10 Қыркүйек, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

498 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Жақсылығы мол “Жасыл даму” Табиғат-Ананы аялап, оны келер ұрпаққа жеткізу – ел бола­шағын ойлайтын кез келген жан­ның азаматтық парызы. Қор­шаған орта табиғатын мүмкін­дігінше қарлығаштың қанатымен су сепкендей қорғау мақсаты кім-кімді де ойландырмай қоймауы тиіс. Өткен аптада Үкіметте Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалығымен өткен селектор­лық кеңесте мақұлданған 2010-2014 жылдарға арналған “Жасыл даму” салалық бағдарлама жоба­сы да осы мақсатқа негізделген. Аталған бағдарлама бойынша ар­найы баяндама жасаған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов оның негізгі бағыттарына тоқталды. – “Жасыл даму” салалық бағдарламасы Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын және Мемлекет бас-шысының тікелей тапсырма­ларын іске асыруға бағытталған. Бұл бағдарлама мерзімі, ресурс­тары және орындаушылары бойын­ша келісілген мақсаттар мен міндеттемелердің орында­луын қамтамасыз ететін шаралар жүйесін қамтиды. Қазіргі таңда еліміздегі экологиялық жағдай тұ­рақты. Эмиссияларды төмендету, тиімді экологиялық таза техноло­гияларға көшу үшін алғышарттар жасалған, – деді Нұрғали Сәдуақасұлы. Алайда, министрдің айтуын­ша, шешімін таппаған бірқатар экологиялық мәселелер де жоқ емес екен. 2010 жылғы қаңтарға республика аумағында 43 млрд. тоннадан астам қалдықтар орна­ластырылса, олардың шамамен 600 млн. тоннасы улы қалдықтар. Аталған көлем жыл сайын шама­мен 700 млн. тоннаға ұлғаюда. Еліміздің аумағында біршама төзімді органикалық ластаушы­лар­дың, атап айтқанда, хром мен қорғасын, кадмий мен мыс сияқ­ты ауыр металдардың айтарлық­тай көлемдері жинақталған. Қазақстанның әр тұрғынына шаққанда орта есеппен бір жарым мың тонна өнеркәсіп және тұрмыс қалдықтары келеді екен. Бұл көрсеткіш Еуропа мемлекеттерінде жинақталған қалдықтар деңгейінен әлдеқайда артық. 2009 жылдың өзінде ғана су айдындарына көлемі шамамен 3 млн. тоннаны құрайтын лас немесе жеткілікті  тазартыл­маған ағын сулар ағызылған. Ауыз суға қолжетімділік проблемасы өзекті мәселелердің қатарында қа­лып отыр. 43 ірі кәсіпорын қалалар атмосферасына 2 млн. тоннаға жу­ық өнеркәсіп шығарындыларын тастаса, ол бүкіл республикадағы шығарындылардың 85 пайызын құрайды. Осы шығарындыларға Алматы және Шымкент қалала­рында 70-80 пайызға жететін автокөліктер әсері қосылады. Каспий теңізінің су астында қалу қаупі бар аймақтарында 1485 ұңғымасы бар 19 мұнай кен орындары орналасса, оның ішінде 90 ұңғыманың су астында қалу қаупі өте зор. Олар теңіздің ласта­нуына аса үлкен қатер төндіруде. Қазақстан аумағының үлкенді­гінен ластану көлемдері аз болып көрінуі ықтимал. Алайда шөлейт­тенген және тозған жерлердің ау­дандары ел аумағының 70 пайызын құрайды. Мәселен, 182 млн. гектар жайылымдардың 25 млн. гектары тозудың шекті дәрежесіне жеткен. Экологиялық апат аймағына жатқызылған Арал маңы аума­ғының экологиялық жағдайы әлі де күрделі. Аталған проблемалар тікелей экологиялық жүйелерге ғана емес, халық денсаулығына да қауіп төн­діруде. Әсіресе, олар тыныс органдары, онкология, жүрек-қан тамыр жүйесі, тері, жүйке аурула­рымен науқастану және қайтыс болу деңгейі жоғары республика­ның ірі қалаларында және өнеркә­сіптік орталықтарда шоғырланған. Аталған проблемаларды шешу мақсатында бағдарлама бойынша жұмыстар  “жасыл экономиканы” дамыту, қоршаған орта мен денсау­лық компоненттеріне антропо­гендік әсерді төмендету, табиғи экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру,  сондай-ақ қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру секілді төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бірқатар көрсет­кіш­терге қол жеткізу көзделген. Атмос­фераға зиянды заттар шығарын­дыларының төмендеу көрсеткіші 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға кемінде 5,9 пайызды құраса, ластағыш заттар төгінділерінің деңгейі 2009 жылмен салыстыр­ғанда 2014 жылға кемінде 3,5 пайызға азаймақ. 2014 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көлемі 21,9 пайызды құрмақ. Ал парниктік газдардың жылдық шығарын­дылары көлемі 2014 жылы 1992 жылға қарағанда 1 пайызға төмен­демек.  Киіктер санының өсуі 2014 жылға 10 пайыз болса, орман отыр­ғызу көлемінің ұлғаюы 2014 жылға таман 65 мың гектарды құрамақ. Жалпы, “Жасыл даму” бағдар­ламасы бойынша атқарылар жұмыстар үлкен. Тек солар нәтиже берсін деп тілейік. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. * * *

НАН ҚЫМБАТТАМАУЫ ҮШІН

Алматы әкімдігінде қала басшысы Ахметжан Есімовтің қатысуымен “ҚазАгро” холдингі, Алматы қаласы, Алматы облысының әкімдігі, Астық одағы, Астық өндірушілер мен нан пісірушілер одағы жетекшілері арнайы меморандумға қол қойды. Сөйтіп, оңтүстік астанада алдағы уақытта бірінші сұрыпты нанның бағасы қымбаттамайтындығы туралы шешім қабылданды. Жиында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов “меморандумның басты мақсаты бірінші сұрыпты нан бағасын негізсіз көтеруге жол бермеу екендігін ашып айтты. – Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­­зар­баев Парламент сессиясының ашылуындағы сөзінде нан ба­ға­сының қымбаттауына жол бермеу қажеттігін тапсырған бо­латын. Бір құптарлығы, меморандумға қол қою үрдісі рес­публикадағы ең ірі шаһар – Алматыдан басталып отыр. Астық өңдеушілер нан дайындайтын кәсіпорындарға ұнды қандай бағамен өткізетіндігін нақты шешуі тиіс. Нан пісірушілердің Алматы қаласында салмағы 600 граммдық нанның құнын 57 теңгеден асырмағаны жөн, өйткені бұл базалық баға. Айта кететін тағы бір жәйт, бүгінгі меморандумда өндірушінің де, тұтынушының да мүдделері көзделген,– деді қала әкімі. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде бүгінгі таңда қолға алынып отырған іргелі іс-шара­лар еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілерге өздерінің қажетті табыс деңгейін сақтауға мүмкіндік беретіндігін, сондай-ақ отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қолайлы жағдай туғызатындығын атап өтті. – Бүгінгі таңда Қазақстанның астыққа деген сұранысы жалпы алғанда 3,5 миллион тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған 1,5 миллион тоннадай астық бар. Өнім өндірушілерден екі миллиондай тонна астық сатып алып, біздер оны еліміздің ішіндегі бағаны тұрақтан­дыруға бағыттауды ұйғарып отырмыз. Осындай іс-шаралар талап деңгейінде орындалса ғана нан бағасының тұрақты болатындығы сөзсіз,– дейді министр Ақылбек Күрішбаев. Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы. * * *

БАҒА ТҰРАҚТЫ БОЛАДЫ

Нан бағасы елімізде тұрақтанып келеді. Бұл әрине, Елбасының Үкіметке, жергілікті әкімдіктерге берген тапсырмасының негізінде мүмкін болып отыр. Атырау астық өсіруге қолайсыз өңір болғанмен, соңғы 3-4 жылдан бері нан бағасы қымбаттап көрген емес. Енді тағы бір жыл бойына қымбаттамайтын болды. Себебі, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев нан бағасын негізсіз қымбаттатпау үшін арнайы меморандумға қол қойды. – Елбасы нан бағасын тұрақтандыруды тап­сыр­ды. Мақсат – Атырау секілді астық өндірілмейтін өңірлерге ұнды тұрақты бағамен жеткізу. Атырау облысының астыққа сұранысы жылына 65 000 тоннаны құрап отыр,  – деді министр А. Күрішбаев. Ал облыс әкімі Б. Рысқалиевтың айтуына қарағанда, осы кезге дейін өңірге бірінші сортты ұнның бағасы меморандумға сәйкес бағамен тұрақты жеткізіліп келген. Бұдан кейін де солай бола бермек. Нақтылай айтқанда, алдағы бір жыл ішінде бірінші сортты ұнның бір килосы 46 теңгеден жеткізілмек. Осындай сортты ұнның бір килосы 2007 жылғы меморандумға сәйкес 56 теңгеден, 2008 жылғы меморандум бойынша 62 теңгеден белгіленген екен. Ендігі баға бұлардан әлдеқайда төмен. Сол себептен, деді “ҚазАгро” АҚ басшысы А. Мамытбеков, нан бағасын көтеруге ешқандай негіз жоқ. Елімізде астықтың мол қоры бар. Демек, әр өңірге ұнды меморандумдағы бағамен жеткізіп беруімізге  мүмкіндік жеткілікті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * *

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТӨТЕП БЕРУ АМАЛДАРЫ

Бурабайда Төтенше жағдайлар министрлі­гінің көшпелі алқа мә­жілісі өткі­зілді. Министр В.Божко орталық ведомствоның алқа мү­ше­лері мен жауапты қызмет­кер­ле­рі, Астана, Алматы қалалары және облыстар­дағы департаменттердің бастық­тары алдында аймақтарда қалыптасқан төтенше жағдайлар жөнінде және оның ащы сабақтары мен күтпеген оқиғалардың алдын алу бағытында кеңінен әңгімелеп, нақты міндеттер қойды. Мәжіліске қатысушыларға жемісті жұмыс тілеген Ақмола об­лы­сының әкімі С.Дьяченко кеңес­тің Бурабайда өткізілуінің маңызын атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен еліміздің тәлімдік тарихы терең, табиғаты көркем өлкесі күн санап құлпырып келеді. Мұнда 70 санаториялық-курорттық мекеме жұмыс істейді. Алдағы кезде оның саны тағы да 20 нысанға көбеймек. Бурабайда Ұлттық мемлекеттік табиғат паркі, арнайы экономика­лық аймақ жұмыс істеуде. Туристік кластер мен ойын бизнесі қанатта­нып келеді. Осының өзі-ақ, минис­трлікке, жергілікті билікке, бүкіл қауымға орасан зор жауапкершілік жүктейді. Курортты аймақта  ағым­да­ғы жылы заманалық 3 өрт сөн­ді­ру депосы салынып, 335 адам­ның жұмыспен қамтылуы мемлекет ұстанған бағыттың баяндылығын білдіреді. Мемлекеттік орман қоры мен ауыл шаруашылығы жерлерін төтенше жағдайлардан қорғау үшін облыс 100 трактор мен 14 тіркеме құралдарын сатып алды. Соған қарамастан жер-жерлерде өрт, елді мекенді су алу оқиғалары тіркелген. Облыс әкімі осыған байланысты төтенше жағдайлар құрылымын нығайту, көп мақсатты тікұшақтың бөлінуі, Ақкөл ауда­нында қуатты өрт сөндіру депосын салу және Бұланды ауданында әскери құтқару батальонын орна­ластыру мәселесін көтерді. Ми-нистр Владимир Божко бұл бағытта арнайы жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Кеңесте министрліктің төтенше жағдайларды жою жөніндегі депар­таментінің директоры, генерал-майор Диханбек Сатыл­ғанов, әкімшілік жұмыстары департа­ментінің директоры Ерғали Ал­доңғаров, стратегиялық жоспарлау, талдау, ғылым және жаңа техноло­гиялар департаментінің директоры Сырым Ғаббасов баяндама жа­сады. Онда табиғи және техно­гендік жағдайларға байланысты туындаған төтенше жағдайлар салдарын жою және алдын алу мақсатында ауқым­ды шаралар жиынтығы атқарыл­ғандығы, жұ­мыстың тиімділігін арттыру қатаң бақылауда ұстала­тындығы атап көрсетілді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Бурабай ауданы. * * *

ӨЗ ӨНДІРІСІМІЗДІҢ ӨРЕЛІ ӨРІСІ

Биыл еліміз “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында  үдемелі индустриялық-иннова­циялық даму бесжылдығын бастап кеткені белгілі. Елбасы­ның Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Индус­триялық даму бағытының өңір­дегі әлеуетті қарымына ба­ғамдап қарайтын болсақ, өнді­рісті өңірдің тыныс-тіршілігінің өсу деңгейіне еліміздің даму көрсеткіштеріне қосқан үлесі арқылы да көз жеткізуге болар. Жалпы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы өнеркә­сіп орындары  191,4 млрд теңгенің өнімдерін өндірді. Яғни, алдағы онжылдыққа жүзеге асады деген серпінді жобалардың алды қазір іске қосылып, халық игілігі үшін жұмыс жасай бастады. Үкімет қаулысымен барлығы 100-ден аса жоба бекітіліп, елімізді индустрияландырудың нақты картасы жасалды. Соған орай облыста 2014 жылға дейін құны 722,2 млрд.теңгені құрайтын 42 инновациялық жоба белгіленсе, оның 12-сі  маусым айында іске қосылып үлгерді. Облыс орталығында “Каустик” акционерлік қоғамына қарасты кәсіпорында жылына қуаты 30 000 тонна болатын хлор және каустикалық соданы мембрандық әдіспен шығаратын өндіріс орны “Ромат” фармацевтикалық компаниясы базасында фармацевтикалық және медициналық дәрі-дәрмектерді жасайтын зауыт­тарды салу сияқты жобалар күн тәртібінде тұр. Қайсысы болмасын халық игілігі үшін, тұрақты жұмыс орындарының болуын қамтамасыз ететін жаңа өндірістер ретінде өмірге келеді. Ал, бұл жобалардың көшбасшысы қатарында “Қазақмыс” корпорациясы қолға алатын Екібастұз өңірінде  салынатын “Бозшакөл” кен байыту комбинатының құрылысы тұр. Биыл Елбасының қатысуымен Қазақстан электролиз зауытының  екінші кезегі іске қосылды. Бұл дегеніміз бастапқы алюминий өндіретін отандық қанатты металл өндірісінің жылдық көлемі енді  250 мың тоннаға жеткізіледі деген сөз. Бұған дейін зауыт жылдық қуаты 125 мың тонна таза алюминий шығарып келді. Ал енді еліміздің осы зауыты шығаратын металдары қайда өткізіледі деген де сұрақтар туындайды. Бұл өндіріс орны  халықаралық стандарттарға сай технология­ларды қолданады. Сондықтан Павлодарда өндірілетін алюминий Еуропа елдеріне де кеңінен таныла  бастады. Өткен жылы Лондон биржасы қазақстандық қанатты металдың сапасын бағалап, оны өздерінің сауда-саттық рыногының тізіміне тіркеуге алды. Ол қазақ жерінің алюминийін шетел­дерге өткізуге байланысты кедергілер жоқтығын байқатады. Келешекте алюминийден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар,  автомобиль дисклерін, құрылысқа қолданылатын  төсемелер, көліктердің қосалқы бөлшектерін жасайтын жаңа кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл алюминийді шығарып қана қоймай, оны әрі қарай өңдеу, одан өнім шығару жөнін­де өндіріс орнының алдына қойған Елбасы­ның тапсырмасы. Осыған орай жуырда ғана облыс орталығындағы кабельді орама сымдар жасайтын “Казэнергокабель” серіктестігі қазір 15 мың тонна  алюминийді өңдеп, сол өнімнен илектер,  құймалар, ширатпа тізбелерін, орамаларын жасайтын жаңа жобаның тұсауын кесті. Серіктестік мамандары бұл да бір қолға алынған жақсы іс болды, енді  шығар­ған өнімдерді еліміздің өзге өңірлеріне, Ресейге өткізе аламыз деп отыр. Жалпы, бұл серіктестік жаңа заман технологиясы арқасында аяғынан қаз тұрды. Содан, 2006 жылдан бастап орама сымдар өндірісін қолға алған кәсіпорын телефон байла­нысына пайдаланатын сым мен сырты қапталған қаутты кабельдерді өндіруге кірісті. Осы жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, 150-ге жуық адам өз мамандықтарына сай жұмыс та тапты. Өз жерімізде өндірілген  алюминий құймаларын пайдалану арқылы орама сымдар өндіретін жергілікті жобаны іске асыру бағыты осылай өмірге келді. Бұрын дәл өз үйіміздің жанында алюминий өндірсек те, жылдар бойы оны өндіріске пайдалану  үшін Ресейден, Қытайдан барып әкеліп, тасымалдап жүрдік. Ендігі жерде “алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген ойға алған бұл мақсатқа да қол жетті. – Бұл шеттен келгеннен гөрі әрі арзан, әрі сапалы ғой, сым өндірісін  дамытуды қолға алу үшін жылына кәсіпорынға 15 мың тонна шикізат керек. Яғни, бұл сұранысты енді өзіміздің “Қазақстан электролиз зауыты”  акционерлік қоғамы қамтамасыз ете алатынына қуаныштымыз, – дейді серіктестік басшылығы. Бұл өз жеріміздің байлығын өзіміз өндіріп, өзіміз игілігін көруге қолымыз жете бастады деген сөз. Фарида БЫҚАЙ. ПАВЛОДАР. * * *

ҮЗДІК ТАУАРЛАР КӨРМЕСІ

Ақтөбе қаласындағы “Достық” үйінде облыс бойынша “Қазақ­стан­ның үздік тауары” атты көрме-конкурс өтті. Көрме-конкурстың мақсаты – кәсіпорындар мен ұйымдардың отандық өнімдердің сапасын арттыруға бағытталған қызметтерін белсенді жүргізуге ынталандыру, Қазақстан рыногын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыруға ықпал ету.  “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Тұрғындар үшін үздік тауарлар” және “Үздік азық-түлік өнімдері” номинациялары бойынша өткізілген көрме-кон­курс­қа облыстың 19 кәсіпорны мен жеке кәсіпкерлері қатысты. Олар­дың арасында “Ақтөбе мұнай құбыр­лары зауыты” АҚ, “Алғабас” ЖШС, “Степное” ЖШС”, “Ақтө­бе металл емес құбырлар зауыты” АҚ сияқты өнімдері облыстан тысқары жерлерге өтімді кәсіп­орындар бар. Сарапшылардың анықтауы бойынша,  “Үздік азық-түлік өнім­дері” номинациясы бойынша “Тан­дам-W” ЖШС,  “Тұрғындар үшін үздік тауарлар” номинациясы бой­ынша “ЭкотонБатыс” ЖШС және “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар­лар” номинациясы бойынша “Ақ­тө­бе металл емес құбырлар зауыты” АҚ жеңімпаз деп таны­лып, бірінші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықтармен мара­патталды. Же­ңім­паз кәсіпорындар үстіміздегі жыл­дың аяғына таман Астана қала­сында өтетін “Қазақ­станның үздік тауарлары” республикалық көрме-конкурсына қатысатын болады. Көрме-конкурстың жүлдегер­лері мен дипломанттары да екінші және үшінші дәрежелі диплом­дармен, алғыс хаттармен және ба­ғалы сыйлықтармен марапатталды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.