Көшпенділердің көркем шежірешісі Амандос Ақанаевтың “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы туралы ой-толғам
Көшпенділердің көркем шежіресіне сұңғат өнердің (живопись) құдіретімен тіл бітірген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаевтың қылқаламынан туған дүниелерді өзге суретшілердің шығармаларымен шатастыру тіпті мүмкін емес. Таланттарға кенде болып көрмеген ұлы даланың дара дарындарының бірінің қолынан шыққан қайталанбас туындылар – ұлттық бейнелеу өнерінің байлығы мен белді бір тармағы болып табылатындығын тану үшін Ақанаевтың әлеміне бойлап көрелік. Біз бұл жолы суретшінің соңғы бес жыл бойы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жасаған “Ұлы елдің Тарандысы” жобасын әңгімеге арқау етпекпіз.
Суретшінің кемелді шағында дүниеге әкелген сүбелі шығармалары – “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы болып табылатындығы сөзсіз. Таранды жобасының символы – скифтік “аң стилі”. Көшпенділердің жылнамасы іспетті аталмыш жоба – монументальдық живопись циклінен тұрады (ауқымы 250х180см-ден 300х210 см. дейін). Түрлі техникаларды пайдалана отырып, анималистік жанрды, оюларды, археологиялық, этнографиялық ескерткіштер негізіндегі композицияларды бір жерге тоғыстыратын суретшінің өз бейне-баяны бар.
Сурет өнерінің сүрлеулерінен өз соқпағын тапқан Ақанаевтың тақырыптық және пластикалық негізін – жылқылар, құстар, түйелер, арқарлар, археологиялық қазбадан табылған, алтыннан жасалған үйсін қазынасының бұйымдары, Алтай мен Жетісудың ерте дүниедегі Темір дәуірінің қорғандары, ежелгі ескерткіштердің ою-өрнектері, тастан қашалған құралдар, түрік дүниесінің архитектуралық заттары, қазақ үйдің тоқымалық өнері және негізгі құрылымдары. Сонымен бірге жобаға “Тәңір кемесі” (400х150см) скульптурасы, “Таранды- Эрмитаж” мұражай үйінің компьютерлік нұсқадағы үлгісі енген.
Рельефтік стильде орындалған “Ұлы елдің Тарандысы” туындыларын тамашалаған жан, сұңғат өнерді бағалайтын, оның тілін түсінетін адам Амандос Ақанаевтың қолтаңбасы ешкімді қайталамайтынын түйсінеді. Бұл мәнер – суретшінің көптеген жылдардағы ізденісінің нәтижесі. Ол ерте дүниедегі, ортағасырлық, кейінгі еуразиялық көшпенділердің пластикалық салт-дәстүрін көркем бейнелеуімен дараланады.
Көшпенділердің көркем шежіресін суретшінің жаңаша зерттеуі, осы заманғы живопиське жаңа технологияларды, техниканы, алымды материалдарды пайдалану мүмкіндігін кеңейткеніне көзіңіз жетеді. Ол живопиське металлдан құйылған мүсіннің, тоқыма өнерінің, ағаш сияқты басқа материалдардың бөлшектерін ендіре алады. 4 метрлік биіктікке жететін кейбір шығармалар даланың ұлылығы мен әлі ашылмаған құпиясын, шешілмеген жұмбағын өрнектейді. “Оқып ал”, “тани түс” дегендей, бір сырын ішіне бүгіп, тылсымына жетелеп бара жатқанын аңғарасың.
Уақыттың қалтарыстарында қалған тіршілік толғауларын, мінездерді, көшпенділердің мифологиялық болмысын паш етуге ұмтылған “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы қанша үңілсеңіз де сырын бірден жая салмайды. Түрлі техникалар мен материалдар, майлы живопись, коллаж, рельефті жапсырма, жылтырату, қынау, тағы заманауи технологиялар қолданылған топтамалардың күрделілігі де оның құнын асырып, бағасын базарлай түседі. Анығын айтқанда, әрбір шығарма – жанкешті еңбек пен және ұзақ ізденістің мәуелі жемісі. Әрекет барысында шығарма өте кейіпті, әсем, эстетикалық және өте кәсіпқой дәрежеде орындалады. “Ұлы елдің Тарандысы” шығармалар циклы жаңа көркемдік биіктік, мазмұнға сай тақырыптық жетістік деуге болар еді. Амандос Ақанаев әдетте ортақ фактормен, дәстүрлі өнер ескерткіштерін көшіріп алмайды, есесіне жаңа көркемдік мүмкіндікке жетелейді. “Мен суретшімін, археологтардан өзгешелігім, мені бәрінен бұрын форманы нақты таңдау, жаңалықтар, пластикалық жолдар қызықтырады”, – дейді қылқалам шебері.
Амандос Ақанаев туындыларының әлемі – көшпенді Азия мәдениетінің орасан ғажап көркем жылнамасы. Суретшінің қызығушылығы мен ізденісі ежелгі және ортағасырлық Еуразия номадтары мен қазақ халық өнерінің көркемдік дәстүрімен айшықталған. Қорғандардың қойнауына жасырынған жәдігерлерден, этностардың құрдымға кеткен өнердің фрагменттерінен даланың живописьтік әшекейлерін жаңғырта жинап жүрген өнер иесінің ізденістерінен көшпенділердің өнеріне деген скульпторлық бастау анық әрі нақтылы көрініс табады. Оның жұмыстарынан ою-өрнек форманы көріктендіру үшін емес, керісінше рухани мазмұнын айшықтау үшін қолданылатынын аңғару қиын емес.
Бейнелеу өнеріндегі тарихи мәтіндер сынды суреттер – осы туындылардың ғұмырын мәңгілік етуге ұмтылады.
“Анималистикалық символика космогондық бейнелік, әйел кейіпкерлердің тума эротизмі, үш сатылық туралы мифология, салт аттыға табыну – Ақанаев өнеріндегі, көшпенділер өнерінің атом кристалдары деу жөн шығар. Амандос Ақанаев шығармашылығында еуролық станктік живописьтің, Шығыстың авангардтық жаңашылдығы мен монументальдық өнер дәстүрінің жетістіктері жинақталған” деп суретшіге баға берген өнертанушы Лаура Оразбекова.
Бейнелеу өнерінің әр тармағында өзінің қолтаңбасын қалдырып, қайталанбас ғажайып шығармалар тудырумен келе жатқан таланттың шәкірттері де, оған еліктейтін ізбасарлары да аз емес. Сұңғат өнерде, дизайнде, скульптурада талмай еңбек етіп келе жатқан ерен жанның жалғасы боларлық жас суретшілер де Ақанаевтың бейнелеу өнеріне берген сүбелі олжасы. Бүгінде оның шәкірттерінің өзі елге танылып, бейнелеу өнерінің белді өкілдеріне айналды. Егер ол тәрбиелеген жандарды тізбектесек, бірқатар танымал суретшілердің тізімі менмұндалап шыға келген болар еді.
Қалай десек те, “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы еліміздегі живопись өнеріндегі жаңа құбылыс, жаңа заман мәдениетіне, XXІ ғасыр өнерінің өркендеуіне қосылған қомақты үлес.
Амандос Ақанаевтың аталмыш туындыларының Қазақстан және Орталық Азияның кәсіптік бейнелеу өнерінің өркендеуіне тарихи маңызы бар.
“Ұлы елдің Тарандысы” жобасының уақыттың әр кезеңдерінде жасалған жекелеген шығармалары мемлекетіміздің живопистік қазынасына еніп және елдің мұражайларында және шетелдерде көрнекті экспонаттарға, яғни тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлемнің живописінің бір тума құнды асылдарына айналды. Ақанаевтың рельефтік мәнері пластикалық өнерге жаңа қозғалыс ендіргенін өнертанушылар бір ауыздан мойындап келеді.
Анығырақ тұжырымдасақ, бұл еңбек мәдениеттегі белгілі бір бағытқа айналды.
А.Ақанаевтың жобасындағы ерте дүниедегі Еуразиядағы номадтардың өнердегі дәстүрінің жандануы, Қазақстан мен Орталық Азияда мәдениет пен өнерінің жаңа қыртыстарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, ол осы заманғы өнерде радикалды бағыттың анық әрі нақты үлгілерін ұсынды.
Амандос Ақанаевтың мол шығармашылық мұрасы мен кәсіби әлеуеті елдегі, әлемдегі бейнелеу өнеріне қажеттілік факторымен үндестік табады. Осы себепті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы қарашадағы бірінші экспозициялық көрмеде “Ұлы елдің Тарандысы” жобасын тамашалап: “...дәл Амандос Ақанаев сияқты суретшілер өнерімен Қазақстанның атын шетелдерге асқақтатады” деген құнды пікірін Ақанаевтың өзі ғана емес, өнертанушылар да, бейнелеу өнерін бағалайтындарды да арқаландырып кеткенін білеміз.
Олай болса, А.Ақанаевтың “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы Қазақстан бейнелеу өнерінің жетістігінің ажырамас бір бөлшегі. Осы жетістіктер нәтижесінде елде шығармашылық үдерістердің белсеңділігі артып, жаңа көркемдік императивтер дүниеге келіп, оған нағыз шебер мен оның шәкірттерінің “Жаңа рельефтік живопись” өнері мұрындық болатыны кәміл. Қазіргі уақытта суретшінің шәкірттері бейнелеу өнерінің әр түрлі саласында: живописьте, дизайнде, мүсін өнерінде, монументальдық және декоративті-қолданбалы өнерде елге қызмет етуде және өздерінің шығармашылық қадамдарымен ұлттық мәдениетінде ойдағыдай жетістіктерге жетіп жатқаны бір ғанибет.
Қалай сипаттасаң да, “Ұлы елдің Тарандысы” – бейнелеу өнеріндегі эксклюзивті жоба, ұлттық мемлекетіміздің мәдени брэнді: ол Қазақстанның мәдени имиджін халықаралық аренаға көтеріп, абыройымызды асқақтатары шүбәсіз шындық.
Сөзімізді ақиқатпен дәйектер болсақ, Амандос Ақанаевтың шығармалары шет елдер мен ТМД-нің аса ірі мұражайларында, мемлекеттік Третьяков галереясында, Мәскеудегі Шығыс елдерінің өнер мұражайларында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұражайында, Астанадағы, Павлодардағы, Көкшетаудағы, АҚШ-тағы Балтимор өнер мұражайында, Испаниядағы Вилафомес осы заманғы өнер мұражайында коллекция ретінде сақталуда. Сонымен бірге, оның суреттері жеке меншік коллекцияларда, шетелдік фирмаларда, белгілі мәдени қорларда – Америкада, Ұлыбританияда, Түркияда, Францияда, Қазақстанда, Швецияда, Ресейде, Бельгияда, Германияда, Лихтенштейнде, Норвегияда, Үндістанда және басқа да мемлекеттерде салтанат құрып тұр.
Оның шығармашылығы және қоғамдық қайраткерлігі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, жарық көруде. Әртүрлі институттар, мәдениет және өнер саласындағы құрылымдар суретші еңбегіне үлкен ықылас білдіруде, көңіл қоюда.
А.Ақанаевтың шығармашылығы жайында жинақтар шығарылып өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бүгінгі уақытқа дейін көптеген талдау мақалалар жарық көрді.
Қалай десек те, Ақанаев соңғы бес жылдың бедерінде “Ұлы елдің Тарандысы” жобасы арқылы Азиядағы ең үздік бес суретшінің қатарына көтерілді.
Реті келіп тұрғанда дара шығармашылық иесі және қоғам қайраткері еліміздегі, Жетісу өңіріндегі көне қорғандарды көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттің қарауына алуға аз септігін тигізген жоқ. Оның өзіндік суретшілік дарыны, шеберлік дәрістері ЮНЕСКО аясында өткен, халықаралық бейнелеу өнерінің дамуына қатысты болған симпозиумдар мен алқалы жиындардың ажырамас бөлшегіне айналды. Қырық жылдан бері қылқаламы қолынан түспеген шебер суретші әлемдік бейнелеу өнеріне өз үрдісін алып келді. Қазақстанның атын шығарды, қайталанбас туындыларымен өнерді бағалайтындарды тәнті етті. Сан рет оның шығармашылығы туралы тамаша пікірлер салтанат құрды. Өнерге адал берілген кіршіксіз абырой иесі, қайраткер жан ұлттық бейнелеу өнерінің тайын тұлпар етті, ұлттық болмысын өз тілімен ұлықтады.
Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары бейнелеу өнерінің есігін айқара ашқан жан өзінің көркем әлемін басы-аяғы бүтін бір дүниеге айналдырып, сөйлете алды. Сол кезде-ақ “Ә.Қастеевтің портреті”, “Шөп шабушы”, “Бұлақ”, “Олжас Сүлейменов” триптихі жас суретшіге танымалдылық әкелді, атын шығарды, өнертанушыларды елеңдетті.
Енді, міне, қырық жылдан бері қылқаламы қолынан түспеген Ақанаев халықаралық, бүкілодақтық, республикалық көрмелердің бір де бірінен қалыс қалмай, ешкімге еліктемей, сұңғат өнердің тілімен көшпенділердің көркем шежіресін жасап келеді.
Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.
______________________
Суреттерде: “Ұлы елдің Тарандысы” жобасының туындылары.