15 Қыркүйек, 2010

“Ақ сиса”

2932 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
(поэма) І Бисмилла рахмани рахим,  ал бастадым, Жанымның жарқыратып алдаспанын. Бар еді, бауырым-ай,  алда асқарым, Жалы еді арғымақтың жармасқаным. Тамыздың тамылжытып таңғы аспанын,  өрейін өршіл өлең, Ар дастанын. Арналы өзен еді жалғасқаным, Бисмилла рахмани рахим,  ал бастадым. Жүйіткісін жүйрік жырым Құлагердей, Көнерген көңілім бар құба белдей. Кешеден бүгінгіге жеткен өлең, Қаз мойын қасиетті құрама ердей. Шабыттың шалқып жанар шырағы өлмей, Білгенге біздің ғұмыр бір әлемдей. Несіне жыр қыласың деп ойлама тұншыққан тұрғыласым тұма көрмей. Сызылтып сыр айтайын мұрагердей, Сөзімнің арасынан сына бермей. Құла дүз құзғын қонар құзға айналса Құлагер қайтеді енді құлап өлмей. Ақынды аяла аспан,  аяла күн, төр етіп төскейіңді саяладым. Көлінде Жасыбайдың сайран салып Ақбеттен асқақтаттым Баян әнін. Жасыл бел,  жасыл әлем, сая бағым, Айдында аққуымды аяладың. Жыр етіп алдыңа әкеп жая аламын, Қазақтың қай алқабын, қай алабын. Баянсыз баяны бар бақи күннің Баянды ғұмыры бар Баянаның. Баянтау! Баурайың ән, бағың дастан, көркіңді жыр етеміз жаңылмастан. көздері көлдерінің жәудіресе, айнымай қалады екен қарындастан. Көлдері аумай тұрса қарындастан, Баянды бар ма әлемде сағынбас жан. Асық боп өтері анық Ақбеттауға ғашық боп осы өлкенің маңын басқан. Күні алау көңіліңнің шаңын басқан, Түні анау  бақыт тербеп, бағыңды ашқан. Айынан аспандағы арай саулап Сайынан Сарыарқаның сағым қашқан. Сәлдесін түн көтерсе, сәл ойланып, таңдары атады екен арайланып. Төсіне Ақбеттаудың тұмар қадап көшіне бабалардың қарайладық. Тағдыры талайсыз да, талайлы анық, күндердің керуенімен талай налып, өткен көп, өмір сеуіп өркеніне – Біздің де көшімізге қарайла, жұрт! Жасыбай! Жағаңа кеп аялдадық, тағдырдың тамырында қан айналып. …“Баянаула басынан бұлт кетпеген“ Баянаула басына бақ айналып. ІІ “Өтеді екен дүние қас-қағымда, ойнап-күлген жарасар жас шағыңда”… Аяны бар Мәшһүрдің түсіне енген Баяны бар таңбалы тастарында. Қырандары шың-құздың бастарында, Бұқар баба жырының астарында. Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Олжас болып – Асуынан Ақбеттің аспадың ба? Жиендері бұл елдің жұлдыз Шоқан, Қаныш, Әлкей, Шәкені асқарында. Баянаула басынан бұлт сейілсе Жұлдыздары самсайды аспанында. Дала расы жаралған  ақық, Ардан, Баламасы Баянның Ақын, Арман. Өріміне өлеңнің өкінбейін – Қапияда мергендей қапы қалған. Тірлігіңнің аты өмір, Заты жалған, Керуен соққан күндердің Хаты қалған. “Ақ сиса” ақын Мұса өткен Ақбеттауда – “Мұстапасы Шорманның атын алған”. ІІІ …Ай өтті Жаяу Мұса тас түрмеде, Таланып қандалаға, аш бүргеге. – Оязға арыз айдап несі бар-ей, Шығарған өз үкімін, қашқын неме! Тар қапас, Темір тордан терезесі, “Пендеге пенде болған” деген осы. Есіңнен тандырардай ер егесі Ережесіз ғұмырдың ережесі. Осында ұры-қары,  қашқын көші, Тобылдың тор терезе, тас түрмесі. Тамсанар талантыңа орын емес қан сорар қандаласы, аш бүргесі. Көктеген көктем сайын көп өлеңнен, Бүр жарып кетсең сен де көгерер ме ең? – Ақынды абақтыға айдатқан кім Түрмеге Жаяу Мұса неге келген? Сайраған бұлбұлы еді жыршы бақтың, Көңілдің көк толқыны тыншып ақтың. Байжанның баласының өлеңінен Жауабын бірге іздейік бұл сұрақтың; “...Сәлем айт, көп Қаржастың баласына, Қалдым мен Мұстапаның жаласына. Әкеңді өлтірген кім мен білмеймін, Сонда да құнын менен аласың ба? ...Тобылға он екі жыл мен айдалдым, Артымда елім, жұртым бәрің қалдың. Адамға еш жазығым жоқ болса да Нақақтан  жазаландым, көп сандалдым” Зауалды басқа берме, құдай тағы, Шырайын шындығыңның жыр айтады, Жыр айтса жанымызды мұңайтады, – Елім деп еңіреген елік көңілі Өлеңді Жаяу айтпай кім айтады?.. Көкке ұшқан көңілінің қазы міне, Алаштың баласының азығы де. Құса күн қаяу қонған қабағына Мұсаның Жаяу болған жазығы не? Тазалап зарлы жүрек, Мұң көңілді, Ақбеттің ар жағынан күн көрінді. Баянтау! Барыңды жай алдымызға Жасыбай, Жасырмай айт білгеніңді. Өткеннің түгендейік қай наласын, Жұртым-ай, Бір шеңберді айналасың. Азапқа азаматты байлағасын Ақынды абақтыға айдағасын. Емес-ті елі бөтен, Жері бөтен. Жезқанат жез маралдай желіп өтем. Мұсаға Жаяу атын қосып беріп, “Жаяудың шаңы шықпас” деді ме екен?!. Зулашы! Керуен-күн, тоқтамашы, Ақынның әлімсақтан жоқ бағасы. Шорманы орманына қорған болған, Қаржастың қаршығадай көп баласы. Көңілде қайырлаған қайран күйсің, Қайрылсам қайырмаңа пайдам тисін! Екі бас бір қазанға сыймағандай Бір елге екі Мұса қайдан сыйсын! Келе алмай кей жақсымен келісімге, Келтелеу ой болған соң Кегі ішінде, Әке – Шорман, ағасы – Мұса мырза Бір тентек жүрген шығар ел ішінде. Қорлыққа көнбес еді, Күші аса емес, Жаяудың көрген күні  қысас,  егес. Сол маңның содыр мінез Сойылшысы – Шорманның Мұстапасы, Мұсасы емес. Жаяудың көрген күні түрме, дырау, арты қайыр боларын білмедің-ау. Ақ самал аңқылдайды ақын мінез, Ел мынау, Сөгілмеген ірге мынау. Алдыңда сенің жарық күнің көрер, Құлаққа құбыладан үнің келер. Тас шайнап тарланбозым түрмеде отыр, Түндігі көңілінің түрілген ер. Өлең боп өріс тауып өмірі алдан, Көгерткен көңілінің көгін арман. Ары боп Ақбеттаудың ақын өткен Аттыдан жаяу жүріп кегін алған. Санаңды сарғайтатын сан алаңы, Шабытпен шалқарларым шағалалы. Бұл дүниә әлімсақтан қазақ үшін Атты менен Жаяудың аламаны. Жаяу толқын, Жаяу күн, Жаяу арна, Жапырағымды жайқалтып жаям алда. Дара туған алыптан айналайын Жаратылған жарықтан, Баянаула! ІV ...Баян Баян болғалы, Көкалалы көп үйрек Көліне кеп қонғалы. Сан жыршылар жырлады Сан ақындар толғады. Торсық шеке ұландай Толып туған толғағы. Шың басында қырандай Айналаны шолғаны. Биікке алып шығардай Соқпағы мен жолдары. Құла дүзде құландай Құйындатса — сол бағы. Қасиетіңді ұға алмай Сорламасақ болғаны. Ұлтымызға ұрандай Ұлы дала қорғаны – Сен аман тұр, Баянтау! Жапан дала, құла дүз, тұна қалған жыр-аңыз. Бұл өлкенің өткенін Мына бізден сұраңыз. Баян, Баян, Баяным, Сарыбелде саялым, Атырабыңды аялап Жапырағымды жаямын. “Елім-айлап” ел көрдім, сергелдең боп  сенделдім, ...Ай артынан ерген Ай Күн артынан ерген Күн. Баянауыл — ән басы, Қазақ үшін қашаннан. Тағдырымның таңбасы тастарыңда қашалған. Сен аман тұр, Баянтау! * * * Өткені өлең Баянның, сыры – ертегі, Онсыз қазақ қалайша күнелтеді. Адамзат аз, Құрлығы саз заманда – Екі қауым ел жайлап бұл өлкені. Жаз кеп қалып соңынан Күз кеп қалып, – сен – деп қалып бір-бірін – сіз – деп қалып. Екі қауым ел жайлап бұл өлкені Ғұмырының баянын іздепті анық. Тірлік шіркін көкпар ма,аламан ба? Адам кейде ұқсайды жаралы аңға. Шұрайлы да шырайлы жерді көріп Екі қауым басыпты: – Мен аламға. Таласыпты көркіне таңдай қағып, Таңдай қағу аяғы дауға айналып. Алақандай атырап дауға айналса; Егіз жатқан екі жұрт жауға айналып. ...Қасиетіне бас иген қатынасқан, Бөлекшелеу жаралған заты бастан. Осы өлкеде көріктің көрігіндей Әппақ Ана болыпты ақылы асқан. Ақиқатын айтайын сөз бергенде ел, Таразылап өздерің безбендеңдер! Әппақ нұрдан жаралған Ақ Ананы – Бай АНА – деп атапты көз көргендер. Аян болып бұл талас аумағына, Батырына сұрапты сауғаны да, Игі жақсы жиылып Бай Анадан Кесім сұрай келіпті дауға мына. Бізге жеткен осылай толғақ аңыз, Санамызда сарғайтпай толғанамыз. Ақ самалға сүйгізіп ақ жаулығын Арналы сөз бастапты сонда Анамыз: – Ай, ағайын, абайла! Мәмілеге дау көнбесе айналады дамайға. Бірлігіңе ендеше Бітім керек қалайда. Палуандарың белдессін, Жамбы ату да – қиын сын. Ел сонымен елдессін. Жер жеңгенге бұйырсын!” Айтып өмір өлеңін, Жұрт тарапты мамырлап. Ақ Ананың дегенін Ақ батадай қабылдап. Байламды ойдың байыбы нұр естіріп, Көңіліне көгершін ілестіріп. Екі қауым жүйрігін жарыстырып Екі қауым балуанын күрестіріп. Жазирасы жаһанның жалғап қызық, Кеш батқызып, Содан соң таңды атқызып. – Жеңгендерің жерге ие боласың – деп Мергендерін сынапты жамбы атқызып. Ай сығалап Алаштың түндігінен, Екі қауым байланған кіндігімен. Күн артынан керуен күн жылжысын, Асып кете алмапты бір-бірінен. Тірелген соң тұйыққа тұйғын ері, Бірін-бірі ала алмай шүйлігеді. Шетен даудың шетіне шығар емес, Жақсылары екі елдің , игілері. Қайырламай тірліктің кемесінде, Қарсы жүзіп толқынға келесің бе? Шешімімен, Кесектеу кесімімен Қалды мәңгі сол аңыз ел есінде. – Ертеңі бар елміз ғой, өсер егіз, Толып тұрған жазуға пешенеміз. – БАЙ-Ананың ауылы болсын мәңгі Көгермейді дауменен көсегеміз. Кең өлкенің ырысы жатар асып, Емес бізге дау-дамай Ата кәсіп. – Бай-Анаға баянды болсын айтты Батар кеште екі жақ баталасып. ...Төбел күнде төсінен күй ұққасын, Бабаларым бауырыңда ұйықтасын! Бай-Ананың Баянды ұрпақтары Баянтауға өтеді иіп басын. Іздегенде мұхиттан мұрамызды, Құба жонды қиялап, Құла дүзді, Баянаула, БАЙ-АНА, Баянауыл Тарқатайын осылай  бір аңызды. V ...Басыңнан өтті білем тасыр заман, Көгінен қара нөсер басылмаған. “Ақ сиса” – ән биігі  қазақтағы Зұлмат пен зорлығыңа бас ұрмаған. Аттылар қай кезде де асқан заман, Жаяудың жанарынан жас парлаған. “Ақ сиса” – Байжанұлы бабамыздың Рухы Ақбеттаудай аспандаған: “... Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса, Жарасар камзол сұлу белін қиса. Шорманның Мұстапасы атымды алып Атандым сол себептен Жаяу Мұса. Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса. Жиылып орыс, қазақ қашқын дейді Көрермін ақыр бір күн күнім туса. Жаныма батқандықтан ашынамын, Мен неге жаяумын деп басыламын?! Малым жоқ Шорман айдап алатұғын, Қорлығын Мұстапаның паш қыламын...” Жаяудың көрген күні құса, нала, Қанатсыз биікке құс ұша алам ма? “Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса” Соны ерте сезініпсің, Мұса баба. Қасиет табылады қай арнадан, айдынға қайық салса аяулы арман. Шорманның Мұстапасы атын алса, Мұсадай “Ақ сиса” ақын жаяу қалған. Ай нұрын аялаған асыл күйдің Рухынан от оранып, Жасын кидім. Аттыны ат үстінен домалатқан “Ақ сиса” аруағыңа басымды идім. * * * 1840 жылдардың екінші жартысынан бастап Баянаула түгелдей Орыс казачествосының запас жеріне айналды. Қыс қыстау, жаз жайлауы тарылған Шорман тұқымының Айдаболдың Малқозысымен, Жаяу Мұса елімен егесінің басталған кезі осы тұс. Өткеннің өксігінен жаным жүдер, Өлеңім, өзекті өрте, бағымды бер! Сен неге жар салмайсың, Жасыбай көл, Сен неге толқымайсың Сабынды көл?! “Ақ сиса” – арман дүние, жыр аңыз де, шындықтың шырайына шырақ ізде! Бабалар өшкен, өлген, Өскен-өнген – Талатын құс қанаты құла дүзде. Бұл өлке ақынынан жыр күткендей, Көңілдің көп құстары дүрліккендей. ...Шорманның қыс қыстауы – “Қызыл ағаш” Ішіне мәңгілікке сыр бүккендей. Жүгінген құдіретке құран ұстап, Бабалар тастап кеткен мұраны ұқсақ... Қызарып батқан күнді “Қызыл ағаш” Тұр әлі қимастықпен шығарып сап. Ақынның айналғандай мұңдасына, Қыраны ұя салған шың басына. Сен әлі мөлдірейсің, Шорман бұлақ – Сыр айтып ақ қайнардың тұнбасына. ...Тарихтың аршылатын көмбесінде, Тұлпардың тұғырында, кермесінде. Ел ауған, қайың сауған сонау жылдар – Күй тұнған домбыраның пернесінде. Сонау жыл – жарық күннің жамалында, Көк аспан, Қара жердің жанарында. тоғыз түн толғатсаң да таусылмайтын қобыздың қасиетті шанағында. Жарық күн жандарына жара салған, Кезің жоқ мәрт бабам-ай, Аласарған. Қалың қол ат ойнатып казак келіп – Баянның баурайына қала салған. Сайлап ап бес қаруын, Жарақталған, Қалың қол ауылды алған, алапты алған. Атойлап ат ойнатқан атаманға – тосылып қыр қазағы қарап қалған. Уақыт жемтік болса Заман – қарға, Бағдар жоқ оң мен солды бағамдарға. Қаржастың қалың елі, бағым еді – Жайлауы тарылған соң амал бар ма? “Арқада бір құтым бар Мұса, Шорман, Ежелден келе жатқан ескі қырдан”. Сал Біржан әнге қосып әуелетсе, Кең алқап керілетін кешкі нұрдан. Айнымай ай санаған ықыластан, Күні жоқ ағайынмен шытынасқан. Арқаның Мұса, Шорман құты болса – Қалайша қас-қағымда құты қашқан? Көңілің көп құстарын көлбеткенде, Қалады мейірімге шөлдеп пенде. ...Баянға орыс-казак жиылып кеп – Қала сап, қада қақты сол көктемде. * * * Ай, Баянымды алғаны, Сая күнді алғаны. Саялымды алғаны – Аяғымды шалғаны. Баянтауды алғаны, Жасыбайды алғаны. Жасыбайды алғанда Басыбайлы алғаны. Кім сұрайды сауғаны, Қалың мұңың – шер ме еді?.. Ақбеттаудың таулары – Сабындының көлдері... Қыран көрдім ұшырып, Құзға барып құлады. “Қызыл ағаш” қысылып – “Шорман бұлақ” жылады. Аздың да ісі бітер ме, Көптің де ісі жетер ме, Көп ішінде бір жалғыз Сөйлеп те сөзі өтер ме?.. Бұқар жырау Қанатсыз құс биікке ұша ма екен, Аяғын кім жүйріктің тұсады екен. Айдап алар малы жоқ өрісінде, Көп ішінде бір жалғыз... Мұса ма екен?... Өткеніңді тастамай күресінге, Күй күмбірлет! Күндердің күнесінде. Бай-Ананың кезінен Баянтауда – Бақыт құсы ұшып жүр, білесің бе? Бұлағай күн бұзса да көңіл хошын, Өрге тіккен өрені өмір қосын. Мұса, Шорман өрісі тарылғаны – Өрт шалғаны дариға-ай, ел іргесін. Кер күндер-ай, керілген кермедейсің, Тереңімді тербетіп, тербегейсің. Сен не дейсің, Ақбеттің асулары – Ащысудың өзені, Сен не дейсің?!. Түгел сөздің түбі бір... түс, аңыз ба, Қанат байлап білмеймін, ұшамыз ба? – Ақкелінге қалашық тұрғызам – деп Жоғарыға хат жазған Мұса мырза. Мына хаттың мәнісін жұрт аңдады , Көңілінің жер тарпып тұлпарлары. Атамекен – Ақкелін, Ақшоқысы – Айдаболдың Малқозы бір тармағы. Алағайың туса да бұлағайың, мынау мекен атадан мұрадайын. Ақшоқыда ашынды бір қауым ел – – Қалай ғана басынды, бұл ағайын?.. Ұшып жүрген басының бағы айнала, Айдаболға Ақкелін – арай дала. Арқадағы асылдың сынығы еді Мұса, Шорман басынды, қалай ғана? Елге егесті туғызған,жанға дауыл, Бұл сынақтың білгенім салмағы ауыр. Жараса ма қайтадан ағайынмен Қарашада күзеуде қалған ауыл?.. Қапаланса қалың ел –қарындасың, шыдам қалай шытынап жарылмасын. – Қайда болдың – дейтін де сауал туар – Айдаболдың айдыны тарылғасын. Айдау жолға шиқылдақ арба шықты, Ай, заман-ай, Жауыр тай жорға шықты. – Мен де үй салам ол жерге Мұса салса Мұстапасы Шорманның ол да шықты. Есеңгіреп ел іші... қалды бәрі, жапандағы жартастар жаңғырады. – Айдаболдың айбалта ұстайтұғын Айналайын ағайын, бар ма ұланы?! Сынаққа алар тұл тағдыр талай ұлды, Аямай төк! Ақбеттау арайыңды. Орыс-казак олжаға батты білем Қырқыстырып қырдағы ағайынды. Солдан соқса сол дауыл – сор айнала, Өкпек желі өткеннің... солай, бала. Олжабайдай батырдың ұрпақтары – Олжа бола қоймайды оңай ғана. Мұң шақпайсың сен неге, мұнар далам, Шыңдарыңда шалқиды шырағдан-ән. ... “Ақ сисалап” араңнан ақын өтті Ұлтарақтай жері үшін ұрандаған. Ақбеттаудай, Жасыбай, Баянындай, Қайдан тапсын тірлікте сая мұндай. “Ақ сисалап”, арындап, аршындады Жаяу Мұса жарқылдап жай оғындай. Үмітінен үзбеді бар күдерін, “Ақ сисада”  ашығы әңгіменің. Ән шалқытып Алаштың аспанында – Жаяу жүріп аттыдан алды кегін. Кесір күндер кеткен жоқ кекке айналып, Өшкен ғайып дүние-ай, өткен ғайып. Сәлем айтып Қаржастың баласына – Тобыл жаққа сол ақын кетті айдалып. Қасиетім қалың ел – тұтас орман, Өткеніңді өрт шалған Құса, Сордан. Сен аман бол, “Ақ сиса” – Жаяу ақын – Арқадағы бір құтым Мұса, Шорман. Ақбеттаудан абайсыз нар құлады, Жартас біткен соны айтып жаңғырады. “Кімдер жаяу қалмайды зорлық қылса”... Жаяу Мұса “Ақ сиса” – Ардың әні... * * * Тоқсан төртте жасым бар Енді жүрек басылар. Мен  жүргелі жатырмын, Қоштасайық халқым-ай! Еңбегім сіңген Ақшоқым, Содан орын қазыңдар... Жаяу Мұса Алас, алас,  алас күн! Гәкку саздар – толы әні. Айдынына Алаштың – Аққу-қаздар қонады. Талапайға түстің бе, Талайыңнан қаштың ба?.. Қара жердің үстінде Көк аспанның астында. Шырағыңа білтемін, Шақпақ жақсаң лаулаған. Қазақ деген жұрт едім Аққу-қаздан аумаған. Тағдырыңа алаң кім, Туған жердің тұнығы. Жаяу Мұса бабамның Тоқсан төрт жыл ғұмыры. Көктем көктеп... күз келген, Баянаула таулары. Ақшоқының біз көрген Алақандай аумағы. Қазақ үшін білгенім, Баянаула – бақ отау. Ашық болсын күндерің, Қаратау мен Алатау. Тарқамайтын тойым ең, Ұлы дала қорғаны. Үш Қиянның бойы мен Қызылжардың орманы. Өзегіндей өмірдің, Өлеңімді өргенмін. Киесі бар жерімнің – Иесі бар... Сол – менмін! Шайқалмаған ырысы, Сөнбейтұғын жақса оты. Бұл қазақтың дұрысы – Әр шоқысы – Ақшоқы. Желпілдемей түндігі, Тірлік кешкен жасымай. Бұл қазақтың шындығы Әр өзені – Жасыбай. Жаудың шықса жат үні, Қорғап ата мұраны. Жаяу-жалпы ақыны Алдаспан боп шығады. Тұнық көлдей тұнамын, Жерұйығым... талас көп. Күнге қарап тұрамын: – Алас, – Алас – Алас! – деп. Жаза алмаймын жарқын жыр, Тамылжымай таң нұры. “Ақ сиса” боп қалқып жүр Бар қазақтың тағдыры... Соңғы сөз немесе Жаяу Мұса ауылы Баянауыл бауыры, Ақбеттаудың етегі. Жаяу Мұса ауылы, Тектілердің мекені. Қапияда қапылдым, Сырын тыңдап сол маңның. Атын алған ақынның, Мұстапасы-ай, Шорманның. Көкірегі жыр-көрік, Кұшақ жайған бауыр көп. Жаяу Мұса жыр болып, Жаяу Мұса ауыл боп. “Ақ сиса” ақын, арың ба, айтты бізге сол әнің. Жаяу Мұса барында Мұстапалар боларын. Сансыраған санам мұң, Саңырау боп сорлайды. Бұқары жоқ заманның Абылайы болмайды. Өтер, өтпес бекер күн, Жапырағымды жаям да. Мен келермін, кетермін – Баян іздеп Баянға. Көкірегі күй далам, Айналайын, Ар мекен! Ақындарын қинаған Қазақтай жұрт бар ма екен?! Тартып туғам тегіме, Оман жұрттан ой аулап. Жаяу Мұса еліне, Келем талай жаяулап... Сал-серіге ылайық, Сарыарқаның сауыры. Қалды артымда мұңайып Жаяу Мұса ауылы... Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.