Мемлекеттік мәселе
РЕФОРМА ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР ӘКЕЛУІ ҚАЖЕТ
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде құқық қорғау саласын реформалауда тиісті заңнамалар қабылдау қажеттігіне арнайы тоқталып өткен еді. Осыған байланысты біз Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан СӘРПЕКОВПЕН шағын сұхбат құрған едік.
– Еліміздің құқық саласына үлкен бір реформа қажет екендігін құқық саласында қызмет істейтін азаматтар ғана емес, заңдылыққа ниет артып жүрген азаматтардың барлығы да айтып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері түрлі салаларда – ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа салаларда реформаларды жүзеге асырды. Құқық қорғау саласында да реформалар кезең-кезеңімен жүргізілді. Бірақ, құқық қорғау саласы жоғарыда аталған реформалардың көлеңкесінде қалып қойған кездер де болды. Белгілі бір бөлімдерді алып тастап, оларда қайта енгізгенді қоспағанда, осыған дейін жалпы құқық қорғау саласында ауқымды да келелі реформа болған жоқ.
– Ол енді қолға алынып жатыр ғой.
– Иә. Шындығын айтатын болсақ, қолға алынып жатқан қазіргі реформаға байланысты екі түрлі пікір бар. Менің ойымша, Президент Жарлығында көрсетілген Ішкі істер министрлігінің кейбір құрылымдарын Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне беру секілді шаралармен ғана шектеліп қалмау керек. Реформа жүйелі түрде әрі қарай жүргізіле беруі тиіс. Сонымен қатар, реформа тың өзгерістер әкелуі қажет. Мысалы, заңдылықты қадағалаушы ең басты орган – прокуратураның уәкілеттілігі жөнінде мәселе көтеріліп отыр.
– Бүгінде халықтың сот жүйесіне деген сенімі артып келе жатқан сияқты.
– Расында да, солай. Себебі, қазіргі кезде мемлекет тарапынан сот жүйесін жақсартуға барлық жағдай жасалып жатыр. Құқық қорғау саласында 20 жыл қызмет істеген адаммын. Сол кездер мен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Осыны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Реформада кадрлардың біліктілігіне қатысты да айтылған. Өйткені, кез келген мәселеде білікті маман-кадрлардың орны бөлек.
– Адам тағдырына араласып жүрген судьялардың біліктілік деңгейі қандай?
– Жоғарғы Сотта барлық сатыдан өткен судьялар бар. Ал өмірді енді ғана бастап, 25 жасқа тола салып судья болған, адам тағдырын шешіп жатқан судьялар да бар. Бүгінде осы мәселе төңірегінде көп айтылып жүр. Мәселен, судья болатындардың жасына, судьяларға қойылатын талаптарды арттыруға, оларды сатылап жоғарылатуға байланысты. Біз осы мәселелерді реформа аясында шешіп алуымыз керек.
– Президент Парламенттің төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде құқық қорғау саласын реформалауға қатысты бірқатар заңнамаларды қабылдау қажеттігін айтты...
– Мемлекет басшысы айтып қана қоймай, атап та көрсетті. Енді біз еліміздегі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесе отырып, Елбасы атап көрсеткен тапсырмаларды заңдарға енгізуіміз керек. Құқық қорғау органдары енді халыққа жақындауы тиіс. Ішкі істер органдарының немесе қаржы полициясының қызметкерлерін көргенде, былайғы жұрт немесе кәсіпкер оларды қамайтын, тексеретін адам ретінде емес, қорғайтын, жіберген қателікті түзетуге көмектесетін адам ретінде сезінетін жағдайға жетулері қажет.
– Сессияда қылмысты ізгілендіру мәселесі туралы да айтылды.
– Бұл мәселе жыл сайын іске асырылып келеді. Қазіргі кезде экономикалық саладағы қылмыстардың саны басқа қылмыс түрлеріне қарағанда көбейіп барады. Бұл қоғамдағы өзгерістерге және кәсіпкерліктің дамуына байланысты. Ал ізгілендіру деген экономикалық қылмыс жасағандардың барлығын соттап, түрмеге тоғыту емес, олардың жасаған экономикалық қылмыстарына сәйкес жазасын айыппұлмен бе, басқадай түрмен бе, тағайындап беру. Мұндай жазалар Еуропа елдерінде көптен бері қолданылып келеді. Ерте ме, кеш пе, біз осыған келеміз.
– Сот орындаушылар комитеті Әділет министрлігінің құрамына берілді. Осыған тоқталсаңыз.
– Сот орындаушылар комитеті осымен үшінші рет Әділет министрлігіне беріліп отыр. Парламент өткен жылы ғана “Сот орындаушыларының мәртебесі туралы” жаңа Заң қабылдаған еді. Барлығы кадрлардың біліктілігіне байланысты. Сондықтан кадр мәселесіне баса көңіл бөлінуі қажет.
– Рахмет.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
* * *
Иман
ӨРКЕНИЕТТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Парламент Сенатында Бүкіләлемдік рухани-мәдени форумға (БРМФ) дайындық барысы туралы ұйымдастыру комитеті тең төрағаларының бірі, сенатор Төлеген Мұхамеджанов журналистермен брифинг өткізді.
Бұл форумның негізгі жұмыстары Астана қаласында 18-20 қазан аралығында өткізілетін болады. Оған атағы дүние жүзіне белгілі мәдениет пен өнер, саясат және қоғам қайраткерлері, атақты ғалымдар қатысады. Соның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты, мексикалық жазушы Габриель Гарсия Маркес, ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры, Ұлы Абайдың 150 жылдық тойын бүкіләлемдік көлемде атап өтуге атсалысқан испан ғалымы, Қазақстанның досы Федерико Майор, КСРО-ның әйгілі дирижері болған Юрий Темирканов, ресейлік жазушы Валентин Распутин, кинорежиссер Никита Михалков, ГФР-дің мемлекет және қоғам қайраткері Герхард Шредер, Оңтүстік Африка Республикасының экс-президенті Нельсон Мандела, ресейлік қоғам қайраткерлері Евгений Примаков, Рамазан Абдулатипов, Эдуард Сагалаев, Генрих Боровик және т.б. аса танымал адамдар қатысады деп күтілуде.
Форумда бүгінгі әлем алдында тұрған өзекті мәселелер, соның ішінде өркениеттің дағдарыстары туралы келелі мәселелер мен рухани және мәдени құндылықтардың мәртебесін жоғарылату туралы пікірлер алмасылып, ұсыныстар жасалатын болады.
Брифингте сенатор Төлеген Мұхамеджанов БРМФ-ны ұйымдастырушылар туралы да ақпарат берді. Олар “Мәдениет арқылы бейбітшілікке” халықаралық ассоциациясы, “Рухани келісім конгресі” атты бүкіләлемдік қор, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Еуропа елдерінің кейбір ұйымдары екендігі атап өтілді. Ұйымдастырушылардың ұсыныстары осы уақытқа дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тапқаны айтылды.
Сенатор Төлеген Мұхамеджанов мұндай, бүкіләлемдік назарды өзіне аударған форумның Қазақстанда өткізілуі еліміз үшін үлкен мәртебе екендігін, мұндай шара, әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында маңызды екендігін атап өтті. Бұл да дүние жүзі қауымдастығының алдында Қазақстанның беделін арттыра түсетін шара екендігі даусыз. Сонымен қатар, ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен болған Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінен кейін туындаған ізгі шара, деді ол.
Бүгінгі таңда адамзат өркениеті рухани дағдарыс үстінде отырғаны белгілі. Ал дағдарыстың әрі қарай тереңдеп, өрістей түсуіне жол беріп, қарап отыра беруге болмайды. Кейбір елдер өздерінің жеке мүдделерін адамзаттық проблемалардан жоғары қойып, өзімшіл көзқарастарын алға тартып, әлем өркениетін үлкен апаттарға сүйрелеп апара жатыр. Міне, осындай жағдайда әлемдік руханият және мәдениет, сонымен бірге, саясат, ғылым әлеміндегі зор есімдердің бірлесіп, үн қосулары ауадай қажетті шара. Сондықтан да бұл форумның маңызы аса зор, деді одан әрі сөйлеуші брифингте.
Ұйымдастыру шараларына келетін болсақ, оны өткізу бағдарласмасы жасалып, келісілген екен. Ол жалпы отырыс және секциялық отырыс тәртібімен жүргізілетін болады. Негізгі баяндама: “Бүкіл дүниежүзілік рухани-мәдени форум және оны құрудың қажеттілігі” деп аталады.
Жақсыбай САМРАТ.
* * *
Құттықтаймыз!
ДЕПУТАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ
“Невада – Семей” халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға белсене атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Виктор Рогалев, Нұртай Сабильянов, Виктор Киянский “Халықаралық ядроға қарсы Семей-Невада” мерекелік медалімен марапатталды, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.
* * *
Тағзым
“АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫДАН” АСЫП ТҮСКЕН ЗҰЛМАТ БҰЛ
Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес Одағы республикаларында 30-шы жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдады. Онда: “Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы Кеңес өкіметінің қасақана қатыгез саясаты жасаған жаппай ашаршылық салдарынан көз жұмды”, делінген.
Еуропа Кеңесі ашаршылық жылдарына байланысты Қазақстанға айрықша мән беріп, қырылған халықтың миллиондап саналатынын, халқының көбінен айырылғанын атап көрсетеді. Ресей мен Украинаға да осы зұлматтың ауыр соққы болып тигеніне назар аударады. Аштықты кеңес режімінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп санайды.
Осындай оймен Үкімет басшысына бір топ Мәжіліс депутаты 2007 жылы екі рет сауал жолдағанбыз. Сол жылы қолдан ұйымдастырылған аштыққа 75 жыл толған болатын. Атамыз қазақтың арғы-бергі тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубет болған емес, деген едік сонда. Көрген қорлық, шеккен азап пен қырылған халықтың көптігі жағынан атышулы “Ақтабан-шұбырындыдан” асып түскен зұлмат бұл.
Ойымызды тарихи деректермен дәйектесек, шет ел зерттеушілері мен Алаш асылдарының тарихи еңбектерінде аталған апат коммунистік режімнің қазақ халқына қасақана жасаған қатыгездігі екені ашық айтылады. Бұған дәлел жеткілікті.
“История Казахстана. Народы и культуры” академиялық еңбегіне сүйенсек, Қазақстанда 1926 жылдан бастап көшпелі шаруашылықтарды жою саясаты қарқынды жүргізілген. Елдің мүмкіндігінен 17 есе артық жоспарланған егін және мал салығы ұлан даланы айтақырға айналдырды. 1928-1932 жылдардың ішінде халықтан 6 миллион 509 мың ірі қара, 18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы тартып алынып, жүген-құрығын ұстап қалған жұрт басы ауған жаққа шұбырды. Сүрінген жерінде үзілді, жығылған жерінде жан тапсырды. Аш өзегі азынамаған аймақ қалмады. Солтүстік Қазақстан өңірінде – 385 мыңнан астам, Батыс Қазақстан өңірінде – 395 мыңнан астам, Оңтүстік Қазақстан өңірінде – 618 мың, Орталық Қазақстанда 30 мың адам қынадай қырылды.
Демограф ғалымдардың осы дерегі бойынша барлығы 1 миллион 800 мың жан көз жұмған.
Кейінгі зерттеулер бұл мәліметтің толық емес екендігін анықтап берді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 1917 жылы: “Иншалла, 6 миллион қазақпыз”, деген сөзін еске алып, қазақ асылы Мұстафа Шоқаевтың деректеріне жүгінсек, аштықтан көз жұмғандардың қатары 2 миллион 287 мыңға жетеді.
Кейбір тарихшылар қырылғандар бұдан да көп, 3 миллионнан асады дегенді көлденең тартады. Адамзат тарихында бола қоймаған, ұсақ ұлттарға жасалған жауыздықтың удай шындығы, міне, осындай. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Қазақ есімді тағдыры қиын елдің қанға боялған сол бір тарихи кезеңін ескерусіз қалдыру қоғамға да, заманға да, азаматқа да сын. Ресей Федерациясы мен Украина бұл нәубетті мемлекеттік деңгейде атап өтті.
Біз аштықты саясиландыруға қарсымыз, алайда ендігі жерде үнсіз қалуға тиіс емеспіз. Дүниеден күңіреніп көшкен миллиондардың рухына жыл сайын тағзым ету үшін Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы депутаттарының орынды пікіріне ден қойып, ашаршылық құрбандарын еске алатын ұлттық күнді белгілейік. 31 мамыр Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Биыл да ол күн өз деңгейінде атап өтілді, құрбандар мен зардап шеккендер еске алынып, аруақтарына тағзым етілді. Енді сол күн “Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні” деп қайта рәсімделсе жөн болар еді. Аштық жылдары ел тарихының тұтас кезеңі ретінде арнайы зерттелуі де аса керек.
Мәжіліс депутаттары А.СМАЙЫЛ, Б.ТІЛЕУХАН, Н.ӨНЕРБАЙ, Г.СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА.
* * *
Сізді не толғандырады?
СУ ҚОЙМАСЫ ЖЕКЕ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНУЫ ТИІС
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қырғыз Республикасындағы көршілес Талас облысында болған оқиғаларға байланысты қырғыздар Киров су қоймасын жарамыз деген лақап таратып, елді дүрбелеңге салғаны белгілі. Оған қоса екі елдің арасындағы шекараны жаптыңдар деп, су беруді тоқтатып тастады. Тек шекара ашылғаннан кейін ғана қырғыз жағы су бере бастады. Осы жайттарға байланысты мен Премьер-Министрдің атына мәселелердің шешу жолдарын қарастыратын депутаттық сауал жолдаған едім. Айта кету керек, 2008 жылы Жамбыл облысының кейбір аудандарында жаз айларында қырғыздардың өздеріне су жетіспей, бізге су беруді тоқтатуына байланысты облыста су тапшылығынан қызылша және басқа да егіндіктер күйіп кеткен болатын.
Жақында Үкімет басшысы Жамбыл өңірінде болғанда осы жәйттермен танысып қайтты. Осыған байланысты Жамбыл облысындағы жұмыс сапары нәтижесінде Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау туралы іс-шаралар қабылданды. Облыста Киров су қоймасына су реттеуіш соғу, Қордай және Шу аудандарының аумағы арқылы өтетін Шу өзенін жағалауына бекіту жұмыстарын және Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы плотинасының сейсмикалық беріктігін күшейту мен кәріз-сорғы (дренажно-насосный) стансасын қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр.
Оған қоса, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің Қазақстан Республикасының Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шеңберіндегі Мемлекеттік шекараның орнықтырылуы туралы хаттамалық тапсырмасында Шу өзенінің шекарасында қалпына келтіру мен жағалауды берік бекіту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу тапсырылған. Қазіргі күні облыс бұл құжатты өз қаражатына әзірлеп қойды.
Нығайтуды қажет ететін Шу өзені жағалауларының жалпы ұзындығы 55,2 шақырымды құрайды. Аса күрделі жағдай Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекара сызығында қалыптасқан. Мұнда мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында шекара бағандары мен шиыршықты қауіпсіздік тосқауылдарын орнатқаннан кейін аталған бағандар мен тосқауылдарды су шайып кету жағдайлары және өзен арнасы Қазақстан жеріне қарай жылжуы әсерінен жекелеген жер учаскелері Қырғыз Республикасының аумағында қалып, мемлекеттік шекара сызығының өзгеріске ұшырауы мүмкін. Осындай жағдайда екі елдің арасын қосып отырған орта көпірдің орнықтылығына қауіп туады.
Қазақстан жерлерін, оның ішінде жайылым және ауыл шаруашылығы егістік жерлерін, тұрғын үйлерді, су шаруашылығы нысандарын, жолдар мен жоғары вольтты электр тарату желілері бағандарын су шайып кету салдарынан халықтың тыныс-тіршілігіне нұқсан келу жағдайы туындауда.
Алайда республикалық бюджеттік комиссия 2010-2012 жылғы бюджетті нақтылауда осы мақсатта қажет болатын қаражатты қысқартып, аталған нысандарды қаржыландыру мәселесін қарастыруды кейінге қалдырып отыр. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, алдағы көктемдегі ықтимал су тасқынына біз дайын болуымыз қажет.
Жоғарыдағы айтылғандардың негізінде:
1. Қордай және Шу өзенінің жағалауын нығайту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін нысандарға ағымдағы жылдың ІV тоқсанынан кешіктірмей 150 млн.теңге бөлу керек.
2. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы плотинасының сейсмикалық беріктігін күшейту мен кәріз-сорғы стансасын қайта жаңғырту жұмыстарына осы жылдың ІV тоқсанына 150 млн. теңге бөлу қажет болып отыр. Жобалау-зерттеу жұмыстары атқарылып біткен.
3. Киров су қоймасының гидротехникалық құрылыстарына жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу қажет.
Жоғарыдағы аталған мәселелерді Үкімет басшысы жеке бақылауына алып, 2010 жылдың бюджетін қайта қарау кезінде алдағы көктемдегі тасқынның алдын алу мақсатында аталған нысандарға қаражат бөлуі және 2011 жылдағы жөндеу, қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қаражат бөлу жөнінде қажет шаралар қабылдауы керек деп білеміз.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.
* * *
Тұрақты комитеттер тынысы
КЕҢЕС ЕЛДЕРДІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕДІ
Жаһандану заманында әлемде мүдделеріне және өзге де ұстанымдары мен ұқсастықтарына орай елдердің бірлесуі байқалуда. Сондай бірлікке бастайтын құжаттардың бірі жақында Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде талқыға түсті. Содан кейін “Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы” деп аталатын бұл заң жобасы палатаның соңғы жалпы отырысында қабылданған болатын.
Заң жобасы бойынша баяндаманы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев жасады. Оның сөзінен белгілі болғанындай, аталған келісімге Әзірбайжан Республикасының Нахчыван қаласында 2009 жылдың 3 қазанында қол қойылған. Тілі мен діні бір, мәдениеттері мен салт-дәстүрлері ұқсас елдермен жақындасу –Қазақстан сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі. Түркітілдес елдер ынтымақтастығының кеңесін құру дамудың ізгілікті жолын іздеу екендігін баса айтып өткен комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанов өз пайымын мынадай мысалдармен негіздеді. Еліміз ЕҚЫҰ ПА-ға ұсыныстар берген кезде олар алдымен көршілеріңді, бауырларыңды неге осы мәселеге тартпайсыңдар деп сұрақты төтесінен қоятын көрінеді. Сол сияқты бірде сенатор атақты “Сиеменс” компаниясының президентінен неге Қазақстанда өндіріс орындарын ашпайсыздар деп сұраса, ол өздерінің алып Қытайда теңізде жүзгендей сезінетіндерін, ал Қазақстанда жер кең болғанымен, халқының аздығын айтыпты. Және де егер Орталық Азия елдері болып біріксеңіздер, онда 50 миллионға жететін рынок пайда болушы еді ғой, мүмкін сонда сіздерге қызығушылық пайда болар ма деген тұспалымен бөліскен екен. Осылайша комитет төрағасы бірігудің астарын барынша ашып көрсетуге тырысты. Жалпы, 1992 жылы Түркия президентінің Әзірбайжанға жасаған сапары барысында өмірге келген Түркітілдес елдер басшылары саммитінде саяси-экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелері талқыланған-ды. Содан бері көптеген іс-шаралар әр түрлі деңгейде жалғасын тауып келеді.
Мәселен, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының қоғамда ыстық бауырластық, ынтымақтастық құрылтайы өтті. Одан кейін Түркі әлемі муниципалитеттер одағы, Түркі әлемі социологтар конгресі, Түркітілдес елдер жаңалықтар агенттігінің бірлестігі, Түркітілдес мемлекеттердің арнайы қызметтер конференциясы, тіпті мүшесі М.Жолдасбеков болып табылатын Түркітілдес елдер ақсақалдар кеңесі де құрылып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Алайда ынтымақтастық үдерістерін мемлекеттік басшылар деңгейінде біріктіру және өткізіп жатқан саммиттердің жұмысын реттейтін саяси құрылымды құру қажеттігі туындаған. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы бастама көтергені белгілі. Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес елдер мемлекет басшыларының ІХ саммитінде көтерілген мәселе түркітілдес халықтарды жақындату үшін маңызды саналады. Осылайша өмірге келген заңдық құжатты Әзірбайжан Республикасы 2009 жылдың 26 қарашасында ратификациялаудан өткізсе, Түрік Республикасы бұл құжатты үстіміздегі жылдың 15 шілдесінде ратификациялағаны белгілі болып отыр. Енді осы ратификациялау мәселесі алдағы 16 қыркүйекте Ыстамбұлда өтетін Түркітілдес елдер мемлекет басшыларының Х саммитінде талқыға түседі деп күтілуде.
Осы ретте депутаттар бірқатар сұрақтарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды. Әділ Ахметов кеңеске 6 түркітілдес мемлекеттің мүше екендігін алға тарта отырып, Ресей сияқты елдер құрамындағы кішігірім халықтардың қатысуы қалай боларын сұрады. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, ондай шағын Тува, Хакасия сияқты елдер әр түрлі іс-шараларға қатыса береді. Ал Оралбай Әбдікәрімовтің сұрағына орай жауапта Өзбекстан мәселесі қозғалды. Жауаптан белгілі болғаны, Өзбекстан Республикасы екіжақты қарым-қатынастарға иек артқанымен, көпжақты ынтымақтастыққа онша бейілді емес көрінеді. Есесіне осы күнге дейін сылбыр қатысып келген Түркіменстан соңғы жылдары белсенділік таныта бастапты. Осы елдің президенті Ыстамбұлда өтетін Саммитке қатысатыны да айтылды. Осы ретте жаңадан құрылатын кеңестің барлық елдерге ашық болуы қажеттігін ұсынған Ғани Қасымов оған тіпті Оңтүстік Корея елі кірсе де болады деген пайымымен бөліскенімен, ол көпшілік тарапынан қолдау таба қоймады. Депутаттар алдымен кеңесті құрып, жұмысын жүргізіп алған соң өзге елдерді тартуға болады деген тұжырым жасады. Кеңестің келешегін сөз еткен Өмірбек Байгелди оның ыдырап кетпеуін қамтамасыз ету үшін Еуропалық Одақ тәжірибесін мұқият зерттеуді ұсынды. Сенатордың пайымынша, ұйымда мемлекеттердің үлкенді-кішілігіне қарамай, өзара сыйластығы болуы шарт. Варшава одағын мысалған келтірген депутат егер бір мемлекет өзгелерге өзінікін таңар болса, онда ұйымның тарауына алып келу ықтималдығымен бөлісті. Сондықтан Өзбекстанның неге кірмеді деп емес, оның кіруіне нендей жағдайлар жасалды деген тұрғыда мәселе қаралуы қажеттігін ортаға салды.
Міне, осылайша талқыға салынған “Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы” заң жобасы Сенаттың заңнамалық құжатының айналымына алынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.