Осындай талап үдесінде тұрған бүгінгі күннің тақырыбы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған мынадай бір жолдармен ұштасып жатқандай: “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен қазақстандықтардың біліміне, дене болмысының мықтылығына және көңіл-күйлеріне байланысты” деуге әбден болады. Иә, қашанда адам денсаулығы – алғашқы орында тұрады. Дені сау, жаны таза адам қоғам байлығы. Адамзат баласының дене болмысы мен рухани байлығы дегеніміздің өзі – бұл сол адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа деген белсенді қадам жасау деген сөз. Маман дәрігер сарапшылардың айтуы бойынша адамның денсаулық жағдайының 70 пайызы оның өмір сүру, күнделікті тыныс-тіршілік қалпын қалай алып жүруімен анықталады. Сондықтан да, саламатты өмір салтын қалыптастыру және адамның өз денсаулығына деген жауапкершілік қағидаттары – денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік саясатта және тұрғындардың күнделікті өмір сүру тәртібінде басты байлық саналады. Адамның денсаулығына жағымсыз әсер ететін зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, жұмыстағы қолайсыз шарттар, моральдық және психикалық әлсіздік, отбасындағы келісімсіздік, жалғыздық және басқа да мысалдар бар. Бұл күндері көп айтыла беретін экологиялық ахуал, яғни ауаның, судың, топырақтың ластануы және күрделі табиғи-климаттық жағдайлар да денсаулыққа кері әсер етеді. Ал, жалпы жас өскін жасөспірімдер арасында ішімдік, нашақорлық және темекі шегу сияқты зиянды әдеттердің таралуы өкінішті. Міне, сондықтан да біздің алдымызға саналы дені сау ұрпақ өсіру, оларды өз денсаулықтарын сақтауға, шынықтыруға жас күндерінен бастап тәрбиелеуге орай саламатты өмір салтын қалыптастыру міндеті қойылды. Ал, біздің қоғамның басты міндеті саламатты өмір салтының құндылықтарын енгізу арқылы болашақ ұрпақты, жастарды өз денсаулықтарын сақтауға шақырып, оның жалпы еліміз үшін маңыздылығын, демографиялық ахуалды жақсартудағы рөлін түсіндіру болып табылады. Дені сау ұрпақ – болашақ кепілі. Яғни, әр отбасы, әр ата-ана өз бала-шағасының денсаулығы үшін, олардың дұрыс тамақтанып, дұрыс демалуларына жағдай туғызулары қажет.
Денсаулық – зор байлық. Психологиялық-философиялық тұрғыдан айтқанда, ол – өзара мүдде және мемлекеттің, қоғамның, бизнестің, жеке адамның жауапкершілік алаңы. Яғни, егер адам өз денсаулығы үшін жауапкершілікке дайын болмаса, онда мемлекетті, бизнесті немесе қоғамды жауапкершілікке шақырудың мәні де жоқ. Әр адам өз денсаулығын қорғап, сақтаушысы болуы керек. Халық денсаулығын сақтауды жақсарту мақсатында жұмыс жүргізуде. Сол үшін де жергілікті медициналық мекемелер туберкулез, онкологиялық және жыныстық жолмен берілетін жұқпалы індеттер, нашақорлық, жүйке жүйесінің зақымдануы сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресуді басты міндет санайды. Еліміздің денсаулық сақтауды реформалау және дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған бағдарламасының шеңберінде облыста Баянауыл, Қашыр, Ертіс аудандарында туберкулезбен ауыратын адамдарды емдейтін арнайы диспансерлер ашылды. Сонымен қатар, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жаңа емханалар пайдалануға берілді. Өткен жылы Железин ауданының орталығы Железин ауылында және Май ауданының Көктөбе ауылында орталық аудандық ауруханалар, сондай-ақ Ақсу қаласында емхана ашылды. Қазіргі кездегі жүрек-қан тамыр ауруларының әлеуметтік маңызын ескере отырып, облыс орталығындағы №2 қалалық ауруханасында жүрекке ота жасауға арналған операция бөлмелері бар 20 төсектік кардиохирургиялық бөлімше ашылды. Бұл бөлімшеде жақсы қызмет жасау үшін шетелдерге 17 дәрігер жіберіліп, олар өз мамандықтарын жетілдіріп, білім толықтырып келді. Ал, кейбір ауыр оталар жасау үшін шақыру бойынша Астана, Алматы, Новосібір клиникаларының кардиохирург-дәрігерлері келіп қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылда үш облыстың тұрғындары келіп емделе алатын аумақтың кардиохирургиялық орталық ашылады. Сондай-ақ, ісік аурулары мен қатерлі ісіктерді, сондай-ақ қан айналымы ауруларын анықтау мақсатымен балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, әйелдер және ересек адамдар жыл сайын алдын ала медициналық тексерулерден өтеді. Мұндай шаралар ауруды ерте кезде анықтап, емді уақтылы алуына мүмкіндік береді. Аурулардың кейбір түрлері бойынша науқастар тегін және жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектермен қамтылады. Әйелдерге көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту мақсатымен “Ана қауіпсіздігі” бағдарламасы іске асуда, Ғалым Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың диагностика орталығында жүкті әйелдерді тексерудің жаңа технологиясын енгізуі жалғасуда.
Облыс орталығында мамыр айында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қатысуымен өңіраралық алқалы жиын өтті. Қазіргі кездегі жиі айтылатын ана мен бала өлімін екі есе төмендету, жалпы өлім-жітімді 30 пайызға азайту және туберкулез ауруын 20 пайызға төмендету мәселелері Елбасының биылғы Жолдауында да айтылды. Елімізде салт-дәстүрлері өзгеше әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Ал біздің ата-бабаларымыз әуелден-ақ мал мен жанның амандығын бірдей тілеген, тамақты талғап, сүт пен етті, құнарлы қымызды, шипалы шөптерді пайдаланған. Бұл күндері халал тағамдар мол сауда орындары ашыла бастады. Денсаулықтың кепілі ас-су мәзірімізде деп тегін айтылмаған ғой. Қазақ дастарқан мәзіріне, астың қадір-қасиетіне аса мән бере білген. Ол бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Халқымыздың ұлттық менталитетке сай осындай танымдық салт-дәстүрлері балаларының жаман әдеттерден аулақ болуына, отбасын тәрбиелеуге, саламаттылыққа тәрбиелейтін бірден-бір жол деуге әбден болады.
Дәулетбек МУСИН, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары.
Павлодар.
* * *
ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ САҚТЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ
Бүгінгі күні Қазақстан бойынша күніне орта есеппен балалардың зардап шегуіне соқтыратын 8 жол-көлік апаты орын алып тұрады екен. Жол апатының салдары қаншалықты зиян екендігін ескерсек, бұл санның жоғары көрсеткіш екендігін мойындауға тура келеді. Осы мәселеге орай Астана қалалық №2 балалар ауруханасында денсаулық сақтау басқармасы, жол полициясы, білім беру жүйесі өкілдері бас қосып, баспасөз конференциясын өткізді. Мамандар елордада күніне қаншама балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғасы тіркелетіндігі, сондай-ақ олардың қалай алдын алу керектігі жөнінде әңгіме қозғады.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметтеріне қарағанда, әлемде жыл сайын жол-көлік апатынан 1,2 млн. адам қайтыс болып, 500 млн.-дайы жарақат алып отыратын көрінеді. Халықаралық сарапшылардың берген бағасына сәйкес, жол-көлік апатынан келетін залал орта есеппен ІЖӨ-нің 2,2 пайызын құрайды, ал Қазақстан үшін бұл 1,7 млрд. АҚШ долларына тең. Бүгінде көлік астына түсетін балалардың 74 пайызы орта мектеп оқушылары екен. Алайда мектепте жол жүру ережелерін оқытатынына қарамастан, бұл санның осыншама көп пайызды құрауы түсініксіз. Осыған орай қазіргі таңда Астанадағы әрбір орта мектепке жол полициясы қызметкерлерін бекіту дағдыға айналып келеді.
– Қанша айтқанмен баланың аты – бала. Балаға қазір айтқаның қазір-ақ ұмыт болады. Сондықтан олар ғана емес, аталмыш мәселеге үлкендердің де баса назар аударуы қажет. Оларға көлік жүргізу кезінде асықпауды міндеттеу керек-ақ. Балалар көп жиналған жерде өте сақтықпен өту керек, деді сөз алған Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, хирург Қанат Дүйсенбаев. Расында да, балалар жүргізушіге қарағанда жолаушыларға арналған ережелердің аз бөлігін ғана біледі. Сондықтан ересектерге қойылатын талаптарды оларға қою қисынсыздау. Жасы мен психологиялық ерекшеліктеріне байланысты балалар келе жатқан көлік алдында жол қозғалысы ережесін бұзу қаншалықты қауіпті екендігін жете сезіне бермейді. Күтпеген жерде алдынан шыға келуі мүмкін әрекеттері жылдам әрі аңғал болуы мүмкін. Осы себепті жүргізуші өте сақ болғаны абзал.
Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі ЖҚЕ білмеу және оны сақтамау, мас күйінде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау, автомотокөліктердің шектен тыс артуы, көшелерді кесіп өту кезінде немесе рөлде ұялы телефонды қолдану болып табылады. Осы орайда, атап өте кететін тағы бір мәселе ЖҚЕ білмеудің себептері неден туындайтындығында. Біздіңше, мұның бір ұшы қаптап кеткен көлік жүргізуді үйретіп, куәлік беретін мекемелер мен құзырлы органдардың өз жұмыстарын салақ атқаруында дер едік. Өйткені жүргізуші куәлігін сатып алу жағдайларының жиі кездесіп отыратындығы жалған емес. Бұл жөнінде Астана қалалық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Марат Тұяқбаев мұндай жағдайлар кездесе қалған кезде кінәлілердің заң жүзінде жазаланатындығын ескертті. Күн сайын автокөлік жүргізуді үйрететін орталықтарды тексерістен өткізіп, бақылап отырамыз деген полиция майорының сөзіне сенеміз, дегенмен жүргізуші куәлігін сатып алатындар саны көбеймесе азаймағандығы ақиқат. Олардың бірі уақытты сылтауратса, бірі емтихан тапсырудан қашады. Ал тәжірибенің жоқтығы мен біліксіздік соңы неге апарып соғатындығы белгілі. Қалалық ІІД өкіліне қойылған сауалдардың ішінде тағы бірі, шенеуніктер немесе олардың туыстары, ақша мен жоғарыдағы “көкелерін” арқа тұтып, заңнан жалтаратындар қатары көп пе деген сұрақ болды. Полиция майоры жол-көлік оқиғасына кез келген адам тап болуы мүмкін, одан ешкім алдын-ала сақтандырылмаған, деп жауап қайтарды. Мұнан соң баспасөз конференциясына қатысушыларға түрлі брошюралар таратылып, бейнеролик көрсетілді. Жол ережесін сақтамай өткен ананың ісі кім-кімнің болмасын жүрегін ауыртады. Бейнеролик тек жүргізушінің ғана емес, сондай-ақ жаяу жүргіншілерді де бей-жай қалдырмайды.
Әлемнің бар байлығы бір сәбидің көз жасына тұрмайды деген екен Ф.М.Достоевский. Баламыз жол-көлік апатынан жарақатсыз, аман-есен болсын десек, айтылған мәселелерге мұқият қарайық, ағайын!
Венера ТҮГЕЛБАЙ.