11 Қыркүйек, 2010

“Асыл арна” – ислами-ағартушылық телеарна

833 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Иман “Асыл арна” телеарнасы, көтеріңкіреп айт­қанда, бұлт торлаған аспанда халқымызға Хақ Тағаланың тура жолын нұсқаушы күннің жылт еткен сәулесі іспетті болып тұр. Қатайған жү­рек­терді жібітіп, тәкаппар көңілдерді сабасына түсірер илләһи насихат – арнаның басты ба­ғыттарының бірі. “Асыл арна” – діні әлсіреп, діңгегі шайқалған халқымыздың ондаған жылдардан бергі арманы десе де болады. Осының бәрі – ең алдымен тәуелсіздігіміздің және Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Санасы қызыл империяның атеистік саясаты­мен уланып, рухы жаншылған еліміз өзінің ата дінімен сағына қауышуда. “Асыл арна” сияқты ислами телеарна бүкіл Орталық Азия елдері мен ТМД аумағында бірінші рет ашылып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің нәтижесі. Шынын айту керек, мұны кешегі зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама ұлт өкілдерін шеттетпей, өз панасына алған халқымыздың кең пейіліне берген Алла Тағаланың керемет сыйы деуге болады. Арнамыз бүгінгі жағдайына бірден жеткен жоқ. Ол ең алдымен 2007 жылы студия болып құрылды. Ал былтыр тамыз айында кабельдік жүйе арқылы эфирге шығып, Алматы қаласы мен Алматы облысына ғана тарала бастадық. Соның арқасында сахараның шөлінде қалған адамның күйіне түскен қоғамымызға иманның кәусарын ұсындық. Ізгілікке сусаған елдің сұранысын арнамыздың бүгінгі таралу ауқы­мынан-ақ байқауға болады. Аллаға шүкір, бас-аяғы бір жылдың ішінде бізді еліміздің көп­теген жерлері көре бастады. Мысалы, қасиетті Рамазан айына орай ұйымдастырылған биылғы тікелей эфиріміздің барысында көрермендер Шымкент, Орал, Ақтау, Атырау, Павлодар, Астана, Семей қалаларынан және басқа да жерлерден қоңырау шалып, арнамызды тама­шалап жатқандарын қуана жеткізді. “Асыл арна” бағдарламалары қазақ және орыс тілдерінде тарайды. Дегенмен негізгі ба­сым­дық бізде қазақ тілді бағдарламаларға берілген. Жалпы Ислам дінінің насихаты тек бір тілде ғана жүрмеуі керек. Ислам діні бүкіл адамзатқа түсірілген дін болғандықтан, оның насихатын қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүргізе береміз. Өйткені, Қазақстанда көптеген басқа ұлттардың өкілдері бар және орыс тілді бауырларымыз да аз емес (оларға орыс тілінде айтылған уағыз ғана түсінікті болып отыр). Осы соңғы топқа байланысты бір жағдайды айта кеткім келеді. Біздің насихатымыз арқылы, Алланың қалауымен жүрегіне иман қонған, сөй­тіп, дінге келген орыс тілді қандаста­ры­мыздың ана тілдеріне деген мейірім-ықы­лас­тары да оянып жатыр. Олардың арасында қазақ тілінде сөйлеп кетіп жатқандары да көп. Яғни, олар өзінің дінімен де, тілімен де қауышуда. Ал оларға иман қайнары, дін насихаты орыс тілінде жеткізілген болатын. Бір жылдың ішінде арнамыз арқылы Алла­ның қалауымен 40-тан астам тележоба эфирге шықты. Бұл – бүкіл ұжымның шығармашылық ізденісінің жемісі. Жалпы дін насихатын, соның ішінде Ислам сияқты ақиқат дінді миллиондардың жүрегіне жеткізу миссиясын мойнымызға алғаннан кейін бізге бір сәтке де дамыл табуға болмайды. Бабаларымыз ұстаған асыл дініміздің ғасырлар бойғы ұлттық бол­мыс-бітімімізді қалыптастыруға жасаған игі ықпал-әсері де ұшан теңіз. Сондықтан дінімізге оралу арқылы саф алтындай жарқыраған ұлт­тық ерекшеліктерімізді де табамыз. “Ұлтымыз өзінің болмыс-бітімін жоғалтпаса екен, сан ғасырлардан бері бүкіл тіршілігінің шамшы­рағына айналған Ислам нұрын өшіріп алмаса екен” деген жанайқайымызды жеткізу, міне, біздің бүгінгі негізгі мақсат осы. Рамазан айының алғашқы күнінен бастап бір ай бойы кешкі 7-ден 11-ге дейін тікелей эфир­ге шығып келеміз. Оған дін және қоғам қай­раткерлері келіп, елге иман иірімдері тура­лы жүректен шыққан сөздерін айтып, көрер­­мендердің телефон арқылы қойған сандаған сұрақтарына жауап беруде. Сөзімнің басында айтқандай, көрермендер Алматы мен Алматы облысынан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түк­пірінен хабарласуда. Ал қасиетті Қадір тү­нін­де кешке басталған тікелей эфиріміз таңға дейін созылды. Телефонда тыным болған жоқ. “Қадір түні Қыдыр ата келе ме?”, “Дастарқан жайып, терезені ашып қойдық, тілегіміздің қабыл болғанын қалай білеміз?”, “Телевизор көруге бола ма?” Міне, осы секілді сұрақтар өте жиі қойылды. Иә, “Ләйлатул-қадр” – мың айдан да қайырлы қасиетті түн. Яғни, бұл “тағдырдың өзгеретін түні” деген мағынаны білдіреді. Тағдыр қалай өзгереді? Бұл – дұға-тілектердің, ғибадат-құлшылықтардың қабыл болатын түні. Бұл түні ешқандай Қыдыр ата да келмейді, есік-терезені ашып қоюдың да қажеті жоқ. Бұлардың бәрі – халықтың ұғы­мындағы жаңсақ түсініктер. Дастарқаныңызды үйіңізге келетін қонақтарыңыз үшін ғана әзір­леуіңізге болады. Егер иман тақырыбында әсер­лі әдемі әңгімелер жүріп жатса, Аллаға де­ген құлшылық жөніндегі басқа да дүниелер көр­сетілсе, теледидар көргеніңіз де жөн. Дұры­сы, бұл түні мүмкіндігінше Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін көбірек оқып, Алла Тағалаға дұға жасағаныңыз абзал. Жаратқанның өзінің пендесіне неғұрлым жа­қындайтын түнінде Алладан иман мен екі дүниенің бақытын тілегендердікі – ең бір дұрыс қадам. Жалпы Қадір түні хабарласқан көрермендердің сауалынан байқағанымыз, хал­қымыздың иманға деген, Алланы тануға деген ықыласы ерекше. Тек оларға қажетті насихатты қажетті жерін тауып, аса бір даналықпен айта біл. Асыл дініміздің баға жетпес құндылық­тарын иманға шөлдеген жандардың жүрегіне аса бір сезімталдықпен, майдан қыл суырған­дай жеткізгенде ғана мұсылман бауырлармыз­дың қатары көбейе түсеріне күмән жоқ. Тікелей эфирді даярлау кезінде түрлі қи­ын­дықтар болып жатты. Тақырып белгілеу, қонақ­тармен келісу, үзілісте баратын бейне­мате­риал­дарды жедел әзірлеу – айтуға ғана жеңіл жұ­мыс­тар. Сәт сайын туындап жататын техни­ка­лық қиындықтар өз алдына. Бірақ бізге күш берген, кез келген қиындықты же­дел шешуге мүмкіндік жасаған бір нәрсе бар еді. Ол – біздің Жаратқанға деген күмәнсіз құлшы­лы­ғы­мыз және халқымызға Алла Та­ғаланың хақ жолын насихаттауға берілген мүмкіндік. Асыл дінімізге қызмет ету – біз үшін, арнамыздың шығармашылық ұжымы үшін үлкен бақыт. Бізде бір ғана мұрат бар. Ол – азаттығын алған халқымызды өзінің шы­найы ата дінімен қау­ыштыру. Бір Аллаға иман келтірген халықтың азаттығы да, бақы­ты да баянды болмақ. Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ,  ақын, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, “Асыл арна” телеарнасының бас директоры.