Қазақстан Республикасы 1992 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше болып кіргені тарихтан белгілі. Еліміз 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде көрсетілген негізгі ережелердегі міндеттемелерді ерікті түрде өзіне ала отырып, бірегей қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастыруға, сондай-ақ елдің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруға бағыт ұстаған еді.
Содан бергі кезеңдерде Қазақстан сол міндеттемелерді бұлжытпай орындау арқылы өңірде ғана емес, бүкіл әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мұрат тұтқан іргелі мемлекет ретінде ЕҚЫҰ-мен тығыз ынтымақтастық жасап келеді. Еліміз ұстанымдарының ЕҚЫҰ-ға төрағалық тізгінін ұстап қана қоймай, 11 жыл бойы өткізілмей келген Ұйым саммитін ұйымдастыруға қол жеткізуінің өзі еліміз бен ЕҚЫҰ арасында шын мәнінде белсенді ынтымақтастық пен терең өзара түсіністік орнауының нәтижесі екені күмәнсіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан басшылығының аса маңызды шешімдерінің бірі – қуат-күші жағынан әлемде төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы болды. Қазақстан Президентінің бұл шешімін әлемдік қоғамдастық халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жасалған алғашқы қадам деп бағалады. Арада екі жыл өткенде, яғни 1994 жылғы Будапешттегі ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары деңгейдегі саммитінде Қазақстан Республикасының Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуына байланысты Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға қол қойылуы еліміз үшін ерекше саяси-тарихи маңызы бар оқиға болды. Осы құжатқа сәйкес АҚШ, Ресей және Ұлыбритания мемлекеттері Қазақстанның саяси тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қарсы күш қолданбауға кепілдіктерін берді.
Уақыт өткен сайын ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық нығайып, жандана түсті. Соның нақты бір мысалын Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзге де мемлекеттердің әрқайсысында Ұйымның өкілдіктері ашылып, бүгінде ойдағыдай жұмыс істеп жатқандығынан көруге болады. Ал Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның орталығын құру туралы шешім ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің 1998 жылғы 23 маусымдағы отырысында қабылданған еді. Бұл орталық өз жұмысын Алматы қаласында 1999 жылдың қаңтарынан бастаған-ды. Кейіннен орталықтың жұмыс ауқымы кеңеюіне, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ұйымның Тұрақты кеңесі 2007 жылдың 21 маусымында орталыққа қатысты жаңа мандат қабылдап, оны елордамыз – Астана қаласына орналастырды. Ал Алматыдағы бұрынғы орталық байланыстар жөніндегі офис қызметін атқаратын болды.
Орталықты елші басқарады, оның сарапшылардан, сондай-ақ әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адам құқығы салаларына маманданғандардан тұратын аппараты бар. Ұйым орталығының мандаты кең, атқаратын міндеттері ауқымды. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ міндеттемелері мен қағидаттарының сақталуына ықпал етіп, Ұйымның барлық үш өлшемі бойынша ынтымақтасу, Қазақстан билігімен және Іс басындағы төрағамен, ЕҚЫҰ-ның атқарушы құрылымдарымен, оның институттарымен ақпараттар алмасу, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен байланыс жасау, орталық және жергілікті билік органдарымен, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен байланыстарды қолдау, Ұйымның өңірлік шараларын өткізуге, әсіресе, ЕҚЫҰ-ның өңірдегі семинарларын және ЕҚЫҰ делегацияларының сапарларын ұйымдастыру дайындығына көмек көрсету, тағы басқалар жатады.
Қазіргі кезде Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық көптеген маңызды бағыттар бойынша ойдағыдай дамып келеді. Соның бірі – әскери-саяси мәселелерге қатысты. Бұған өңірдегі қауіпсіздік, оның ішінде халықаралық лаңкестікпен күрес, шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеңіл және атыс қаруларының таралмауын бақылау, есірткі трафигінің алдын алу жатады. Осыларға қарсы шаралардың тиімділігін күшейту мақсатында Қазақстан өзге елдердегі ЕҚЫҰ өкілдіктерімен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. Мұндай бағдарламалық шаралар Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының және ЕҚЫҰ Хатшылығы Антитеррорлық бөлімшесінің қолдау көрсетуімен өтіп отырады.
ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы қызметі экономика және экология салалары бойынша да жандана түскен. Оның ішінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері басымдыққа ие. Қазақстан мен Ұйымның бұл саладағы ынтымақтастығы трансшекаралық су ресурстарын басқару, экологиялық білім беру қағидаттарын енгізу, сондай-ақ шағын және орта бизнес арқылы экологиялық туризмді дамыту бағыттарына негізделген. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қолдауы барысында экологиялық проблемаларды реттеп, табиғи ресурстарды пайдалануды үйлестіру мәселелерін Орталық Азия аймағындағы елдермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастық деңгейінде ойдағыдай шешіп келеді.
Адам құқығын құрметтеу демократиялық қоғамды дамытудың және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды алғышарты болып табылады. Бүгінде Қазақстандағы ЕҚЫҰ өкілдігі өзге ұйымдармен бірлесе отырып, осы бағытта бірқатар шаралар бойынша жұмыс істеп жатыр. Соның негізгілерінің бірі – адам саудасына қарсы күресті күшейту. Осыған байланысты өкілдік бұрнағы жылы Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюромен ынтымақтасу негізінде Адам саудасымен күрес жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын дайындауға қолдау көрсетті. Бұл жоспар мемлекеттік органдардың, Парламент депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен жиындарда кеңінен талқыланды.
Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы көпжақты ынтымақтастық гендерлік саясат мәселесінде де айқын көрініс тауып отыр. Мысалы, Ұйымның Астанадағы өкілдігі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын және Стратегияны жүзеге асыру шаралары жөніндегі жоспарды дайындауға қатысты. Стратегия жобасын әзірлеу барысында Ұйымның Қазақстандағы мемлекеттік органдармен және әйелдер қозғалыстарымен арадағы іскерлік ынтымақтастығы, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдармен әріптестігі басшылыққа алынды. Өйткені, еліміз 1998 жылдың 29 маусымында Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияға қосылған болатын.
Сайлаулардың ашық және мөлдір өтуі халықтың саяси жүйеге деген сенімін арттырады әрі бұл демократиялық қоғамның дамуына ықпал етеді. Өткен кезеңдерде еліміз ЕҚЫҰ талаптарын басшылыққа ала отырып, сайлау жүйесін барынша жетілдірді. “Сайлау туралы” Заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған ЕҚЫҰ мен халықаралық ұйымдар жоғары баға беріп, Қазақстанда сайлау заңнамаларын реформалау ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына куә болды. Сондай-ақ оған Парламент сайлауларының партиялық жүйе бойынша өткізіліп жүргені нақты мысал болып табылады. Ұйым құрылымдарының бірі – Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюро елімізде өтетін сайлауларға халықаралық миссия аясында өздері тарапынан байқаушыларды ұдайы жіберіп отырады. Бұл ЕҚЫҰ мен Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының арасындағы белсенді ынтымақтастықты көрсетеді.
ЕҚЫҰ құжаттарында алдыңғы орында тұрған мәселелердің бірі – сөз бостандығы. Қазіргі кезде елімізде 8 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Осы БАҚ-тардың 80 пайыздан астамы жеке меншік болып табылады. Үкімет бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байланысты проблемалық мәселелерді шешуге үнемі назар аударып келеді. Қазақстан, сондай-ақ БАҚ-тардың өзін-өзі реттеу механизмін дамыту туралы идеяны қолдайды. Бұл өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты көптеген мәселелерді күн тәртібінен алып тастауға мүмкіндік бермек. Жалпы, елімізде сөз бостандығы салтанат құрған. Ол күнделікті өмірімізде айқын көрініс тауып отыр.
Кезінде ЕҚЫҰ тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытып, сөз бостандығын қамтамасыз ету талабын қойған болатын. Уақыт өте келе Қазақстан сол талап деңгейінен көріне білді. БАҚ туралы заңнамалар халықаралық нормаларға сәйкес жетілдіріліп, ақпарат құралдарын тіркеу оңтайландырылды. “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға журналистер қауымымен қатар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар кеңінен қатысып, ұсыныс-пікірлерін ашық білдірді. Бұдан, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығы да сырт қалған жоқ. Осының барлығы елімізде сөз бостандығының қамтамасыз етілгендігін, кез келген қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында өз ой-пікірлерін ашық және еркін бідіруге барлық жағдай жасалғандығын көрсетеді.
ЕҚЫҰ мен Қазақстан Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы аясында да тығыз ынтымақтастықта. Еліміздің Парламенті депутаттары Ассамблеяның отырыстары мен сессияларына үнемі қатысып, онда баршаға ортақ өткір мәселелерді көтеріп жүр. Сонымен қатар, 2008 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесі аралығында Парламенттік Ассамблеяның кезекті 17-ші сессиясы Астанада өтуі және онда Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып сайлануы еліміздің Ұйым алдындағы, сондай-ақ Ұйымға мүше елдер арасындағы беделін көрсетеді.
Өткен төрт-бес жыл ішінде, Қазақстанның Ұйымға биылғы төрағалығына дейін-ақ еліміздің ұйымдастыруымен ЕҚЫҰ аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өткізілді. Соның бірі – 2006 жылдың мамырында Астанада өткен “Адам саудасымен күреске – өңірлік жауап” тақырыбындағы ортаазиялық өңірлік конференция. Бұл конференцияға Орталық Азиядағы елдермен қатар, ТМД, Батыс Еуропа, АҚШ елдерінің ресми өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты. Жиында адам саудасына қарсы күресті жандандыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Тағы бір аса ірі жиын – 2006 жылдың маусымында Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністік” деген тақырыптағы ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі кеңесі. Төзімділік қағидаттары жан-жақты сөз болған және оның жұмысына ЕҚЫҰ басшылары мен Ұйымға мүше мемлекеттердің делегациялары қатысқан кеңесті Елбасы ашқан болатын. Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде толеранттылық тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты факторының бірі екендігін айта келіп, дінаралық, мәдениетаралық үнқатысуды дамыту үшін ЕҚЫҰ-ның барлық мүмкіндігін пайдалану қажеттігін атап өткен еді.
Қазақстанның бастамашылық танытуымен ЕҚЫҰ аясында ұйымдастырылған келесі басқосу 2007 жылдың наурызында Алматыда өтті. “Минаны залалсыздандыру саласындағы сенім шаралары және өңірлік ынтымақтастық” деп аталатын өңірлік семинарға Орталық Азия мен Еуропа елдерінен, Ресей, Канада, Моңғолия, Ауғанстаннан, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест, тағы басқа да халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысып, минаны залалсыздандыру және оларды қолдануға тыйым салу жөніндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстанның Азия мен ТМД, сондай-ақ бүкіл мұсылман елдері ішінде халықаралық беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға бірінші болып төрағалық етуі – еліміздің бастапқы кезде-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ұстанған саясатының нәтижесі. Өйткені, Қазақстан бүгінде сол ұстанымы мен саясатын халықаралық деңгейдегі шаралар арқылы іс жүзіне асырып келеді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.