14 Қыркүйек, 2010

Өрттен зардап шеккендерге көмек

879 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мұның алдындағы хабарымызда 8  қыркүйек күні  қатты соққан желден Шарбақты және Лебяжі аудандарына қарасты орман шаруашылықтары қы­зыл өртке оранып, 6  адам қаза бол­ғанын,  Жабағылы, Бейімбет, Көкжал ауылдарының  тұрғындары көршілес Беген, Төсағаш ауылдарына уақытша кө­шірілгенін жазған едік. Қазір өрт­тен қорқып қашқан тұрғындар ауыл­дарына оралды. Жағдай тынышталды. Орманның іргесінде отырған ауыл­дар­да болсын, орман шаруашы­лық­тарында болсын өртке қарсы дұрыс техника, құрал-жабдықтардың бол­мауы апаттан қорғана алмаудың тағы бір себебі, жыл сайын орман үшін қаншама қаражат бөлінеді, олар қай­да кетеді деген осы жерде тағы да заңды сұрақ туындайды. Әрине, өрттен кейінгі үр­пиі­сіп, үркіп қалған ауыл­­дың жағдайы  белгілі. Күнде көріп араласып жүрген көршілері, ауылдастары  қаза болды. Осыдан бір ай бұрын шалғайда жатқан осы Жа­бағылы, Шоқтал, Мерғалым ауыл­дарына облыс әкімі Бақытжан Са­ғын­таев келіп, елдің жағдайымен таны­сып қайтқан болатын. Ауылда орын алған әлеуметтік жағдайларға көңілі толмай, “алыстағы  болашағы жоқ деп біз далаға қалдыра алмай­мыз, он үй болса да бізден қамқор­лық күтеді, он үй отырса да елдің бір бұрышын сақтап отыр” деп жергілікті әкім-қараларды сын тезіне алған еді. Іле, елдің жағдайына назар аудара қоймаған  әкім-қараларды облыс­тық әкімдіктің үлкен залына жинап, ауыл — қазақтың алтын бесігі, сол қазықты мықтап ұстау, сақтау — сен­дер­дің қолдарыңда деп тағы да тап­сыр­малар берілді. Амал қанша, онсыз да “бола­шағы жоқ” деп айдар тағы­лып көзден таса, көңілден шет қалып жүргенде ауылдарға орман өрті қайта ай­на­лып соқты. Оқыстан келген өрт  малды да, жанды да  аяған жоқ, адам шы­ғынымен қатар, ауылдың 10 ірі қара малы, бір жылқысы жанып кеткен. Орман өрті орын алған аумаққа Төтенше жағдайлар министрі Вла­ди­мир Божко және облыс әкімі Бақыт­жан Сағынтаев  сол күні-ақ келіп жетіп, қиындықта қайда барарларын білмей абдырап қалған ауыл халқы­мен бірге болды. Сол жерде жедел түрде өртті ауыздықтау және тұрғын­дар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі  штаб құрылды. Барлық тех­никалар жұмылып, ұшақтар келіп, өртті сөндіруге әскерилер, құқық қорғау орындары, төтенше жағдай, өрт сөндіру қызметтерінің және жер­гі­лікті әкімдіктер тарапынан бүкіл күш-қуаттар жұмылдырылды. Астана­дан осы салаға қатысы бар министр­лік өкілдері де келіп жетті. Лебяжі аудандық ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барған жедел санитарлық бригадалар өртке күйіп жараланған  орманшыларға, ауыл адамдарына күні-түні көмек жасады. Қапыда қаза тапқан адамдардың отбасыларына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша облыстық әкімдік 6 миллион теңге қаражат бөлді. Әр отбасына 1 мил­лион теңгеден. Марқұмдарды соңғы сапарға шығарып, жерлеу рәсім­дері­нің шығындарын да жергілікті ат­қа­рушы билік орындары және “Ертіс орманы” резерваты әкімшілігі  өз мой­ындарына алды. Лебяжі ауданы­ның әкімі Серік Әпсалықовтың ай­туын­ша, қазір өрттен жапа шеккен ауылдарға жан-жақтан көмек ке­лу­де. Қыс болса жақындап қалды. Ауылдардың мая-мая үйген шөптері жанып кетіпті. Әр үйде 30-40 мал бар, қазір  мал қоралары жем-шөпсіз қал­ған  үйлерге шөп жеткізілуде. Облыс аудандары Жабағылы мен Бейімбет ауылдарына жан-жақтан көмек қолда­рын созуда. Ал орманды өрттен қорғап қаламыз деп арпалысқа түскен ор­маншылар еліміздің жоғары марапат­тауларына ұсынылатын болады. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.