Үстіміздегі жылдың 18-20 қазаны аралығында Астана қаласында Бүкіләлемдік рухани мәдениеттің форумы (БРМФ) өтетінін бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Біз осы шараны ұйымдастыру комитеті тең төрағаларының бірі, Парламент Сенатының депутаты Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВҚА жолығып, форум туралы әңгімелеп беруін өтінген болатынбыз.
– Бүкіләлемдік рухани мәдениеттің форумын өткізу мәселесі 1992 жылы басталған еді. Сол жылдың 18 қазанында біз Алматыда тұңғыш рет Рухани келісім конгресін өткізген болатынбыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызу қолдағандығының арқасында ғана іске асырылған шара болды. Өйткені, осы конгресс 1992 жылы Ресейде өткізіледі деп белгіленген еді. Бірақ ол кезде Ресей билігінде ауыс-түйіс болып, жаңа басшының командасы бұрынғының бастамаларын қолдай қоймады да, конгресс жұмысы аяқсыз қала жаздады. Сол кезде ұйымдастыру комитеті басшыларының бірі ретінде мен конгресті Қазақстанда өткізсек қайтеді деген ұсыныс жасадым. Оған ұйымдастырушылар келісті, бірақ Мемлекет басшысынан рұқсат алуды өзімізге жүктеді. Біз Елбасының атына ұйымдастыру комитетінің жиырма шақты мүшесінің атынан хат жаздық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұндай бастаманы қолдайтынын бірден білдіріп, жазбаша түрде жауап берді.
Сол жылғы сәуір айында Алматыда шараның тұсаукесерін өткізіп, дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Ал 18 қазанда конгресс Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен ашылды. Сол күн “Рухани келісім күні” деп аталды. Содан бері біз жыл сайын, 18 қазанды біз рухани келісім күні деп атап өтіп келеміз. Бұл күндері түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық шаралары және т.б. ұйымдастырылады. Сол конференциялардың бірінде, нақтырақ айтқанда, 2006 жылы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумын өткізсек қайтеді деген идея көтерілді. Сол жерде ресейлік әріптестеріміз әлемнің барлық түкпірінен аса танымал, атақты адамдарды жинау үшін форумның басына дүние жүзіне белгілі, беделді әрі ықпалды мемлекет басшысын таңдауымыз керек. Сонда ғана форум жұмысын табысты өткізе аламыз десті. Ақылдаса келе ұйымдастырушылардың бәрі рухани салаға үлкен мән беріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты форумды өткізіп жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы іске бірден-бір лайықты адам екенін бірауыздан қолдап, форумды біздің елімізде өткізуге келісті. Бұл ұсыныс Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан да қолдау тапты.
Содан кейін дайындық жұмыстары басталып кетті. 2008 жылы елордада конференция өткіздік. Оның тақырыбы: “Астана – әлемнің рухани елордасы” деп аталды. Оған Еуропадан, Азиядан, Америкадан атақты адамдар қатысып, форумға дайындық мәселелері туралы ойларын ортаға салды.
– Форумның мақсаты қандай? Онда қандай мәселелер көтерілмекші?
– Бүгінгі күні адамдар рухани, адамгершілікті дүниені емес, тек қана материалдық байлықты көксеп кеткені белгілі. Тіпті, жеке адамдар емес, тұтас мемлекеттер де тек өздерінің материалдық мүдделерін көздеп, адамзат алдында тұрған ортақ проблемаларға мойын бұрмай отыр. Осындай өзімшіл көзқарастың шектен шыққаны сондай, адамзат бүгін материалдық байлықтың соңына қатты түсу үлкен апаттарға, әлемдік экологиялық проблемаларға ұрындырып жатқанын көріп отырса да оған мән бермейтін болып барады. Бұрын, мәселен, КСРО-ның кезінде мақта өсіріп баюды ғана көздеген сол кездегі өкімет көз алдымызда дүниедегі ең сұлу теңіздердің бірін құртып жіберді емес пе? Сол кездері әлемдік қоғамдастық, соның ішінде қоғамдық ұйымдар бірлесіп, осы проблемаға байланысты КСРО-ға өздерінің қарсылықтарын білдірген болса, бәлкім Арал теңізі бүгін орнында болар ма еді. Бірақ ол кезде, өкінішке қарай, әлемдік деңгейдегі озық ойлы өкілдері салғырттық танытты.
Бүгінгі күні табиғаттың адамдардың өзін шексіз ашкөздікпен құртып жатқанына ғаламат қарсылық әрекеттерін, үлкен апаттарды көзіміз көріп, бастан кешудеміз. Апаттарды табиғат адамзаттың өзіне жасаған қысастығына қарсы тудырған әрекеттері екенін ғылым да дәлелдеп отыр.
Есірткі бизнесі, лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс сияқты адамдар тудырған әрекеттер ауқымы да шектен шығып барады. Жаппай қырып-жоятын қаруларды шектеу әрекеттері де кей жағдайда тиімсіздік көрсетуде. Осының бәрі адамдардың бойындағы имандылықтың әлсіреуінен туындап отырған қасіреттер. Қандай жолмен болса да материалдық игілікке жетуді көздеген ашкөздік адамзатты ғаламдық апатқа әкеле жатыр. Осындай жағдайлар әлемдік озық ойлы адамдардың, дарынды тұлғалардың күш біріктіріп, наразылық білдірмей, мәселеге салғырт қарағандығынан да болып жатыр деп айтуға болады. Бірақ, қазіргі дүниежүзілік ахуал әлемдік ой-өрісі озық адамдардың тымырайып, өз өкіметтерінің немесе басқа елдердің жалпы адамзаттық проблемаларды тудыруына мелшиген күйі, тыныш қарап отыра бермейтін кезеңіне жетті.
Сондықтан, біздің мақсатымыз – шығармашылығы мен өнері, білімі мен сөз салмағы әлемдік аренада зор рухани қуатқа ие адамдардың басын қосып, олардың назарын адамзаттың алдында тұрған проблемаларға аударып қана қоймай, өткен дағдарысты шешуге жұмылдыру. Тек осындай адамдардың қосыла шыққан үндері ғана қалыптасқан жағдайдан шығаратын ғаламшарлық ортақ жобаны жасауға серпіліс беруі мүмкін.
Біздің форум осы мақсатпен шақырылып отыр. Әрине, әлемнің ресми, заңды органдары дүние жүзіндегі осындай қатерлерге алаңдаушылық білдіруде. Бірақ олардың дүниежүзілік ауқымдағы қауіп-қатерлерді барлауы жеткілікті дәрежеде болмай отыр. Біз өз жұмысымыздың барысында Жер шарына, мемлекеттер басшыларына үндеу қабылдаймыз және соның орындалуын талап етеміз.
– Бүгінгі күні ұйымдастыру комитетінің алдында тұрған мәселелер толық шешілді ме?
– Елбасының қолдауымен қазір барлық ұйымдастыру жұмыстары негізінен аяқталып қалды. Келеміз деген адамдардың тізімі қазір біздің қолымызда. Бүгінгі күні 70-тен астам мемлекеттен 500-ден артық адам келгелі отыр. Әрине, бірқатар аса атақты тұлғалар денсаулықтарына байланысты келе алмайтын болды. Соның ішінде Нельсон Мандела, Габриель Гарсиа Маркес және т.б. бар. Бірақ олардың бәрі де форумды қолдаймыз деген хаттарын жіберді.
– Ұйымдастыру комитетінің құрамында кімдер бар?
– Форумды өткізу үшін Қазақстанда, Еуропада және Ресейде үш штаб құрылды. Қазақстандағы штабты мен басқарып отырмын. Штабтарды қаржыландыру демеушілер мен өзге де мүдделі тұлғаларды тартумен жүргізілді. Ұйымдастырушы қоғамдар арасында “Мәдениет арқылы бейбітшілікке” атты халықаралық ассоциация, “Рухани келісім қоры” халықаралық қоғамдық қоры және басқа да ұйымдар бар.
Астанада өткізілетін БРМФ қаржыландыру шығыны республикалық бюджетте қарастырылған. Сонымен бірге, түрлі демеушілер де тауып жатырмыз. Шақырылған қонақтардың жол, жатын орын шығындары біздің мойнымызда. Ал өздігінен келетін қонақтар өз шығындарын өздері көтеретін болып келісілді. Қазір форум бағдарламасының жобасы жасалды. Оның жұмысы пленарлық отырыс және секцияларға бөлініп жұмыс істеу тәртібімен жүргізілетін болады. Негізгі баяндаманың тақырыбы жобалап айтқанда мынадай: “Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы және оның рухани адамгершілік негізін құрудағы қажеттілігі”.
– Оқырмандарға айқынырақ болу үшін секцияларда көтерілетін тақырыптар туралы да айта кетсеңіз.
– “Рухани мәдениет: өркениетті дамуға әсер ету жолдары” атты секцияның жұмыстарына О.Сүлейменов, И.Кобзон, Ю.Агешин, Э.Балашов, И.Дарнева сияқты тұлғалар жауапты болып белгіленді. И.Кобзон “Рухани мәдениет өмір талап еткен реформалардың кілті”, Э.Балашов “Барлық бала – біздің баламыз”, В.Порохова “Ислам – бастауына қол жеткізу”, т.с.с тақырыптарда баяндамалар жасалады.
“Білім және ар” деп аталған екінші секцияның жұмыстарына жауаптылар болып Р.Абдулатипов, В.Аугустат, В.Захаров, С.Глазьев және т.б. белгіленді. Сондай-ақ “Рухани мәдениет және БАҚ”, “ІІІ мыңжылдықтағы білім және жастар” секілді ұзын саны тоғыз секция жұмыс істейтін болады. Соңғысының жауапты адамдары В.Садовничий, Ш.Амонашвили сияқты әлемдік деңгейдегі оқымыстылар.
Форумның жұмысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі деп ұйғардық.
– Қазір ЕҚЫҰ-ның саммиті сияқты аса маңызды форумға дайындық жүріп жатыр. Оның жұмыстары сіздердің дайындықтарыңызға кедергі келтірмей ме?
– Керісінше, ЕҚЫҰ-ның саммитіне дайындық біздің форумның жақсы өтуіне де игі ықпалын тигізіп жатыр деп айтуға болады. Өйткені, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, қонақүйлердің барлық қызметтерге дайындығы – бізге де қажетті дүниелер емес пе...
– Форумның сәтті өтуіне тілектеспіз, әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.