14 Қыркүйек, 2010

Барша қазаққа ортақ пір Бекет

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елге танымал тұлғаларға арнап ас беру, мерейтойларын атап өту жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Алайда, оның барлығы сол белгілі адамның туған өңірінде, қызмет жасаған немесе жерленген аймақта өткізіліп жүр. Көп жағдайда айтулы шараға қатыс­қысы келген адамдар жол қашықтығына орай бара алмайтыны анық. Осы олқы­лық­тың орнын пір Бекеттің 260 жылдығын тойлау шаралары толтырғандай. Биыл Бекет атаға арналған мәдени-рухани іс-шаралар, ғылыми конференциялар Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында  болып өтті. Енді Маң­ғыс­тау аймағында өткелі жатыр. Ал жуырда Астана қаласындағы “Тұран” мейрам­ха­на­сында 500-дей адам жиналып, Бекет атаның рухына арналып құран оқылып, ас берілді. Елді қорғауда, ислам дінін насихаттауда ерекше орын алатын Бекет ата Мырзағұл­ұлы 1750 жылы қазіргі Атырау облысы, Жы­лыой ауданының аумағында, Жем өзенінің бойындағы Ақмешіт деген жерде туған. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай Бекет ата туралы ой толғап, оның қазақ тарихындағы рөлі, елді қорғаудағы ерлігі, имандылық жолындағы игі істері, әулиелік қасиеттері жөнінде әңгімелеп берді. Әнес Сарай: – Бекет ата пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.-нан артық өмір сүруді қаламаған. “Мұхаммед пайғамбардан артық емеспіз” деп күннің көзін көрмеуге уәде етіп, жердің астына түсіп кеткен. Қожа Ахмет Ясауи де 63 жастан кейін қалған ғұмырын жердің астында өткізген адам. Бекет ата жасында өзі де ел қорғау үшін болған шайқастарға қатысқан. Ерекше қасиетімен халқына қорған болып, жаудың қай жақтан келетінін болжап отырған. Қалай тойтарыс беру керек екенін айтқан. Ислам дінін насихаттау мақсатында Бекет ата төрт мешіт салған екен. Әуелі бірінші мешітті Ақмешіт деген жерге салыпты. Содан кейін Бейнеуден, Арал жағалауынан, соңғы мешітті Оғландыдан салған. Ол артына өшпейтұғын із қалдырған тұлға, – деді. Ғалым-дәрігер Мұхамедия Ахмет-Төреұлы, белгілі заңгер Мақсотхан Бұрманұлы өз ойларын ортаға салды. Сенатор Орынбай Рахманбердиев бұл шара елді біріктірер оқиға болды деп атап өтті. Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев алдағы аптада Бекет атаның 260 жылдығы Маңғыстау өңірінде аталып өтетінін айта келіп: “Бекет ата феномені әлі де зерттеледі. Жұмыр басты пенденің барлығы бірдей әулиенің қасиеттерін түсіне қоюы қиын. Ел басына күн туған заманда елін қорғаған, қазақ жұртына пана болған, әділ сөзін айтқан Бекет ата халқымен бірге жасай береді”, – деп сөз аяғын түйді. Осы басқосуда Бекет атаның өмірі мен халқымызға жасаған өлшеусіз еңбегі туралы “Түркі әлемі” телестудиясы шығарған деректі фильм көрсетілді. Айбатыр СЕЙТАҚ,  журналист. Астана.