Бауыржан Момышұлы – 100
Кеше Алматыда “Қазақтың Бауыржаны” атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі болып өтті
Журналистік кәсіп егемендіктің елең-алаңынан бергі талай ілкімді істерге, түрлі тұсаукесерлерге куә етумен келеді. Бірақ, солардың ішінде кейбір оқиғалар міндетті түрде дараланып тұрады екен. Соның бірі кеше Алматыда өткен “Қазақтың Бауыржаны” атты деректі фильмнің тұсаукесері. Кинолента аяқталғанда көрермендер тым-тырыс қалып, орындарынан тұрмай отырып қалғанын тұңғыш рет көрдік!
Бар болғаны жарты сағатқа созылған деректі фильм жүріп жатқан-да залда шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Жұрт Бауыр-жанымен тағы да қауышып, терең ойға шомды.Қаһарманмен қоштасқысы келмеген көпшілік жұмбақ үнсіздікті араға салып, біраз уақыт өткеннен кейін барып, залдың әр тұсынан: “Рахмет!”, “Рахмет, сендерге айналайындар!” деген баталы сөздерін айтты.
Ұлы Отан соғысында қазақтың ұл-қыздары қалай шайқасты, Отанды қайтып қорғады дегенде, міндетті түрде Бауыржан Момышұлының кесек тұлғасы менмұн-далап, алға атойлап шыға келген болар еді! Атақты жанның ауыр соғыстың зардабын басынан аяғына дейін арқалап қоймай, ұлт өжеттігінің символы, халықтың айбыны мен абыройы болғаны да ақиқат. Сондықтан да “Қазақтың Бауыржаны” деректі фильмі Баукең туралы айтылып, болмаса айтылуы кем болып тұрған тұстардың олқылығын толтыруға ұмтылған туын-ды дер едік. Бұл кинолента халық ба-тырының балалық шағынан бастап, егде тартқан кезіне дейін және ұлы адамның ішкі болмысын, жан дүниесінің түкпірінде жатқан ойлардың қыр-сырын ашуға әрекет етеді. Сонымен қатар, фильм әлі еш жерде жарияланбаған тың деректерді қамтиды. Батырдың көкірегін кернеген кейбір ойдың сыры неде деген сұрақтарға режиссер Қалила Омаров өзінше жауап беруге тырысады.
Фильмнің бағасын беретін – көрермен ғой. Ал салмағын безбендейтін – уақыт. Сондықтан деректі дүниенің премьерасына қатысқан жандардың пікірлеріне құлақ түріп көрелік. Олар ойларын төмендегідей тарқатты.
Ким СЕРІКБАЕВ, полковник: – Осы кино түсірілер алдында оған жауапты азаматтардың көпшілігімен кездесіп, ақылдасқанбыз. Менің ойымша, ол өз жемісін берген сияқты. Фильмді біткен іс деп есептейік те, оған сәт сапар тілейік. Ендігі мақсат мынау. Ол ағамыздың 100 жылдығына арналған еңселі ескерткіш 28 панфиловшылар саябағында орнатылса деген тілек. Қыркүйектің 24-25-інде Баукеңнің ғасырлық тойы Таразда болады ғой. Ондағы азаматтарға разымыз. Өйткені, олар Баукеңнің мүсінін елде бірінші болып орнатты. Енді Алматыдағы ескерткіш өз шешімін тапса дейміз. Себебі, Алматыдағы Медеу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған соң, Баукеңнің жанашылары менен осыны жиі сұрайды. Тілек – дұрыс. Ол – халықтың талабы. Жыл басынан бері мұндағы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштің 26 түрлі жобасы жасалынып, 4-5-уі Астанаға жіберілді. 2010 жыл да аяқталып келеді. Ағамыз желтоқсанда өмірге келген ғой. Соған дейін мүсін 28 панфиловшылар саябағындағы көрнекті жерге орнатылса жақсы болар еді. Ал мына деректі фильм жастарға құт болсын! Рух әкелсін деймін.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, Тараз қаласындағы “Бауыржантану” ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі: – Туынды өз дәрежесінде түсірілген. Ескертіп айтайын, бұдан кейінгі деректі фильмдер ойда болса, оған да Бауыржан Момышұлы туралы материалдар молынан жетеді. Режиссер Қалила Омаров бір фильмге осының бәрін сыйдыра алмағандықтан, ол ең өзекті де қажетті тұстарды ғана қамтып, елге жеткізіп отыр. Айтылар ой айтылды. Біздіңше халыққа Баукең туралы үлкен, баяғыдағы Мәжит Бегалин түсіргендей кең ауқымды тағы бір фильм қажет. Батырды білетін, көзін көрген адамдар тұрған кезде осыны ойластыру керек. Себебі, оның мұрасы қайталанбайтын, халықтың ой-санасын өсіретін мұра, ұлт санасын оятатын мұра. Елжандылыққа бастайтын мұра. Сондықтан да Баукеңді халық іздейді. Ағамызға деген елдің махаббатын мынадан көруге болады. Мысалы, ол кісіге арналған арнау өлеңдер бар ғой. Солардың өзі бес том болып жинақталған. Баукең туралы дүние-лердің бас-аяғы жиналып 30-40 томды құраған кезде тағы да мықты режиссерлер керек болады. Осыған киногерлеріміз қазірден бастап дайындалуы керек.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстан-ның халық жазушысы: – Бауыржан Момышұлын зерттеу, өз дәрежесінде ұлықтау істері жалғаса бергей деймін. Мен радиодан, теледидардан майдангер ағам туралы оқтын-оқтын сөз сөйлеймін. Оқырмандармен кездесулерге барғанда Баукең туралы тынбастан айтып жүремін. Халық батырына менде қарыздармын! Баукең туралы “Ақиқат пен аңыз” деген кітап жазып, Мемлекеттік сыйлық алдым. Қазақстанның халық жазушысы құрметті атағына ие болдым.
Полковник Бауыржан Момышұлының ұлтына қалдырған мұрасы 40 том дедік қой. Ал атағынан ат үркетін Ф.Голиков деген маршал болған. Оның ұлтына қалдырған мұрасы “Мәскеу шайқасында” деген жалғыз кітап қана болды. Сол сияқты атақты қолбасшы А.Василевский де екі том ғана әскери еңбек қалдырды. Біздің Баукеңнің қалдырғаны 40 том.
Кезінде Баукеңнен лекция тыңдаған И.Голушко генерал-полковник дәрежесіне жеткен адам еді. Өзінің өзгеше ұстазы Бауыржан Момышұлына “Солдаты тыла” деген кітабында ол өте жоғары баға берді. Шәкірті генерал-полковник болғанда, ұстазы маршал бола алмайтын ба еді? Бола алатын еді! Бірақ тоталитарлық жүйе бұған ерік берді ме?.. Бауыржан көрген сол әділетсіздіктерді бүгінгі ұрпақ қалпына келтіруі тиіс. Сондықтан мен деректі фильм құтты болсын, жалғасын тапсын деп тілеймін!
Бақытжан МОМЫШҰЛЫ, жазушы: – Шындап келгенде жарты сағаттық фильмге бәрін сыйғызу мүмкін емес. Соның өзінде оны жоғары дәрежеде орындалған кинотуынды деп ойлаймын Неге десеңіз, осы фильмге қатысқан адамдардың барлығы жақсы сөйледі. Ұсақ-түйекке бармай, әкеміздің кесек болмысын көрсете білді. Бірақ бәрі айтылып үлгерілді деуге тағы болмайды. Бұл тек бастамасы!
Менің естуімше, осы фильмнің режиссері Қалила Омаров деректі кинолентаны әрі қарай жалғастырмақшы. Қалай жалғастыратынын білмеймін, бірақ осы бағытпен жүрсе өз биігінен төмендемейді. Маған фильм ұнады. Қатты толқыдым! Алғашқы әсерім осындай. Режиссерге ризамын! Неге десеңіз, қазір Алматыда болсын, ауылдарда болсын, әкемізге ие болып жүрген жандар бар. Кейбіреулер өз деңгейінде Бауыржан Момышұлы туралы майда-шүйде ой айтады. Мен осыған қарсымын! Әкемізді мына жалғанда сыртқы жаратылысын көр-гендер көп шығар, бірақ ішкі болмысын терең ұғынуға әркімнің дайындығы мен өресі жете бермейді. Бұл тазалық арқылы келеді. Көнекөздер қамшының сабындай мына қысқа ғұмырда бір-біріңді қадірлеп өтіңдер демеп пе еді?! Сол үшін де қазақтың Бауыржаны қадірлеуді күтеді.
Қалила ОМАРОВ, “Қазақтың Бауыржаны” деректі фильмінің режиссері: – Биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығы тойланды. Ал сонымен қатар қазақ халқы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын да атап өтуде. Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауымен, министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ықпалымен Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы осы деректі фильмді түсірді. Туынды үш ай ішінде бітіп, 9 мамырда көрермендерге жол тартуы керек еді. Алайда, фильмді түсіру барысында табылған жаңа құжаттарды зерттеу, анықтау қажет болды. Оған қоса, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлын көпшілік сияқты мен де білемін, тағдырын түсінемін деп ойлайтынмын. Киноға кіріскенде ол кісіге қатысты фактілерге қарап, батыр тағдырында күрделі, қиын тұстар өте көп екеніне көзім жетті. Неге бүкіл әлемге танылған, Мәскеу түбінде жауды тоқтатқан, панфиловшылар дивизиясы полкының ең атақты командирі болған, өзгеше әскери тәсілімен тарихта қалған тұлғаның кеудесіне кезінде Алтын Жұлдыз тағылмай қалды? Неге 9 ай дивизияны басқарып тұрып, генерал атағын ала алмады. Осындай қиянаттардың астарын іздедім. Таптым да. Өкінішке қарай, бұл фактілердің көбісі кадр сыртында қалды. Өйткені, Мәскеудің өзінде Кеңес Одағының маршалы, КСРО Қорғаныс министрі Гречко Бауыржанға қарсы болды. Осы қиянатты қалыңдатқан өз қандастарымыздың да бар екенін білдік. Сондықтан Бауыржан туралы айтылатын сөз әлі аяқталған жоқ.
Бақытбек СМАҒҰЛ, Ауған соғысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Деректі көріністер көп тарихты, талай оқиғаларды көз алдымызға әкелді. Біріншіден, бұдан бауыржантануды, тәуелсіздікті тануды білдік деп айтамыз. Өйткені, ол – тәуелсіз тұлға! Және дәл қазіргі кезеңде қазақ жастарына жан-жақты үлгі бола алатын ұлы жандардың бірі әрі бірегейі – сөз жоқ, Бауыржан Момышұлы. Ол кеңес заманында өмір сүріп, сол қоғамға қызмет еткенімен, оның бүкіл іс-әрекеті, қайраткерлігі біздің бүгінімізбен үйлесіп, қабысып жатыр. Ол шын мәнінде тәуел-сіздіктің идеясын ту етіп ұстаған тұлға. Өкінішке қарай, оның дербес ойларының, жеке пікірлерінің біразы архивтерде жатыр. Бір ғана дерек. Бауыржан Момышұлы туралы бұрынғы кітаптар мен зерттеулерді алып қарасаңыз, оның батырлығына, ерлігіне, отаншылдығына көбірек мән берілгендігін байқайсыз. Ал Баукеңнің азаматтық тұлғасына, адамгершілігіне, зиялылығына, тектілігі мен кінәздік болмысына жете мән беріле қоймағанын аңдайсыз. Бауыржан Момышұлы “жоғары жақ осылай деді, мен қайтсем де соны орындауым керек” деген көзсіздікке ешқашан ұрынбаған. Өзінің әрбір ісіне өзі іштей есеп беріп, оны артынан асықпай парықтап, “осым дұрыс болды ма, бұрыс болды ма” деп ой елегінен өткізіп отырған. Мұндай қасиет нағыз зиялыға, ұлттың зиялысына ғана тән болмақ.
Біз Баукеңнің Ұлы Отан соғысына үйренуші емес, үйретуші ретінде қатысқанын жан-жақты және жүйелі түрде дәлелдеуіміз керек. Біз – Ауған соғысы ардагерлері кеңесі өзіміздің республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізген шараларымызда осындай фильм арқылы Бауыржан Момышұлын, елжандылықты жастарға, кейінгілерге насихаттауды көздеп отырмыз.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.