10 Қыркүйек, 2010

Мақсат – партия белсенділерінің кәсібилігін көтеру

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында Жоғары партия мектебінің жаңа оқу кезеңінің ашылуына орай семинар өтті. Жоғары партия мектебін құрудың негізгі мақсаты – партияның бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ, партиялық басқарушылар мен партия белсенділерінің, ұйым жетекшілерінің кәсібилігін көтеру. Бұл – еліміздің дағдарыстан кейінгі жаңару кезеңінде аса қажетті әрі маңызды қадамдардың бірі саналады.

Семинар жұмысын ашқан пар­тия Төрағасының бірінші орынба­са­ры Нұрлан Нығматулин өз сө­зінде Жоғары партия мектебінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ке­зектен тыс XІІ съезде орталық және аймақтық деңгейде партия­лық-саяси жүйесін жетілдіру бағы­тындағы тапсырмасын орындау мақсатында құрылғандығын атап өтті. “Баршаңызға белгілі, қазіргі уа­қытта заманға сай білім, тәжірибе болмаса үлкен табыстарға жету, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Сондықтан, Елбасымыз, пар­тия­мыздың Төрағасы Нұрсұлтан На­зарбаев әрқашанда партия кадр­ларының саяси білімін, тәжірибесін күшейту, сапасын көтеру туралы тапсырма беріп келеді. Себебі, Президентіміздің биылғы тарихи Жол­дауында көрсетілгендей, еліміз­дің индустриялық-инновациялық дамуы – алдағы 10 жылдың ішін­дегі ең негізгі бағыттарының бірі. Оны жүзеге асыру жаңа қадамды, жаңа идеяны, жаңа білімді қажет етеді”, – деді Н. Нығматулин. Семинар барысында қазіргі таңда партияның межелі жоспар­ларды жүзеге асыруды бақылау, бағалау және талдау жұмыстарын үйлестіру арқылы басымдықты қалыптастыру қажеттігі айтылды. Ал ол үшін инновациялық жоба­лар­ды жүзеге асыру үрдісіне қаты­са­тын және басқаруға қабілетті, толыққанды дайындықтан өткен басшылар қажеттігі сөзсіз. Жиын ая­сында сондай-ақ, Жоғары партия мектебінің жаңа тыңдаушыларына өкілдік және насихат жұмысын қо­са атқару міндеті жүктеліп отыр­ған­дығы, сондықтан, еліміздің индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын толыққанды жүзеге асы­руға бағыт­талған партия қыз­меті туралы бастау­ыш ұйым жетек­ші­лерінің жан-жақты хабардар болуын қамтамасыз ету мәселелері де әңгіме өзегіне айналды. Басқосу кезінде белгілі болға­нын­дай, өткен төрт айдың ішінде аталған мектепте түрлі аймақтан 200-дей адам дәріс алса, олардың дені бас­тауыш партия ұйымдары төра­ғалары екен. Семинар кезінде сөз алған Президент көмекшісі, “Нұр Отан” ХДП Инновациялық комитет төрағасы Бақыт Сұлтанов елдегі әлеуметтік-экономикалық бағ­дарла­ма­ларды жүзеге асыру ба­рысы және оған “Нұр Отан” пар­тия­сының қо­сып жатқан үлесі ту­ралы маңызды ақпараттар берді. Ал оқу бағдар­ламасының партиялық кадрлар үшін маңыздылығы мен “Нұр Отан” ХДП Жоғары партия мектебі қызметінің басым бағыт­та­ры туралы мектеп директоры Бақыт Есекина баяндады. Жиын соңында “Нұр Отан” ЖПМ веб-сайтының тұсауы кесілді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.