11 Қыркүйек, 2010

“Қызылжар” комбайны шығарыла бастады

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тағы бір тап­сыр­масы Қызылжар өңірінде орын­далды. Ол “Қызылжар-1300” деп аталатын астық ком­бай­нының құрастырылуы. Жоба жуырда жүзеге асып, су жаңа он техника өз иелерін тапты. “Қаз­Бе­лагропроммаш” бірлескен кә­сіп­орны” ЖШС-ның ашылу салтана­тына жиналғандарды отандық ауылшаруашылық техникалары­ның бәсекеге қарымды қырлары ерекше қызықтырды. Көктемге салым Беларусь мемлекетінің мамандары Қызыл­жар өңіріне арнайы ісаспармен келіп, облыс басшылығымен екі жаққа да тиімді болатын бір­лес­кен кәсіпорын ашу уағдалас­ты­ғына қол жеткізген еді. Арада көп ұзамай өндіріс орны Тай­ын­ша стансасында орын теуіп, мә­ши­не-трактор жөндеу зауыты­ның ғимараты босатылып берілді. Қазақстан мен Беларусьтің “ҚазБелагропроммаш” бірлескен кәсіпорны астық жинайтын комбайндарды ТМД елдеріне де жеткізумен айналысатын болады. Президент жуырда облыста бол­ған жұмыс сапарында алғаш құрастырылған “қыр кемелерін” көріп, “Қызылжар” атауын ұсын­­ған еді. Тұсаукесер рәсімде сөйлеген сөзінде облыс әкімі Серік Біләлов Елбасы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға байланысты келелі міндеттер қойғанын, со­лардың бірі үдемелі индустрия­лан­дыру бағыты болып табы­ла­тынын, бүгінгі жиын өңірде ин­вестициялық саясатты іске асы­рудың нақты көрінісі, мәшине жасау саласын өркендетудегі маңызды оқиға екенін жеткізді. ЖШС келешекте жылына 250 комбайн құрастыруды межелеп отыр. Бір комбайнның бағасы 17 миллион теңгені құрайды. Ресейдікіне қарағанда 5 миллион теңгеге арзан. Беларусьтің “Лида Агромаш” зауыты бас директорының орын­басары Андрей Захарчук диқан­дарға ұсынылып отырған ком­байн­дарға жан-жақты сипаттама беріп, артықшылықтарын жіпке тізгендей айтып берді. Ол өз сөзінде бірлескен кәсіпорын өнім­дерінің сапалы әрі арзан ауылшаруашылық техникаларын шығарумен әлемдік рынокта танымал немістің “CASE” фир­масына балама екенін айта келіп, үш деңгейлі тазарту масақтан дәннің толық алынуына, 260 аттық күші бар қуатты мотор бір сағатта 12-14 тонна астық тазар­туға мүмкіндік беретінін алға тартты. Кабина кондиционермен, компьютермен жабдықталған. Сол-ақ екен, 10 комбайнның иелері табыла кетті. “Надежда-Север” ЖШС-нің директоры Дәуренбек Қабдөшев өздерінің инвесторы “Богви” фирмасының 5 комбайн сатып алуға ықыласты екенін жеткізсе, “Есмұқанов”, “Мәдина” ЖШС-лар да осын­ша техникаға “құда түсті”. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.