолдау білдірумен қатар, ұлттараралық келісім мен діндераралық төзімділікті одан әрі де нығайтуға, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай береді деп сенеміз. Біздегі бүгінгі өзара сыйластық пен жарасымдылық, ынтымақтастық пен діндерге деген құрмет – басты мақсатымыз болып қала береді. Біз бұл жетістіктеріміз үшін Алла тағалаға сансыз мадақ айтып, шүкірлік етуге тиіспіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына қосу жөніндегі бастамасына нақты іспен барынша қолдау білдіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық. Елім, жерім, дінім, Отаным, халқым деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасы мен ел қамындағы асыл азаматтарымызға Алла тағала жар болғай! Ойға алған іс-жоспарларын жүзеге асыруға күш-қуат бергей! Асыл дініміз шақырғандай бейбіт әрі өзара сыйластық пен ынтымақта өмір сүрер болсақ, онда мұнан да қарқынды дами түсеріміз хақ. Алла тағала Рамазан айында ұстаған ора­за­ларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин! Ізгі тілекпен, шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.