10 Қыркүйек, 2010

Түркітілдес елдерге қатысты құжат қабылданды

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Сенаттың пленарлық отырысы палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесіне қатысты құттықтауымен басталды. Ол өз сөзінде әр отбасына құт-береке, мол ырыс тілейтіндігін жеткізді. Отырыстың күн тәртібінде Мәжіліс тарапынан мақұлданған “Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратифика­ция­лау туралы” заң жобасы қаралды. Ол бойынша баяндаманы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев жасады. 2009 жылдың 3 қарашасында Әзірбай­жан Республикасының Нахчыван қала­сында қол қойылған құжат тілі, діні, мәдениеттері ұқсас елдердің арасын жақындатуы тиіс. Түркі әлеміндегі ынтымақтастық Қа­зақ­стан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл ынтымақтастық 1992 жылы Түркия президенті Т.Өзалдың Ор­талық Азия мен Әзірбайжанға жа­саған сапары нәтижесінде құрыл­ған-ды. Соның нәтижесінде Түр­кі­тілдес елдер басшыларының тоғыз саммиті өткізілгені белгілі. Оның аясында ТҮРКСОИ, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы, Түркі мемлекеттері мен қоғамдары­ның достық құрылтайы, муници­па­литеттер одағы, социологтар кон­гресі, агенттіктер бірлестігі сияқты ұйымдар құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Алайда түркі ынты­мақтастығы барысында осы мем­лекеттер ел басшылары деңгейінде саяси құрылымды құру жөніндегі мәселе пісіп-жетілген-ді. Соңғы ІХ саммит барысында Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кі­тілдес елдер ынтымақтас­тығы­ның кеңесін құру туралы бастама көтер­ген болатын. Ол қолдау тауып, оның хатшылығы Ыстамбұл қала­сын­да орын тебетін болып шешіл­ген. Хатшылық жұмысын қаржы­лан­дыруды алғашқы жылы Түркия өз міндетіне алып отыр екен. Осы ретте қосымша баяндама жасаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комите­тінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов былай деді: “Тарихта қалыптасқан түркі әлемі деген ұғым бар. Ол қоғамдастықтың өркениет дамуына қосқан үлесі аз емес. Біз қазір осы әлемнің қайта жаңа өркендеу дәуі­рі­нің қанат жаюына ықпал етер ке­зеңдеміз”. Одан кейін сенатор елі­міз тәуелсіздігін алғаннан кейін түрік әлемімен қарым-қатынасты ны­ғайтып келе жатқандығын және де бұл еліміз сыртқы саясатындағы ба­сым бағыттардың бірі болып қала берерін атап көрсетті. Нәтижесінде заң жобасы бірауыздан қолдау тапты. Келесі Отбасы үлгісіндегі бала­лар ауылы және жасөспірімдер үй­ле­рі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасы бойынша баяндаманы Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков жасады. Оның сөзіне қарағанда, жас шама­сын шектеу алынып тасталып, тәр­биеші аналардың орташа жасы 27-ден кем болмауы тиіс. Жаңа өзге­рістерге сәйкес жасөспірімдер үйін жетім балаларға арналған мектеп интернаты жанынан құру көздел­ген. Осылайша жетім балаларды да жасөспірімдер үйінде тәрбиелеуге мүмкіндік туғызылмақ. Тағы бір белгілі болғаны, жыл сайын жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сы­ныбын 2 мыңға жуық жетім немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар аяқтайды екен. Олар әрі қарай арнайы техника­лық және кәсіптік білім ошақ­та­рын­да оқиды және жатақханаға ор­наластырылады. Қазіргі таңда 7 мем­лекеттік және 3 мемлекеттік емес жасөспірімдер үйі болса, онда 1323 түлек тұрады екен. Жыл сайын 100-ге жуық бала 23 жасқа толуына байланысты жасөспірімдер үйінен шығарылады. Жалпы, 2010-2011 жылдар аралығында Ақтөбе мен Алматы облысында 2 балалар ауылы, ал Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында және Аста­на қаласында 3 жасөспірімдер үйін ашу жоспарланған. Осы ретте Қуаныш Айтаханов сол мемлекет қамқорлығындағы жасөспірімдер үйіндегі мемлекеттік тілдің мүшкіл ха­лін айтып, ұстаздардың оны бі­л­уін заңда жазу жайын алға тартты. Вице-министр өз жауабында жергілікті атқарушы органдар тара­пынан құрылған комиссия бала­лар­мен жұмыс істей алатын үміт­кер­лерді анықтау кезінде мемлекеттік тілді білуі ескерілуі қажеттігін жет­кіз­ді. Мұндай талап іріктеу ере­жесіне енгізілуі тиіс, деп санайды вице-министр. Осылайша біраз сұрақ-жауаптан кейін заң жобасы толық қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.